Оңтүстіктің жастары өз құқын білмейді

Сайлау
Сайлау
Оңтүстікте жасы 29-ға дейінгі жастардың саны 800 мыңды құрайды

Жастар сайлауда дауыс беруге белсенді болуы керек. Еліміздің аталған саяси дода бойынша бас сарапшысы Венера Жексембекова облыстағы кәмелетке жаңа толған студенттерге арнайы сайлау куәлігін табыстады. Енді бұл замандастарымыз да республикамызда болып өтетін кез келген саяси науқанда өз таңдауын ашық жасауға құқығы бар. Сөйтіп, Оңтүстікте «жас сайлаушылардың» қатары тағы 15 азаметпен толықты.

Венера Жексембекова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының бас сарапшысы: «2005 жылы жастардың 35-40 пайызы сайлауға белсенді қатысты. Ал 2012 жылы жалпы көрсеткіш 35 пайыздан 70-ке дейін өсті. Енді келесі сайлауда ортақ таңдауда дауыс берушілердің үлес пайызы 100 пайыз болса, ол үлкен шара деп айтуға болады».

Оңтүстікте 29 жасқа дейінгі жастардың саны 800 мыңды құрайды екен. Ал оның кәмелет жастан асқаны 70 пайызға жуықтайды. Бірақ олардың басым көпшілігінің саяси белсенділігі төмен. Немесе, өз құқын құрметтемейтіндер санатына жатады екен. Бұл пікірді осы сала бойынша хас маман облыстағы сайлау комиссиясының төрағасы айтып отыр. Тіпті, оның сөзін депутаттардың өзі де қуаттайды.

Берік ТОРҒАУЫТОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Біздің жастар қанша көп болғанымен сайлауға қатысуы төмен болып келе жатыр. Көбісі, сайлау туралы ештеңе білмейді. Заңды да білмейді болса да. Содан кейін оны өзіне керек емес мәселе етіп санайды. Оның қолында үлкен құқығы бар екенін, өз құқының маңызды екенін білмейді. Сол үшін біз кішкене оятуымыз керек қой жастарды».

Мадияр ОРАЗӘЛИЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты: «Менің әкем Мұхтар Оразәлиев мен 18-ге толғанда сайлау уақытында, Елбасыны сайлаған кездерде, жергілікті депутаттарды сайлау кезінде азанда тұрып, ең бірінші сайлауға апаратын еді. Неге? Себебі, әкем сол сайлауда жүріп, бізді де соған үйретті. Қазіргі таңда жастар, мен депутаттыққа сайланған кезде де байқадым сайлау десе қолын бір сілкиді. Неге? Себебі, менсіз де сайлау өтеді деп айтады. Бұл дұрыс емес. Біз өзіміздің депутатты, Елбасыны өзіміз таңдауымыз керекпіз. Біз сайлауға міндетті түрде бару керекпіз. Ол біздің құқығымыз».

Жергілікті шенділер жас сайлаушылар туралы қанша теріс пікір білдіргенімен, Астанадан келген Венера Абыханқызы олармен келіспейді. Өйткені, талай жылдық сараптама керісінше, біздегі кәмелет жасынан асқандардың белсенділігінің артып келе жатқанын көрсететін болып шықты.

Венера ЖЕКСЕМБЕКОВА, ҚР Орталық сайлау комиссиясының бас сарапшысы: «Егер жастардың 10-5 пайызы сайлау заңын білмей жатса, Оңтүстік Қазақстанның жастары заңды білмейді деп айта алмаймын. Оған әртүрлі себептер бар шығар. Сондықтан бүгін, ертең, бір айдың көлемінде біз жастармен кездесу өткіземіз. Сол білмеген жерлерін үйретеміз. Біліп жатқандарын асырып, ары қарай жұмысты жалғастыруға дайынбыз».

Бір ай бойына жалғасатын жұмыстарда өңірдегі студент жастар 4 бағыт бойынша бағдар алатын болып шешілді. Олар алдағы саяси науқанға дайындық ретінде мәслихат сайлауларын ойын түрінде өткізіп, флешмоб ұйымдастырмақ. Және арнайы әлеуметтік сұрақтарға жауап беріп талдау жасалынса, бас сарапшы күткен 100 пайыздық дауыс беру нәтижесніе қол жеткізуіміз мүмкін. Бас сарапшы осылай дейді, және бұл жөнінде жастарға сенеді.