Шымкентте масаға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін қала бюджетінен 30 млн. теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, зиянкестердің көбеюінің алдын алу үшін өңдеу шаралары су айдындарына жақын аумақтарда, арық-атыздарда, саябақтар мен гүлзарларда қарқынды жүруде. Ал, қала тұрғындары мұндай игі жұмыстар түнгі уақытта жүзеге асырылуы тиіс деп отыр. Өйткені адамдарға зияны тиіп кетуі ықтимал дейді. Жауаптылар не дейді?
Дезинсекция жұмыстары арнайы бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл шаралар масаның санын азайтып, түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупін төмендетуге бағытталған. Қазіргі таңда мамандар саябақтар мен гүлзарларда тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Алайда, қала тұрғындары мұндай залалсыздандыру жұмыстары айналада адам жоқ кезде жүзеге асырылуы тиіс деп отыр.
ӘЙГЕРІМ БЕЙСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Дезинфекцияға жеке басым қарсы. Өйткені күндіз адам көп жүреді. Түнге қарай істесе дұрыс болар еді».
РАХИМА МҰСТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Негізі мен де қарсымын. Адам жоқ кезде істегені жақсы. Кішкентай абалалар жүреді. Мен өзім дезинфекциядан уланған кезім болған. Сондықтан, мен өзім қатты қарсымын».
Ал, мамандардың айтуынша, дезинсекциялау жұмыстарының тұрғындарға тигізер зияны жоқ. Сондықтан, жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынады.
ҚАНАТ ЕРБОЛҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Аталған залалсыздандыру жұмыстарына тиаметринг препараты арқылы залаласыздандыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл адамдардың аз кезі, яғни түскі уақытта жұмыс жасауға тырысамыз. Адам азайған кезде жүргіземіз. Бұл препараттың адамдарға кері әсері болуы мүмкін. Бірақ, сәл мұрын ашу болуы мүмкін. Бірақ, қатты зияны жоқ».
Айта кетейік қала бойынша 14 саябақ, 37 өзен-канал, сонымен қатар, 45 гүлзар-аллеялар бар. Жалпы масаға қарсы залаласыздандыру жұмыстары 30 наурыздан, ал кенеге қарсы дезинсекциялау 26 наурыздан басталған. Ол үшін қала бюджетінен 65 млн. теңге жұмсалып отыр.
Нұргүл Жолымбетова






