Бозбаланы сыныптасы атып өлтірді

383
Көршілерінің барлығы Владиславты елгезек бала еді дейді
Оқиға орнынан түсірілген кадр
Оқиға орнынан түсірілген кадр

Ойынның түбінен өрт шықты! Шымкентте 18 жасар бозбаланы бұрынғы сыныптасы атып өлтірді. Оқиға қайтыс болған жігіттің дәл үйінің алдында орын алған. Күдікті жігіт ойнап отырып, қарудан абайсызда оқ атып жібереді. Сөйтіп, жарақат салатын тапаншадан атылған оқ Владислав Сухомлинов есімді баланың алқымын тесіп өткен. Салдарынан жәбірленуші бозбала оқиға орнында есін жимаған күйі құлайды. Көршілер тез арада полицияға да, жедел жәрдем дәрігерлеріне де хабар береді. Олар шұғыл келіп жеткенімен, өкінішке орай, жас жігіттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Көп қан жоғалтқан Владислав сол жерде мерт болған.

Гараж қабырғасында қан дақтары көрініп тұр
Гараж қабырғасында қан дақтары көрініп тұр

Оққа ұшқан Владиславтың әжесі күні бойы көз жасын тыя алар емес. Күні кеше ғана немересін үйден өзі шығарып салып еді. Бүгін мүрдесін әкелді. Алайда қария әлі де болса құлынының о дүниелік болғанына сенер емес. Сенбі күні кешкісін жұмыстан келген Владислав кешкі асын ішер-ішпестен далаға жүгіріп шығып кетіпті. Құрдастарымен кездесуге  кетсе керек. Алайда, бұл – соңғы кездесуі екенін білмепті. Алла Горелованың айтуынша, арада жарты сағат уақыт өткенде даладан айқай-шу естіледі. Балконнан шығып қараған сәтте көршілері немересінің оққа ұшып өлгенін айтады. «Қалай төменге түсіп, оқиға орнына барғанымды білмеймін дейді» Алла әжей. Келе сала қанға бөккен немересінің үстіне құлапты. Содан бері әлі өзіне-өзі келе алар емес. Қайта-қайта үлкен қызының ұлы – Владиславтың фотосуреттерін қолына ала береді. Ендігі қалған естелігі – осы ғана.

Владиславтың жасы әлі 19-ға толмаған
Владиславтың жасы әлі 19-ға толмаған

 

Ал оқ атқан жігіт – марқұмның сыныптасы. 9-сыныпқа дейін бірге оқыған. Құрдасын атып жіберген соң оқиға орнынан қашып кеткен жоқ. Қазір ғана алдында тұрған сыныптасын атып жіберген ол қатты қорқып қалса керек, «Владты мен өлтірдім!» деп айқайлай беріпті. Дегенмен, тапаншаны гараждың үстіне лақтырып үлгерген. Оны кейін 4 оғымен полицейлер тауып алды. Ал тергеу барысында күдікті жігіт «біз ойнап тұрғанбыз. Мен аяғымды Владтың иығына қойған сәтте ол қалтасынан тапаншаны алып шығып, менің бетіме тақады» дейді. «Атып жібермесін деп қорқып, тапаншаның ұңғысын Владтың өзіне қарай бұрдым. Сол сәтте оқ атылып кетті» деп ақталады қолға түскен жасөспірім.

 

Алайда, оқиғаның қалай болғаны көрген куәгерлер бар. Солардың бірі – Богдан есімді көрші. Ол қару оқ атқан жігіттің қолында болды деп отыр.

Оқиғаның куәгері - Богдан
Оқиғаның куәгері – Богдан

 

«Мен кешкі сағат 7-ден асқанда үшінші қабаттағы пәтердің балконына шықтым. Сонда шекілдеуік шағып тұрғанмын. Қарасам, төмендегі гараждың жанында бір топ бала тұр. Олар күнделікті көріп жүрген таныстарым болғандықтан, аса мән берген жоқпын. Біраздан кейін олар өзара алысып, ойнай бастады. Сонда Бексұлтан есімді жігіт Владты теуіп еді, ол Бексұлтанның аяғынан ұстап қалды. Ал ол қолында ұстап тұрған тапаншаны алып, Владтың мойнына тақап, атып жіберді».

 

 

 

 

Қазір осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кімнің кінәлі екенін тергеу ісі толық аяқталмайынша алдын ала жариялау мүмкін емес дейді полицейлер. Ал 18 жастағы Владиславтың денесі бүгін жер қойнауына тапсырылды.

Жас жігіттің өмірін қиған оқ дәл осы тапаншадан атылған
Жас жігіттің өмірін қиған оқ дәл осы тапаншадан атылған

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=evrexUUohRA[/youtube]