Шымкентте мұғалімдердің спартакиадасы басталды

Шымкенттің мұғалімдері оқушыларға тәрбие беріп қана қоймай, спорт саласында да шеберліктерін көрсететін болды. Бүгін №72 мектеп ғимаратында қалалық мұғалімдер спартакиадасының ашылу салтанаты өтті.

Спартакиаданың ашылуы кезіндегі концерттік нөмірлер
Спартакиаданың ашылуы кезіндегі концерттік нөмірлер

Сайысқа қаламыздағы 90 – ға жуық мектептен 4000- нан аса білім қызметкерлері қатысып, бақтарын сынайды. Олар бес күн бойына кіші футбол, шахмат, нысана ату, үстел теннисі мен гир тасын көтеру сынды сындардан өтеді.

Сайысқа қатысушылар
Сайысқа қатысушылар

«Мұғалімдер арасындағы спорт үздіктерін анықтаумен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шараның жеңімпаз мұғалімдері категориясын жақсарту кезінде ескерілетін болады»,-  дейді қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева.

Жеңімпаздарға Кубок пен білім бөлімінің марапат қағаздары және ақшалай сыйлық беріледі
Жеңімпаздарға Кубок пен білім бөлімінің марапат қағаздары және ақшалай сыйлық беріледі

Айта өтейік, дәстүрлі мұғалімдер спартакиадасының 2012 жылғы жеңімпаздары №72 мектептің ұжымы танылған болатын.

«Жеңіс Кубогы біздің қолымызда. Биыл да былтырғы серпінмен өнер көрсетіп, атағымызды қорғап қаламыз деген ойымыз бар. Жеңісті өзгелерге беру ойымызда жоқ. Сондықтан өзгелерге сәттілік, ал өзімізге жеңіс тілейміз», – дейді № 72 мектептің қатысушы оқытушылары.

Өткен жылғы спартакиада жеңімпаздары
Өткен жылғы спартакиада жеңімпаздары

Ал үздіктер 1 сәуір күні белгілі болады. Оған дейін қатысушылар қаламыздағы бірнеше аудан бойынша жеке-жеке бақ сынасып, іріктеуден өткендер қалалық деңгейдегі жеңіске таласатын болады.