Өнерпаздар көктемге деген сағынышын әнмен жеткізді

504
Балнұр Жапарова с.Мұхамеджановтың "Айсұлу" операсынан Айсұлу ариясын орындады

Облыстық опера және балет театрына классикалық туындылардың тыңдармандары жиналды. Сахна төріне бекзат өнердің майталмандары шығып, өз репертурларынан шығармаларын ұсынды.

Классикалық музыка кеші опера әншісі Алексей Скивеннің «Кармен» операсы шумақтарын орындауынан басталды. Сахнада жанды әрі терең тыныста ән айтқан күміс көмейлер отандық және әлем композиторларының тұщымды туындыларын ұсынды. Айтпақшы әуендік жоба көктем әндері орындалуымен ғана емес, жас театр солистерінің алғашқы дебюттері өтуімен де ерекшеленді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Балнұр Жапарова Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан «Айсұлу» ариясын орындады.

Балнұр Жапарова с.Мұхамеджановтың "Айсұлу" операсынан Айсұлу ариясын орындады
Балнұр Жапарова С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан «Айсұлу» ариясын орындады

Балнұр Жапарова, опера әншісі: «Қатты қобалжыдым, уайымдадым. Сахна – киелі орын болғандықтан, толқыныс сезімдері болды. Жасырмаймын, қорқыныш та болды. Бірақ мен көрермендерге емес, жоғарыға қарап тұрдым. Көпшілікке қарасам, сөздерімді ұмытып қаламын. Сол үшін аспанға қарап ән айттым десем де болады. Жоғарыдан бір тылсым күш берілгендей болды. Сол арқылы ғана туындыны алып шықтым деп ойлаймын. Менің болашаққа жоспарларым өте көп. Мәселен Шымкентте осы өнер саласын дамытып, шәкірт тәрбиелегім келеді. Мен дәл қазіргі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмай жатсам, осы бір қуанышты сәтті өзгелерге де тілеймін. Біз ән айту арқылы жанымыз емделеді ғой». 

Опера әншілері жанды дауыста оркестр сүйемелдеуімен ән айтты
Опера әншілері жанды дауыста оркестр сүйемелдеуімен ән айтты

Концерттік шара жертөле оркестрі сүйемелдеуімен өрбіді. Ал классикалық вокал жанкүйерлері опера әншілерінің орындау шеберлігіне дән риза. Ғалия Байтұғанова Оңтүстікте кенжелеп қалған өнер саласына бет бұрған жастолқын қадамын құптаймын дейді ағынан жарыла.

Ғалия Байтұғанова, көрермен: «Мен әрдайым осы театрға келіп, ән тыңдап, рухани демалып қайтамын. Ешбір концерттік кешін жібермей тамашалаймын. Оңтүстікте опера әншілері аз болса да, әлемдік деңгейде өнер көрсетеді.Қарап отырсам, көрермен залында жастар көбейген. Бүгін алғаш сахнада ән орындағандарға алғысымды айтамын».

Медет Бауыржанұлы, көрермен: «Керемет! Тамаша концерт! Риза болып отырмын өзім! Мынау жаңадан сахнаға көтерілген өнер иелеріне де тәнті болдым. Аздап қобалжығанын байқап, барымызша қолдап отырдық. Шымкентте мұндай талант иелері саусақпен санарлық. Сол үшін өнерді бағалай біліп, құрмет көрсетуіміз міндетті деп ойлаймын. Өнер әлеміне басқан ақадамдары құтты болсын дейміз ендеше «.

Осылайша көктем мерекелеріне арналған классикалық музыка кешінде 17 шығарма орындалды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=l5Qrxoksu3Y[/youtube]