Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында кәмелет жасына толмағандармен жасалған қылмыс саны өсіп барады. Өткен екі айдың өзінде өңірде жасөспірімдердің қатысуымен бес аса ауыр қылмыс тіркелді. Мектеп оқушылары адам өлтіру, жаппай атыс қаруын қолдану сияқты асқан қатыгездікке барған. Қазір жеті жасөспірім осындай әрекеттері үшін уақытша тергеу абақтысына қамалды.
Қараша айында Сарыағаш ауданыдағы орталық саябақта бес мектептің оқушылары өзара ерегісіп, кикілжіңді суық қарумен шешпек болған. Нәтижесінде екі балаға бытыра оғы тиіп, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Кейін анықталғаны М. Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары қаладағы өзге төрт білім мекемесінің балаларына қоқан лоққы көрсетпек болған екен. Қазір қылмысты ұйымдастырғандар уақытша тергеу абақтысында жатыр.
Аудан орталығындағы Исмайлов мектебінің 10-сынып оқушылары бір-бірінің күшітілігін дәлелдеу үшін атысуға дейін барған. Салдарынан екеуі де жарақат алыпты. Бірақ науқастығына қарамастан олар да уақытша абақтыға тоғытылды. Дәл осындай жағдай Қошқар-ата ауылында да орын алды. Ондағы екі мектептің оқушылары отырыстан соң ұрыс шығарып, бір-біріне оқ жаудырған. Осылайша төрт жасөспірімге оқ тиіпті. Сондай-ақ кәмелет жасына толмаған тағы екі бала жаңа жыл күні таксисті тонап қарумен қорқытса, енді бірі көлік иесін пышақтап тастаған тастаған. Алайда кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыспен күресуге өңірдің білім саласы мамандары былай тұрсын, ішкі істер қызметкерлері де дәрменсіздік екенін айтады.
ТАЛҒАТ ОҚАШОВ — САРЫҒАШ АУДАНДЫҚ ІІД БАСТЫҒЫ
— Мынау пәленше баласын тәрбиелемеді. Сол себепті осыны көріңіздер. Жиналысқа салыңыздар деп ұсыныс бере аламыз. А так баласы қылмыс жасағаны үшін ата-анасын жауапқа тарта алмаймыз.
Қазір бұл оқиғалар бойынша бұзақылық, заңсыз қару алып жүру және адам өлтіруге оқталу баптарымен қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал жас қылмыскерлер білім алатын мектеп басшыларына шара көріле бастапты.
ФАЙЗУЛЛА ТҰРЫМОВ — САРЫАҒАШ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ
— Осы жасы кәмелетке толмағандар оқитын оқу орнының директорларының жауапкершілігін шешу мақсатында аудандық білім бөлімінің басшылығына ұсыныс енгізілді. Ұсынысты қарау нәтижесімен төрт мектептің директоры атқарып отырған қызметінен босатылып, ал қалған төртеуі жауапкершіліктен құтылу мақсатында еңбекке жарамсыз парағын ашып, қазіргі таңда емделуде.
Сонымен қатар қадағалау органы өкілдері мектеп инспекторларының жұмысын да қатаң сынға алып отыр. Енді өздігінше ауыл-ауылдарда арнайы рейд ұйымдастырып, түнгі мезгілде ата-анасынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтап жатыр. Осылайша кәмелет жасына толмағандарың қылмысымен күреспек.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=5LOHzt7Bs0A[/youtube]