Шымкенттік аналар сәбиіне екпе жасатудан бас тартуда

323
Әзірше екпеден аналар түгел бас тартқан жоқ
Екпеге сенбейтін аналардың саны артуда
Екпеге сенбейтін аналардың саны артуда

Оңтүстіктегі денсаулық сақтау саласында тағы да дау тууы мүмкін. Балаларына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналардың саны артуда. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің өздері айтады. Ата-аналардың мұндай қадамға баруына кей сәбилердің екпеден соң сал болып қалуы немесе шетінеп кету оқиғалары себеп болған. Сондай жағдайлардың бірі жыл басына қарай Шымкентте орын алды. Екі айлық нәресте шетінеп кеткен. Шақалақтың бұл қазасына дәрігерлердің олақтығы себеп дейді сәбидің анасы. Ал мешелдікке шалдығуы мүмкін деп диагноз қойылған Ералы мен Нұралының жағдайы көптің есінен әлі шыға қойған жоқ. Бұл сәбилердің де анасы қос ұлым мұндай жағдайға екпеден соң душар болды дейді.

 

Әзірше екпеден аналар түгел бас тартқан жоқ
Әзірше екпеден аналар түгел бас тартқан жоқ

Ал дәрігерлер мұндай оқыс оқиғалардың екпемен еш байланысы жоқ деп ақталуда. Екпенің жас ағзаға тигізер қаупі жоқ. Ақ халаттылардың айтуынша, нағыз қауіп – сол екпеден бас тарту. Дегенмен, соңғы кезде екпеден қорқып, оны салдырмаймыз дегендер тым көбейіп кетіпті. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Балжан Исабекова хабарлады.

Емханалардағы екпе жасату сәті
Емханалардағы екпе жасату сәті

«Ақпан айынан бастап күні кешеге дейін біздің басқармаға көптеген адамдар хабарласты. Тіпті, менің жеке телефоныма күніне 5-6 адам қоңырау шалады десем, артық айтпаймын. Олардың барлығы да «біз балаларымызға екпе жасатпаймыз. Одан бас тартамыз» дейді. Адамдар мына жайтты түсінбейді – егер екпе жасатпаған нәрестелердің саны шектен тыс артып кетсе, кез келген уақытта, кез келген жағдайда жұқпалы дерт өршіп, тарап кетуі мүмкін».

Мамандар осыдан 20 жылдай уақыт бұрын дифтерия секілді қауіпті аурулар сәбилердің өмірін жалмағанын дейді. Айтуларынша, қазір екпенің көмегімен оның беті қайтқан. Ал ата-аналар сол кездегі жағдайды естерінен шығарып алғандықтан, қазір екпеден бас тартып отыр.

Осылайша дәрігерлер екпеден келер қауіп жоқ деп сендіреді. Дегенмен, аналардың барлығы бірдей екпеге сеніп отырған жоқ. Тіпті, діни себептермен сәбиімнің денесіне ине сұқтырмаймын дейтін аналар да бар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=TvviFf8oNYc[/youtube]