Бәйдібектік кәсіпкер Сәкен Қонысов істің көзін тапты. «Жұмыс жоқ» деп қарап отырмастан, несие алып, нартәуекелдікпен Шаянның ортасынан ойып тұрып «Тазалық» деген монша ашты. Жалпы аумағы 408 шаршы метрді құрайтын моншада бір мезетте 80 адам шомыла алады.
– Сонымен қатар айына екі рет аудан әкімшілігінің берген арнайы тізімі бойынша аз қамтамасыз етілген отбасылар мен ардагерлерге, жалпы 160 адамның тегін шомылуына жағдай жасамақпыз, – дейді кәсіпкер Сәкен Қонысов.
Шаяндықтар енді «Тазалық» моншасынан тек жуынып-шайынып қана қоймай, шай ішіп, бой сергіте алады.
Индустрияландыру картасы негізінде жалпы облыс бойынша 2012 жылы 29 жоба іске асырылған. Ал «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 170 жоба мақұлданып, 1699 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл 2011 жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр. «Максимум» АИО ЖШС-і арқылы 1693 жоба мақұлданып, жүзеге асырылған. Осылайша қосымша 9 мың жұмыс орны ашылып отыр.
Айтпақшы, моншаға кәсіпкер 31 млн теңге жұмсапты. 25 млн-ын «Максимум» АИО арқылы несиеге 7%-бен алған. Оған өзі тағы 6 млн қаржы қосыпты. Моншаға ауылдың 10 тұрғынын жұмысқа алған. Әрі сауапты әрі халыққа қажетті шаруаның көзін осылайша тауып отыр. Бұған жерлестері риза. Заманауи үлгідегі монша ауылда жоқтың қасы еді. Өзге ауылдағы кәсіпкерлер де Қонысовтан үлгі алса дейміз.
Бағлан БАЛТАЕВ
Суретті түсірген М.КӘТТЕБЕКҰЛЫ
Сәкен ҚОНЫСОВ, кәсіпкер
– 10 мыңға жуық халқы бар Шаян ауы-лында көпшілік шомылатын моншаның жоғы бізді қатты ойландырды. Онымен қоса басшылар тарапынан ұсыныс түсіп, соның арқасында 2011 жылдың қазан айында моншаның құрылыс жұмыстарын бастап, бас-аяғы 31 млн-нан астам қаржыға салып бітірдік. Алдағы уақытта әлі де кем-кетіктерін толықтай жөнге келтіріп, бильярд, шаштараз, бассейн секілді қосымша қызметтерді ашу ойда бар. Барлығы халықтың игілігі үшін. Сондықтан қарапайым жұрттың қалтасына салмақ салмау мақсатында моншаның ақысын ересектерге 200, балаларға 100 теңге деп белгіледік.
Шымкентте….
112 орам аталып кеткен шағын-ауданда «Жаңалық» атты» моншаны мақтайтындар көп. Бірнеше жылдардан бері сол аумақтағы тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан нысан, соңғы жылдары аумағын кеңейтіп, жазды күні шомылуға ыңғайлы етіп арнайы хауыз (бассейн) да ашқан. Сонымен бірге «Нұрсәт» шағынауданында жаңадан ашылған «Ануш» моншасын мақтайтындар аз емес.