Жаңалықтар 

Немеренің лаңы

Қазығұрт ауданында адам айтса нанғысыз оқиға болды. 25 жастағы жігіт өзінің әжесі және екі әпкесін пышақтап тастаған
Қазығұрт ауданында адам айтса нанғысыз оқиға болды. 25 жастағы жігіт өзінің әжесі және екі әпкесін пышақтап тастаған

Қазығұрт ауданында адам айтса нанғысыз оқиға болды. 25 жастағы жігіт өзінің әжесі және екі әпкесін пышақтап тастаған. Полицейлердің айтуынша, ұлдан туған немере өзін бағып-қаққан әжесінен осылайша кек алыпты. «Осындай жауыздыққа баратындай А.-ның тәрбиесі қатал болды ма? Әлде жетім бала теперіш көріп өсті ме екен?» деген ой болғаны рас. Мәселенің мән-жайын анықтағанда білгеніміз мынау болды.

1996 жылы ұлы қайтыс болған соң А-ны әжесі өз қамқорлығына алып, бағып-қағады. Әсіресе атасының немересі дегенде шығарға жаны бөлек-тін. Бар жақсыны соның аузына тосып, соның үстіне ілген қариялар ұлдан қалған тұяқты барынша еркелетіп-ақ өсіріпті. Ата-әжесі немересіне алдағы уақытта қаладан пәтер, астына көлік әперетіндігін үнемі уәде етіп отырады екен. Атасы көз жұмардан бұрын баспана да әперіп үлгереді. Ал көліктің ақшасын жинап отырғанын жеткізген. Дегенмен, ақшаны немересіне ұстата салуға әжесі қарсы болыпты. «Қоя тұр, сосын әпереміз» дегенге ұқсайды. Сөйтіп жүргенде атасы да қайтыс болады.

А.-ның қатігездікпен қылмысқа баруына осы жағдай итермелеуі мүмкін дегенді де жоққа шығармайды тергеушілер.

2013 жылдың 7-сәуірі күні сағат 13:40-та Қазығұрт аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жергілікті үйлердің бірінде адам өлтірілгені жайлы суыт хабар түседі. Сол жерге шұғыл жеткен тәртіп сақшылары үйдің ішінен 68 жастағы қарт ананың өлі денесін тауып алады. Сұмдық мұнымен бітпейді. Келесі бөлмеден 46 және 39 жастағы екі әйелдің қансыраған мәйіттері табылды. Криминалистер бір мәйітке 50-ден астам жерден пышақ ұрылғанын анықтаған. Сот-медициналық сараптамасы марқұмдардың осыдан екі-үш тәулік бұрын өлтірілгендерін анықтап береді. Полицейлер кісі өлтіру фактісіне байланысты екі жорамал жасайды. Оның бірі — ақшаға байланысты. Себебі, марқұмдардың бірі ақшаны өсіммен қарызға берумен айналысқан екен. Осыған байла-нысты үйде ақшаның барын білетіндер қылмыс жасауы мүмкін деген болжам тексеріледі.

Тағы бір болжам – марқұмдарды жақындарының бірі өлтірген болуы мүмкін. Оның себебі – қанды оқиға түн ішінде орын алған, үйдің есігін ешкім бұзып кірмеген. Үйдегі ақша мен құнды заттардың бірде-бірі жоғалмауы да соңғы күдікті ұлғайта түскен. Полицейлер арада бірер күн өте салысымен күдікті ретінде осы үйдің немересінің қолына кісен салады. Ол алғашқы тергеу барысында-ақ, әжесі мен екі апасын өлтіргенін міз бақпастан мойындайды.

Оның айтуынша сәуірдің 4-нен 5-ші жұлдызына қараған түні әжесінің үйіне қонаққа келген. Түн қараңғысы түскен соң әпкелерінің бірі ұйқыға ерте жатып қалады. Басқаларға байқатпай сол бөлмеге келген күдікті қорғансыз әйелді пышақтап өлтірген. Ауладағы келесі үйде кешкі тамақ ішіп отырған әпкесі мен әжесі ештеңені есітпепті. Біраз уақыттан соң тағы бір әпкесі үлкен үйге кірген кезде оны да өлтірген. Ең соңында шағын үйде отырған әжесін де пышақтап тастаған.

Тергеу барысында күдікті жігіт тығып тастаған жерден қан дақтары бар пышақ пен киімдер табылды. Полицейлер осы ауыр қылмысты жас жігіттің жалғыз өзі жасамаған болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды. Сол себепті қазір оның сыбайластары іздестіріліп жатыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Нуриддин Дауылбаев
Нуриддин Дауылбаев

Нуриддин Дауылбаев, ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы

– Күдікті жігіттің тергеу барысында айтқанынан белгілі болғаны, атасының автокөлік алуға деген ақшасын бергізбей қойғаны үшін апасына қатты ыза болады. Оның үстіне әкесінің екі қарындасы да «мені онша жақтырмайтын еді» дейді. Күдіктінің айтуынша туыстары  әкесі дүние салған соң екі айдан кейін туылған інісін де жақтырмай, жақын тұтпайды екен.  Әкесінің қарындасы боп келетін екі әпкесі  атасы әперген пәтердің құжаттарын рәсімдеуге де барынша кедергі келтіріпті. «Осы жайттың барлығы менің ашу-ызамды тудырды» деп отыр.

 

 

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz