«Арманың айқын болуы керек»

«Қиындықты жеңудің кілті – жүректе»

Шымкентте әнші Роза Мұсаның шығармашылық кеші өтті. Ешқандай жарнама, алдын ала насихаттаусыз-ақ, оның концертіне көрермен көп жиналды. «Оңтүстік Цирк» ғимаратында өткен есеп беру кешінде әнші жанды дауыста 10 ән орындады. «Өмірге ынтық өлеңім» деп аталатын жеке шығармашылық кеш барысында Розаның талантына тәнті болған көрермендер жырдан шашу шашып, ән арнап жатты.

«Қиындықты жеңудің кілті – жүректе»
«Қиындықты жеңудің кілті – жүректе»

Концертте Розаның өмірдегі және өнердегі достары Хадиша Шалабаева, Жанна Әсел, «Айбын» тобы өнер көрсетті. 1200 орынды концерт залына көрермен сыймай қалып, тағы бір рет кеш өткізуін өтінгендер табылды.

– Ел алдына шығып, есеп беру оңай емес, – дейді орайы келген әңгіме барысында Роза Мұса. – Сахнада ән шырқап тұрып, көрермен қауымның маған деген ыстық ықыласын сезінгеннен асқан мен үшін бақыт жоқ. Алғашында маған сізден ештеңе шықпайды деп бетімнен қағып, мен үшін өнердің есігін жапқандар да болды. Бірақ мен қаймықпай, дегеніме жетуге асықтым. Арманың айқын болса, онда оған жетер жолың да мүмкіндігінше ашық болады екен. Кездес-кен қиындықтарға мойынсұнбай, шығармашылықпен айналыстым. Қазір Аллаға шүкір жағдайым жақсы, – дейді әнші Роза Мұса.

Ордабасы ауданы, Жеңіс ауылында өмірге келген Роза Мұса өмірде де, өнерде де өжеттілігімен көзге түскен талантты әншілердің бірі. «Жаратушы қиындықты тек көтере алатын адамына береді» дейді халқымыз. Осы сөзді өзіне ғана арналған деп қабылдайтын Роза, тіршілікте басынан өткен түрлі ауыртпалыққа мән бергенді көңілі қаламайтын қайсар қыз. 3 жасында ойнап жүріп, жазатайым жағдайда мүгедек болып қалған. «Қиындық әркімнің басында болатын нәрсе, тек оны жеңудің кілті – жүректе» дейтін Роза өмірге ғашық адам кез-келген қиындыққа төзімді болып келеді деген пікірде. Алайда мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан әнші тыңдарманға «Сезім сыры», «Қош бол, мектеп», «Туған жер», «Мен өмірге ғашықпан» атты әндерімен, бейне баяндарымен танымал. Ол өзі секілді өнерлі, бірақ денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын бермек мақсатында «Нұрлы өмір» қоғамдық қорын ашқан. Бүгінде Роза Мұсаның алдағы күндерге жоспары көп. Жуырда «Мұз сүңгі» әніне бейнебаян түсірмек. Сондай-ақ, Алматы қаласында, оңтүстіктің аудандарында шығармашылық кеш өткізуді де жоспарлап отыр.

Айжан Ермекқызы

Суретті түсірген – Ю. Құрбанов