«Шымкенттік болғаныма қуанамын»

Берік Уәли (Құрманғали), ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы:
Берік Уәли (Құрманғали), ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы:
Берік Уәли (Құрманғали), ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы:

«Оңтүстік Рабат» газетінің  «Шыныңызды айтыңызшы…» атты тұрақты айдарының бүгінгі қнағы, ОҚО әкімі апарат басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі Берік УӘЛИ (Құрманғали).

– Берік аға, ұлттың ұйытқысы болған Оңтүстікке келіп, қызмет етіп жатқаныңызға 5 айдың жүзі болыпты. Шымкентке сырттан келген шенеуніктердің бірісіз. Білмейтін оқырмандарымыз біле отырсын, қайдан, қандай қызметтерді атқарып келдіңіз Оңтүстікке?

– Бұған дейін бірқатар баспалдақтардан өткенім бәріңізге мәлім. «Таң», «НТК», «31 арнада» жұмыс істедім. «Хабар» телеарнасының «Үкімет пен әлеумет», «Бетпе бет» бағдарламаларында және жаңалықтар бөлімінде қолтаңбам қалды. Одан бөлек, «Нұр Отан» ХДП жемқорлыққа қарсы күрес медиа орталығына жетекшілік еттім. Телеарнадағы қызметіммен бірге, медиа орталықтың жұмысын жандандыруды қоса-қабат алып жүргенім бар.

– Мұнда келуіңізге кімдер ықпал еткенін білгіміз келеді? 

– Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратынан осындай ұсыныс түсті. Ойлана келе, өңірлердің дамуына өз үлесімді қосуға шешім қабылдадым. Мен үшін еліміздің әр аймағының орны бөлек. Елбасының өзі ауыл-аймаққа барып, халықпен етене жұмыс жасаңдар деген жоқ па? Қазақстанның әр аймағы, әр жері – әр қазақтың отаны. Негізінен, Оңтүстік өңірінде қазақтың батырлары, билері, шешендері мен әулиелерінің сүйегі жатыр. Бұрын қазақтың ордасы болған өлке. Бір жағынан Астанадағы тілеулес, ниеттес ағаларымның сөздерін жерге қалдырғым келмеді. Расын айтқанда, жанашыр ағаларым Оңтүстіктің мектебінен өтіп, өз біліктілігіңді сынап көр деді. Олардың пайымынша, «сынақтан» аман-есен өтсең, басқа жерде қызмет істеу қиындық тудырмайды дегенге саяды. Міне, «Құлаш ұрдым қиырға, жүзіп шықсам қиын ба» деп ақын ағамыз жырлағандай, тәуекел деп қызмет істеп жатырмыз.

Шыны керек, Оңтүстіктің өз ерекшеліктері бар ғой. Халық санының тығыз болуымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының қатары қалың. Бір байқағаным, қым-қуыт тіршілігі қайнап жатыр. Соған қарамастан өңір басшысы Асқар Исабекұлының атқарған жұмысы жетерлік екен. Өкінішке қарай, жергілікті һәм республикалық басылымдарда атқарылған жұмыстар дұрыс насихатталмай жатқандығын аңғардым. Қыркүйекте жұмысқа кіріскенімде осыған көзім жетті. Шынайы әрі нақты істер халыққа көрсетілуі тиіс емес пе? Аппарат басшысының орынбасары, баспасөз хатшысы болып келгендегі міндетім осы жұмыстарды насихаттау, халық пен биліктің арасында алтын көпір болу еді. Сол себепті республикалық басылымдардың тілшілерін шақырып, баспасөз турын ұйымдастырдық. Нәтижесі бар секілді.

– Ел арасында Оңтүстік жайлы түрлі пікірлер бар. Кейбіреулердің «Шымкент» десе шамырқанып шығатындығын көріп жүрміз. Сіздің пікіріңіз қалай? Өңірімізде жүрген аз уақыт ішінде шымкенттіктердің қандай ерекшелігін аңғардыңыз? 

– Бұрын телеарнада істеп жүргенімде іссапарлармен жиі-жиі келіп тұратын едім. Көптеген достарым осында. Ашығын айтайын, мұнда келуге шешім қабылдауым сол іссапарлардың нәтижесі шығар. Оңтүстік жұртшылығының бауырмал, ақжарқын екендігін бұрыннан білетінмін. Кішіпейіл, қонақжайлылығы басым. Қыз-келіншектері ибалы болса, ер-азаматтары адамның көңілін таба біледі. Оңтүстік – нағыз шығыс менталитетінің өкілдері. Ал батыс, солтүстік, шығыс өлкелері осы менталитеттен ажырап қалған, өкінішке қарай. Содан кейін көпшілік жабыла шымкенттіктерді өзбекке «теңеуге» құмар. Шын мәнісінде, Оңтүстіктен үйренеріміз көп. Бұрынырақта бір ақын ағамыздың «Он төрт облыстың қызы Оңтүстікке келін бола алмайды. Ал оңтүстіктің қызы 14 облысқа келін бола алады» деп айтқаны бар. Міне, гәп қайда жатыр. Бұл салт дәстүрді берік ұстанғандығы, бойына сіңіргендігі ғой. Одан кейін еңбекқорлығы сүйсінтеді. Мәселен, Астана, Алматыда жұмыс істеп жүрген шымкенттіктер. Өзге өңірлерде де солай. Бұл жастайынан еңбекке араласып, тіршілікке бейім болып кететіндіктің арқасы. Қазақтың біртуар ұлы Д. Қонаевтың да Оңтүстікке деген ықыласы ерекше болғанын жақсы білеміз.

– Сонда да сізді «сырттан келген» деп шеттетулер болған шығар…

– Мен адам жатырқауды білмеймін. Менің табиғатым сондай. Көпшілікпен, жаңа ортамен тіл табысуым тез. Өзімді ақкөңіл, ашық-жарқынмын деп есептеймін. Сондықтан да мені сыртымнан сынап-мінеп, теріс пікір айтып жатса да елемеуге тырысамын. «Аққа Құдай жақ» дейді ғой. Кімнің ақ екендігіне уақыт төреші. «Ит үреді, керуен көшеді» демей ме. Кіммен болса да, қарым-қатынасым теңдей. Сол себепті, «шымкенттік» болып кеткеніме біраз болды.

«Астанада жүрген шымкенттік жігіттермен жолығысқанда «жерлесіміз келді» деп қуанатыны ұнайды маған»
«Астанада жүрген шымкенттік жігіттермен жолығысқанда «жерлесіміз келді» деп қуанатыны ұнайды маған»

– Өңірдегі баспасөздің даму қарқыны қалай екен? 

– Бәрімізге белгілі, бұқаралық ақпарат құралдарының саны жөнінен Оңтүстік Қазақстан облысы көшбасында. Бірақ сапа жағы ақсаңқырап тұрғаны рас. Мәселен, газеттердің көпшілігі республикалық деп айдар тағады да, жазылған мақалалар облыстың төңірегінде ғана. Осы орайда айтқым келгені, кезінде республикалық деп өңірден шыққан бір газет бар еді. Ақтөбеден шыққан «Алтын орда» газеті еліміздің түкпір-түкпіріне таралып, әр аймақтың мәселесі көтерілетін. Атына заты сай бола білді. Ал шымкенттік газеттердің өзге өңірлерде таралымы аз. Тек Астана, Алматыдан ғана бірен-саран табарсыз. Мұндағы кемшіліктің тағы бірі – тұрақты авторлардың жоқтығы. Сонымен қоса, журналистердің этикасы да ойландырарлық. Бір-біріне өштескен басылымдар да жоқ емес. Әрине, бәрі осындай деу орынсыз. Сүбелі, салмақты ой қозғайтын газет-журналдар да бар. Алдымда, міне, қанша газет жатыр. Соның бәрін оқып, сүзіп шығуым керек. Жалпы өңір туралы не жазылып жатқандығына қанығуымыз ләзім. Өзім газетке жазылу науқаны кезінде келіп, елімізден шығатын қоғам айнасының бәріне жазылуға ықпал еттім.

Мұнан бөлек, кешке «Отырар», «Айғақ», «Қазақстан-Шымкент» телеарналарының жаңалықтарын тамашалаймыз. Одан кейін таңертеңгі жиналыста айтылған мәселелер талқыланады. Осының бәрін облыс басшысына дер кезінде жеткізіп хабардар етіп отырамыз. Ал жалпы қазақ баспасөзінің дамуын алып қарайтын болсақ, ең әуелі айтарым, жақсы істен үмітімізді үзбейік. Сайып келгенде, сауданы, кәсіпкерлікті де игеріп жатқан қазақ емес пе. Міне, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында да алға ілгерілеу бар. Әлемдік озық технологияға көшіп жатырмыз. Қазақ журналистерінің жетістігі шығар, «Қазақстан» Ұлттық арнасы бүгінде тек қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Осыдан бес жыл бұрын осылай боларын кім ойлапты. Осы қарқыннан ауытқымасақ, қазақы болмысымызды айқындаудың мүмкіндігі зор. Әрине, қазіргі журналистерде мүмкіндік мол. Ғылым мен технологияның игілігін дұрыс пайдалана білсе болғаны.

Мәселен, біздер жазу-сызуды бастағанда ұялы телефон жоқ еді. Пейджердің өзіне екінің бірі қолы жетпей жүрген. Ал қазір ше? «Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылатын» заман. Қажет ақпарларыңның бәрі ғаламторда самсап тұр. Дегенмен, мені мына бір жағдай ойландырады. Қоғамымызда интернетке иек сүйеп алған журналистер қауымы да жетерлік. Бұл қауіпті дерт. Негізінен журналистердің қалыптасып, шыңдалатыны іссапарлар емес пе? Олар ғаламтордан көшіріп алып, «дайын асқа, тік қасық» болып отыра бергісі келеді. Қаптаған ақпарат агенттіктерінде де осы «сырқат». Газеттерге шыққан материалдарды аз-маз сараптап беруге құмар.

– Жасыратыны жоқ, отандық телеарналардағы бағдарламалар хақында сыни-пікірлер соңғы кездері жиіледі. Арасында «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жатқандары да жоқ емес. Осы жөнінде айтарыңыз бар ма?

– Әрине, «біткен іске сыншы көп» демекші, біздегі бағдарламаларға қатысты айтылар ой көп. Басым бөлігі отбасы, әншілер төңірегіндегі хабарлар ғой. Бұл тек бізде ғана емес, Ресейде де «асқынып» тұр. Ал қоғамдық-саяси бағыттағы бағдарламалар жоқтың қасы. Дегенмен, әлеуметтік бағытта сәтті жобалар кейінгі кездері шығып жатқанын айта кеткім келеді. Мәселен, рейтингі жоғары бағдарламалардың бірі «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» ток-шоуы. Бейсен Құранбектің талпынысы көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Бейсенмен «31 арна», «Хабар» арналарында бір редакцияда жұмыс істедік. Оның қабілет-қарымын жақсы білемін. Білікті, білгір азамат. Қазақ журналистикасын төрге сүйреп жүргендердің бірі. Сол секілді «Біз» бағдарламасының аяқ алысы сүйсінтеді. Енді көпшіліктің талқысына түсіп жүрген жайды айтайын. Кейінгі кездері әншілер бағдарламалардан түспейтін болды. Мені ойландыратыны осы. Қай арнаны қоссаң да, таңнан кешке дейін көрсететіні «жұлдызды» жүргізушілер мен қонақтар. Былайша айтқанда, елімізде тек әншілер өмір сүретіндей.

Бұл жағдайдың тигізер зардап-залалдарын бәріңіз білесіздер. Біріншіден сол арнаның беделіне нұқсан келтірсе, екіншіден әнші сұхбатқа ілесе алмай, өзінің сауатсыз екенін көрсетіп алады. Олар көзі ашық көрермендермен санасар емес. Әрине, жүргізуші әнші болса, өзінің бағдарламасына әншіні шақырмағанда қайтсін? Біздің білікті дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдар, құрылысшылар, инженерлеріміз қайда? Неге олар эфирден көрінбейді? Әншілердің бәрі осындай деуден аулақпын, әрине. Мәселен, «24 KZ» арнада Аша Матай деген «журналист» тарихшымен сұхбаттасып отыр. Әнші мен тарихшының арасындағы әңгіме қандай боларын бағамдай беріңіз. Ол әдемі, дене сымбаты келіскен шығар. Бірақ әркім өз ісімен айналысуы керек қой. Сұхбатты әншілермен жүргізсе келісер едім. Мысалы, Жұбаныш Жексенұлының «Ән жұмбақ» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып жүр.

– Айтыңызшы, телеарнаға қайта барғыңыз келмей ме?

– Бәрін де уақыт көрсетер. Осы қызметіммен қатар, бір бағдарламаның тізгінін ұстау ойымда бар. Егер уақыт болып жатса, алдағы уақытта қайта эфирден көрінуім мүмкін. Өйткені мемқызмет туралы заңда шығармашылықпен айналысуға рұқсат берілген. Депутат болып жүріп Ғ. Қасымов, Д. Клебанова сынды халық қалаулылары бағдарлама жүргізген болатын.

– Шенеунік пен журналистің қандай айырмашылығы барын бағамдап үлгердіңіз бе? Аудандардағы әлеуметтік нысандардың ашылу салтанаттарында Сіздің лента қиып жататыныңызды байқаймыз…

– Сауалыңыз түсінікті болды. Расында да маған тек баспасөз хатшысы деп қарайтындар баршылық. Бірақ мен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасарымын да. Бұл қызметтің аудандардағы жаңадан бой көтерген нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімдігінің атынан барып, қатысуыма рұқсат беретіндігі бар. Негізі екі қызметтің де мойныңа жүктелер жүгі ауыр. Қателікті кешірмейді. Журналист халықты сусындатып отырған ақпараттың шынайылығына жауап беруі тиіс. Ал мемқызметкер салық төлеушілердің есебінен жалақы алып отырғандығы белгілі. Сондықтан халықтың мұңын мұңдап, билік пен халықты бір-бірімен жақындастыра алсақ, міндетіміздің орындалғаны.

– Расында да кейбіреулер баспасөз хатшысы болуға құмар. Олар осы арқылы мемқызметке топ ете қаламыз деп ойлайтын болар…

– Әркімнің мақсат-мүддесі әрқалай. Қай іспен шұғылданамын десе өз еркі. Расында мен мемқызметкер болуға ұмтылғаным жоқ. Журналистика саласының жүгін көтергеніме жиырма жыл болыпты. Әлі де болса саланы дамытуда шапқылап жүрмін. Өзімді мемқызметкер ғана емес, шығармашылық адамымын деп те айтқаным дұрыс болар. Білесіздер, қазір де шынайы ақпаратты халыққа жылдам жеткізу басты мақсат-міндетім, билік пен бұқара арасында алтын көпір болу.

–Бүгінде бірқатар облыста журналис-тер үйі бар. Ақпарат құралдары басым біздің өңірде де қаламгерлердің үйі болуы керек-ау…

– Ойланатын жақсы идея. Алғаш келгенімде осы жобаны Берік Серікұлына айтқан едім. Белгілі себептермен елеусіз қалды. Алдағы уақытта тағы да көтереміз. Журналистер қауымын бір орында шоғырландыру құптарлық іс.

– Қызмет барысындағы ой-жоспарларыңызбен бөліссеңіз. 

– Болашаққа жоспар көп. Ең әуелі еліміздегі, облыстағы ақсап жатқан жұмыстарды тезірек жоя- тын ауқымды жобаларды қолға алу. Мәселен, жергілікті «Қазақстан – Шымкент» телеарнасынан жаңа бағдарлама ашсақ дейміз. Сол арқылы шешімін таппай жатқан мәселелердің тезірек шешілуіне ықпал ету.

– Облыс әкімімен етене жұмыс жасайсыз. Асқар Исабекұлын көпшілік іскер, стратег басшы ретінде біледі. Біз білмейтін тағы қандай қырларын байқадыңыз?

– Облыс басшысы кез келген сауалды үлкен-кіші деп бөле жармайды. Жұмыстың көзін тапқыш, талапшыл. Одан кейін есте сақтау қабілеті өте жоғары. Өткен істерді ұмытпай, үнемі есіңе салып отырады.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ