Еліміздің білекті балуандары Шымкент төріне жиылды. Күрестің үш түрі бойынша 13-і күні басталған ел чемпионаты 17 -ші наурызда мәресіне жетеді. Балуандар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда бас қосты. Биылғы ел чемпионатына кілең ығай мен сығайлар шақырылыпты.
Таңат Сағындықов баптайтын «классиктердің» арасында жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, Азия чемпионатының жүлдегері және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Эльдар Қайратов сынды жампоздар бар.
Еркін күрес шеберлерінің тізімінде де мықтылар көп. Бір байқағанымыз, белді балуандардың бірқатары салмақ ауыстырыпты. Мәселен, әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков 60 келі, әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы Дәурен Жұмағазиев 66 келіде белдеспек. Тіпті, Лондон ойындарының қола жүлде иегері Ақжүрек Таңатаров та 74 келіде бозкілемге шығады.
Айта кетейік, ел чемпионатында топ жарғандар келесі айда Үндістанда өтетін Азия біріншілігіне қатысуға мүмкіндік алмақ.