Нұржамал Үсенбаева туған жерінде ән салды

2113

ҚР Халық әртісі, мемлекеттік сыйлығының лауреаты , «Құрмет» орденінің иегері Нұржамал Үсенбаева туған жерге сүйіспеншілігін ән арқылы жеткізді. Бүгінге дейін талай белесті бағындырған өнер жұлдызы осылайша туған жердің жұртшылығына есеп берді. Шығармашылық кеште бекзат өнердің кәсіби, талғампаз әншісі қазақтың туындыларынан бөлек, әлем операларын да шарықтата  шырқады.

Нұржамал Үсенбаеваның сахнадағы өміріне - 30 жыл
Нұржамал Үсенбаеваның сахнадағы өміріне – 30 жыл

 

Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен әнші осы сахнада жерлестерімізді ғана сусындатқан жоқ, бүгінге дейін әлемді мойындатты. Сондықтан бұл ән Нұржамал Үсенбаеваның да өнердегі бойтұмарына айналған. Біздің ғана емес, көршілес елдердің де халық әртісі атағымен марапатталған өнер иесінің сахналық өміріне биыл – 30 жыл. Бұған қарамай, әнші жерлестері алдында үлкен қобалжуды сезінді.

Нұржамал Үсенбаева
Нұржамал Үсенбаева

Нұржамал Үсенбаева, ҚР халық әртісі: «Ерекше әсер, ерекше сезім үстіндемін. Ең бастысы тыңдармандар әндерімді жылы қабылдайды деген үміттемін. Алда көп мақсаттарым, көп атқарылмаған жұмыстарымым, көп опералық партияларым, концерттік бағдарламаларым бар. Күзде «Искатели жемчуга» деген операны орындаймын деп ниеттеніп жүрмін».

Табиғи таланты мен кәсіби шеберлігінің арқасында Нұржамал Пернебекқызы 20-жасынан асқанда-ақ, әлемдік деңгейдегі бекзат өнердің биігін бағындырған. Әншінің өзі үлкен жетістігін үлкен еңбекқорлығымен байланыстырады. Алғаш рет жерлестеріне арналған осы кешке өнер иесі ұзақ уақыт дайындалыпты. Бұл – оның туған жеріне деген риясыз құрметін көрсетсе керек.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nqRJoQVr3H4[/youtube]

Көпшіліктің асыға күткен кешінен вальс падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың да шығармалары шет қалмады. Айта кетейік, опера жұлдызы Нұржамал Пернебекқызы «Туған жерге сүйіспеншілік» атты осы кешімен еліміздің өзге де қалаларына гәстрөлдік сапарын жоспарлап отыр.