Ана мен бала өлімі азайған жоқ ал Исмаилов «дәрігерлерге біліктілік жетіспейді» дейді

ОҚО әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының есебінен кейін құрылымға қарайтын нысандарды аралауға шықты

Өткен апта ОҚО әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмайловтың жылдық есебін тыңдады. Басқарманың қолға алуымен былтырғы жылы  60 шақты денсаулық сақтау нысаны салынып, ел игілігіне тапсырылған. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жасалған шаруалар да шаш етектен.  Ауылдық медицинаны дамыту мақсатында  өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен  қолға алынған «Саумал» жобасы да жемісін беріп жатыр. Дегенмен, халық оқ бойы озық медициналық көмекке әлі де зәру.

ОҚО әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының есебінен кейін  құрылымға қарайтын нысандарды аралауға шықты
ОҚО әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының есебінен кейін құрылымға қарайтын нысандарды аралауға шықты

Іс тетігін кадр шешеді. Бүгінде дәрігерлердің білімін жетілдіру – бірінші кезектегі мәселе болып тұр. Өткен жылы облысымыздың 303 дәрігері мен 223 ортабуын мейірбикесі қайта даярланған. 2844 дәрігер мен 4863 ортабуын мейірбике білімін жоғарылатқан, оның үштен бірі халықаралық деңгейде екен. Алайда, бұл сөз күйінде қалуда. Себебі, біліктілігін арттыру үшін дәріс алған дәрігерлер оқыған-тоқығандарын тәжірибеде көрсете алмай отыр. Басқарма алдағы уақытта мұндай медицина қызметкерлерін мониторингтік топтар арқылы бақылауға алмақ. Ана мен бала өлімінің дені де дәл осы маман қабілетсіздігінен орын алып отырғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, былтырғы жылы нәрестелер өлімінің көрсеткіші 16,6-дан 15,4-ке төмендегені байқалса, аналар өлімінің көрсеткіші 16,8%-дан 20,6-ға көтерілген. Қадағалау органдары осы мәселені зерттеп-зерделей келе былтырғы жылы перзентханада қайтыс болған 18 ананың 12-сінің өмірін сақтап қалу мүмкін болғанын анықтаған.

Жалпы, әйелдер денсаулығы ден қоятын мәселе болып тұр бүгінде. Себебі, өңірде өздігінен босануға қабілетсіз әйелдердің қарасы көп. Бүгіннің өзінде облыста арнайы ем-дом алғаннан кейін ғана босануға рұқсат берілетін алты мыңнан аса әйел есепте тұрады. Ал дәрігерлер денсаулық көрсеткіштерін саралай келе 60-тан аса нәзік жандыға «мүлде босануға болмайды» деген байлам жасаған. Алайда, дәрігерлердің нұсқауына құлақ асатын әйел болса-шы. Босануға қабілетсіз деп танылған әйелдердің арасында бүгіннің өзінде құрсағына бала біткендері қаншама. Дәрігерлер нәзік жандылардың ертеңіне алаңдаулы.

Жедел жәрдемнің де жайы мәз емес. Әсіресе, вирустық инфекция дендеген кезде жедел жәрдемдегілердің көмегі көп күттіртеді. Халық саны артып келеді. Соған сәйкес өңірде медициналық нысандардың жетіспеушілігі байқалады. Облыстың бас дәрігері Ж.Исмаиловтың айтуына қарағанда халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бізге әлі 200-ден аса нысан қажет болады екен.

Жасыратыны жоқ, санитарлық- эпидемиялогиялық қадағалау басқармасының шат-шалағай тірлігі де денсаулық саласының жұмысына кері әсерін тигізіп отырған жайы бар екен. Өңірде қаңғыбас иттер адамдарға ауыз сала бастады. Иесіз жүрген хайуандардың көбейіп кеткені соншалық, жыл басталғалы небәрі бір айдың ішінде 200-ден астам тұрғынды ит қапқан. Кезбе иттердің көзін құртуға қазынадан қыруар қаржы да бөлінген. Алайда, әзірге одан қайран болмай тұр. ОҚО әкімі А.Мырзахметов «осы мақсатқа қаралған 70 млн қаржы мақсатты жұмсалатын болса, бұл қаржыға бүкіл Қазақстанның қаңғыбас иттерін атып салуға болатын еді» дегенді құзырлы мекеменің бастығына қарата айтты. Қоғамдық тамақтану орындарына да бақылау болмай тұр. Соңғы кездері кафе-мейрамханалардың жұмысына наразы болғандар мен уланғандардың қарасы көп. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қоғамдық тамақтану орындарына жылына бар болғаны екі-ақ рет қадағалау шараларын жүргізуге құқылы. Ал басқа уақытта тек арнайы арыз-шағымдар негізінде ғана тексеру жүргізе алады. Қадағалау аралықтарының алшақтығы кәсібіне салғырт қарайтын бизнесмендердің жолын кесуге қолбайлау болып отыр. Қалай дегенмен басқарманың тамақтану орындарына сараптама жасап, сапасыз дәм ұсынып отырғандардың тізімін анықтайтын күн жетіп тұр.

Мақпал Рысбаева

Ал осы кезде…

ОҚО әкімі А.Мырзахметов денсаулық сақтау басқармасының есебінен кейін құрылымға қарайтын нысандарды аралауға шықты. Алдымен облыстық балалар ауруханасында болды. Бүгінде ауруханада ұлттық халықаралық тренинг-орталық жұмыс істейді. Орталықта дәрігер-мамандардың біліктілігін арттыру курстары өткізіледі. Мамандармен кездесу өткізген А.Мырзахметов дәрігерлер біліктілігін арттыру бағытындағы орын алып отырған бірқатар мәселелерге қанықты. Мамандардың сөзіне сенсек, жалпы, курстарды ұйымдастыруға қосымша 20 млн қаржы қажет екен. Алайда, облыс әкімі бұл ретте қаржылық қиындықтардың болмайтынын алға тартты. Және мамандар біліктілігінің сөз жүзінде емес, іс жүзінде арттырылуы тиіс екенін ескертіп, сапалы қызметтің көрсетілуін өз бақылауына алатынын қадап айтты.