Түрмеден шартты түрде ерте шығатындардың ісінде мұқияттылық қажет

318

түрмеЖазасын өтеушілерді темір тордан мерзімінен бұрын босату кезінде салғырттықтарға жол берілген! Бұл туралы облыстық сотта айтылды. Судьялар, әсіресе, үлгілі тәртібіне байланысты абақтыдан мерзімінен бұрын шығарылатындардың арасында кісі өлтіргендер мен зорлаушылардың кетіп қалмауын қатты қадағалауды қадап айтты.

Өткен жылы облыс соттарында мерзімінен бұрын түрмеден босатуға байланысты 873 іс қаралып, 586-сы қанағаттандырылған. Мұндай санаттағы істер негізінен Төлеби аудандық, сондай-ақ, Шымкенттегі 3 бірдей сотта қаралған. Дегенмен осы істерді рәсімдеу барысында қылмыстық атқару жүйесі салғырттықтарға жол береді дейді судьялар.

Нұрмахан Жорабеков, Төле би аудандық сотының судьясы: «Жазаның өтелуін қадағалаушы орнындағылар атқару парақтарын дұрыс толтырмайды. Жазасын өтеушілердің мекен жайын көрсетуде де олқылықтар бар».

Қылмыстық атқару жүйесіндегі олқылықтар бір бұл ғана емес. Судьялар сынға ұшыраған мекеме қызметкерлеріне түрмеден шартты түрде бостандыққа жіберілетіндерге берілетін мінездемені қалыптасқан көшірмемен – тисе терекке, тимесе бұтаққа етіп жазбай, толыққанды сипаттауды сұранды.

Талғат Қахаров, Әл Фараби аудандық сотының судьясы: «ҚР Қылмыстық кодексінің 120,121-баптарында көрсетілген зорлық зомбылық жасап, сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату  мәселесіне аса сақтықпен қарау қажет. Сосын түзеу мекемесіндегілер  бостандыққа шығарылатындардың мінездемесіне мұқияттылықпен қараса. Бәрі де  орысшалап айтқанда»шаблон» секілді. Бірінің мінездемесін біріне көшіріп жазып бере салғандай.  Сотталғандармен түрме қызметкерлері күнде бетпе бет жұмыс жасап, олардың қыр сырына қанық қой. Ал судьяңыз 1 сағаттың айналасындағы уақыт ішінде шешім шығарады да жібереді.  Жазасын мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға жататындардың әрқайсынына әр бөлек , толықтырылған мінездеме жазып беріңіздерші айналайындар-ау. Сот жүйесі мен түзеу мекемесі әкімдігі  бірлесе жұмыс жасайтын болса, көпсериялы қылмыстар да болмас еді».

Адам тағдыры таразыға салынатын істердің хаттамасына қол қоюға келгенде құзыретті орындардың өкілдері құлықсыздық танытады. Құжаттағы қателіктер тіпті судья мен прокурорыңызға да түк тұрмайды.

Ыбырай Мәтібаев, облыстық соттың судьясы: «Айта берсең мысал да көп. Өткенде  бір хаттамада судьяның қолы да қойылмаған. Ал кейбір қаулыда  мысалы, жазасын өтеушінің фамилиясы Иванов болса, негізі аты- жөні мүлдем басқа. Хаттамада қол қойылған болса болды алады да судья да қол қоя салған. Жазасын өтеушінің өзі айтып отыр менің тегім дұрыс көрсетілмеген деп. Мұның бәрі компьютерде кеткен қате болуы да мүмкін. Дегенмен, бұл мәселеге жіті мұқият болуымыз қажет. Мұндай өрескел қателіктер бізге ұят іс. Әрбір құжатта адам тағдыры тұр».

Шартты түрде темір тордан құтылып, бостандықта тайраңдайтындар да аз емес. Әсіресе, адам зорлағандар мен кісі өлтіргендердің бостандыққа ерте шықпауын қадағалау қажеттілігі қадап айтылды басқосуда.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=RHAdMJUFDho[/youtube]