Имансыз «имам» жамағаттың сенімін ақтамады

518
Бұл адам факторынан туындаған оқиға - дейді дін өкілдері
Бұл адам факторынан туындаған оқиға - дейді дін өкілдері
Бұл адам факторынан туындаған оқиға – дейді дін өкілдері

Сайрамдағы сұмдық. Осы ауданға қарасты Қайнарбұлақ ауылының имамы қыз зорламақ болды. Ол арам тірлікке Алланың үйі мешіт маңында барған. Қазір діндар құқық органдарымен құрықталып, кінәсін толық мойындап отыр. Осы оқиғаға байланысты бүгін Әбдулхамит Қаттани атындағы облыстық мешіт өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Айтуларынша 26 жастағы жігіт, мешітте имам ретінде тіркелген емес.

12 жастағы қызды зорламақ болған имам Қайнарбұлақ елді-мекеніндегі дәл осы «Насрүллах» мешітінде қызмет етіп келген. Қыркүйек айында ашылған ауыл мешітінде әлі күнге дейін имам жоқ екен, сосын әлгі опасыздық жасаған жігітті өздері имам етіп сайлап алыпты.

Талғат Юсупов, Қайнарбұлақ елді-мекенінің тұрғыны: «Намаз оқитындардың арасында ілімі бар тек сол кісі болды. Сондықтан жамағат болып, сайлап алдық. Артынан ердік, ал енді мұндай әрекетке барды ма, бармады ма оны тек Алла біледі».

Бұл оқиға ҚМДБ-сының өңірлік өкілдігін де аяғынан тік тұрғызды. Облыстың бас имамы егер әлгі азамат ауылдың имамы бола тұра осындай әрекетке барса орнымнан кетуге дайынмын деп мәлімдеді. Бірақ нәпсіқұмарлығын тия алмаған азамат имам болып ресми түрде тағайындалмаған болып шықты.

Бейбіт Мырзагелдиев, облыстың бас имамы: «Ол кісі ол ауылдың имамы емес. Қауымдастықтың да бұйрығы жоқ. Мешіт өткен жылдың қыркүйек айында ашылған. Ақтөбелік бауырымызды имам етіп, тағайындаймыз деп едік, ол кісі келіспеді. Оның үстіне имамдыққа тағайындау оңай шаруа емес».

Ауылдағы жамағат өздері имам деп қабылдаған азаматтың имансыз болып шыққанына әлі сене алмай отыр. Оның мұндай әрекетке баруы мүмкін емес деп жағасын ұстайды.

Некелі әйелі, баласы бар мешіт қызметкерінің үстіне арыз түскенше, алла үйінің бір бөлмесін отбасымен бірге паналап келіпті. Бірақ, бұл бөлме бүгін бос. Керек десеңіз, мешіттен тірі жанды таба алмайсыз. Ал алла үйінде арам ойын жүзеге асырмақ болған тырнақша ішіндегі имамның Үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Дінге жат әрекет жасаған 26 жастағы жігіт қамауға алынды. Оны 2 айға құрықтау жөнінде санкция берілген. Ол өз кінәсін мойындап, оған өкінетіндігін жеткізген. Айтуынша мешіт маңында қызға емінсектік жасаған екен.