Балдың құрамына осы күнге дейін жүздеген зерттеулер жүргізіліп, көл-көсір пайдасы бар екені анықталып,ол туралы кеңінен сөз қозғалып жүр. Жақында тағы бір осындай зерттеу жасалып, табиғи балдың пайдасы одан сайын дәлелдене түсті. Зерттеумен Алматы облысы, Түрген ауылының тұрғыны Манасбек Сарыбаев айналысқан. Оның дәйегі бойынша кәдімгі әсел баланың ақыл-ой қабілетін дамытып, сабақ үлгерімін арттыратын көрінеді.
Күніне 30 грамм бал жеңіз
Манасбек Сарыбаев Алматы облысындағы бірнеше мектепте тәжірибе өткізеді. Алдымен, табиғи балдың пайдасы мен шипасы жайында тренинг-дәрістер оқиды. Содан соң әр оқушыны күн сайын мөлшерлеп бал жеуге әдеттендірген. Тәжірибенің кереметі сол,әрбір оқушының сабақ үлгерімі жақсарып, мейірімділігі артыпты. Мұндай терең гармонияға тек бал әсер етті деп біледі Манасбек мырза. Зерттеуге қатысқан сынып оқушылары араның ұясындай ұйысқан, ынтымағы жарасқан ұжым. Істеріне ұқыпты, тәртібі түзу, сабаққа зерек. Бұл қасиет – балдан дарыған – дейді ғалым. 9 айда бал жеген балалардың сабақ үлгерімі бірден 84%-ға өсіпті. Тағы бір кереметі, балалардың денсаулығы түзеліп, ауру-сырқауы азайған. Демек, балдың бала денсаулығы үшін берері көп.
Бал – табиғи қант алмастырғыш. Орта есеппен бір адам жылына 37 келі қант жейді. Яғни, күніне кемінде 100 граммнан көп шекерді шайға салып ішеміз. Бұған қант қосылған тосаптар мен түрлі күлшелерді қосыңыз. Мұның адам ағзасына зияны болмаса, пайдасы жоқ. Егер қант орнына бал жесек, онда жылына 6-7 келі бал жұмсаған болар ек. Бұл біріншіден, арзанға түседі. Екіншіден, ол түрлі дәрумендер мен минералға, ақуыз, калий, кальций, натрий, сияқты элементтерге бай. Сондықтан,әрбір адам күніне кем дегенде 20-30 грамм табиғи таза бал жегені жөн.
Біле білсеңіз бал арасынан фармацевтика, электротехника, авиация өнеркәсібіне пайдаланылатын органикалық зат – балауыз алынады. Арадан прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы, биологиялық белсенді заттары бар және емдік әсері өте күшті сүт дайындалады. Бұл өте қымбат өнім. Соңғы кезде косметология саласында көп қолданылып жүр. Сонымен қатар, бал арасының тіршілігін бақылау адамды табиғатты жақсырақ білуге, байқағыштыққа, еңбексүйгіштікке баулиды.Мұны да зерттеген ғалымдар бар.
Араның бәрі бал бермейді
Араның үш түрі бар. Көзіміз көріп жүрген кәдімгі сары жолақты ара жұмысшы ара деп аталады. Тәттіге, жеміс-жидекке тез үймелеп шыға келетін бұл аралар өте еңбекқор. Бірақ бұл аралар балды өзіндік жолмен жинайды. Жалпақ тілмен айтқанда, жабайы әдіс. Үй қуыстарына, шіріген ағаш діңіне ұя салып, бал бөледі. Мұндай бал сұйық бал деп аталады. Өздері бөліп, өздері жейді. Себебі сары жолақты ара өте улы, ұясына жақындап, балын сарқып алатындар кемде-кем. Балы сұйық болғандықтан, омарташылар мұндай араны көп өсірмейді. Еркек ара деген бар. Бұл нағыз бал өндіруші жәндік. Еркек ара жұмысшы арадан сәл үлкен, құйрық жағы жұмыр болады. У безі және шанышқы инесі болмайды. Ауыз қуысы кішкене келеді. Аяғында гүл тозаңдарын жинайтын тозаң себеті, сондай – ақ балауыз шығара-тын безі болады. Ең пайдалы, дәмді балды бөлетін де осы аралар. Көбіне қыр гүлдерін тозаңданды-рып, сөл бөледі. Еркек ара бөлген балдың иісі аңқып тұрады. Жұпары керемет. Аралар топтасып өмір сүреді. Әрқайсысының өз міндеті бар. Барлық ара бал бермейтінін біле жүріңіз. Бал беретіндері бөлек, тұқым басатындары мен ұя тазартушылары, өзге араларды бағып-қағатындары болады. Омарташылар аралардың тіршілігі адам өміріне өте ұқсас екендігін айтады.
Бал таңдау оңай емес
Бал таңдау оңай шаруа емес. Тек саланың білгір мамандары ғана таза балды жасандысынан ажыратып бере алады. Дәрілік мақсатта өндіретін балды отқа жылытып, сұйылған сүзгіден өткізіп әзірлейді. Мұндай балдың екі түрі бар. Ақ және сарғылт түсті. Жаз, күз мезгілдері тұнық өсімдік майы тектес сұйықтау болып, қыс мезгілінде қоюланып, шекер өңдес іріткі кристаллға айналады.
Қантты бал бар. Мұндай балды араны қант шырынымен қоректендіру арқылы алады. Сатушылар оны табиғи балға араластырып сатады. Сатылымдағы балдардың басым бөлігі осы. Омарташылар мұны даладағы гүлдердің жоқтығымен, жайылымның аздығымен, құрғақшылықтың орын алуымен түсіндіреді.
Табиғи бал мен жасанды балды ажырату оңай емес. Дегенмен, жасанды балдың құрамында қант, қант крахмалы, ұн, желім, гипс болады. Мұны үй жағдайында анықтауға мүмкіндік бар. Ол үшін бір стақан қайнаған су аласыз да, оған балды араластырасыз (бір стақан суға жарты стақан бал). Тұнбаның төменгі жағында немесе бетінде механикалық қалдықтар шыға келеді. Табиғи балдың түрі көп. Гүлдейтін қанша өсімдік бар болса, балдың да сонша түрі бар.
Балдың емдік қасиеті
Бал барлық ауруға дауа. Тіпті ұяшықтары да халық емінде кеңінен пайдаланылады. Мұны дәрігерлер де мойындап отыр. Балдың құрамындағы пайдалы элементтер араның денесінде бар. Тіпті ара уы да көп дертке шипа.
– Бал зеңдер мен саңырауқұлақты жұқпаларға қарсы тұратын құрамға ие. Сондықтан гинекологияда, инфекциялық ауруда кеңінен қолданылады;
– түрлі жаралар мен күйіктерде, іріңді жұқпаларда да пайдалы. Бал таңу әдісі жараның тез жазылып, тыртықтың бітелуіне сеп;
– спортшылардың таңдаулы тағамы. Құрамындағы қуатты элементтер жаттығуда жоғалтқан күшті қалпына келтіріп, ағзадағы тепе-теңдікті сақтап тұрады,
– қант диабетімен ауыратындар үшін, табиғи бал қант алмастырғыш болып табылады. Бірақ, қант диабетімен ауыратындардың барлығы бірдей бал жеуі керек деген сөз емес. Тек екінші түрімен ауыратын науқастардың ғана пайдаланғаны жөн;
– тұмау кезінде таптырмас дәрі. Тамақтың бітелуін, көздің іріңдеп, балшықтануында және өкпе қабынғанда пайдалансаңыз, тез сауығып кетесіз.
– балды косметологиялық мақсатта да кеңінен қолданатындар бар. Бет терісін жұмсартып, терінің құрғауына қарсы пайдаланады. Шаштың түсуін азайтып, әжімдермен күреседі.
Табиғи балдың кез келген түрі пайдалы, сондықтан өзіңізге ұнайтын түрін пайдалана беріңіз. Сондай-ақ денсаулығыңыз мықты болуы үшін күніне тым болмағанда бір қасықтан жеп тұрғаныңыз жөн. Балдың ең бағалы сұрыбының бірі – жөке балы. Әдетте, ол мөп-мөлдір, сарғыш түсті болып келеді, сондай-ақ ұзаққа дейін кристалданбайды және қабынуға, бактерияға қарсы әрекет етеді. Тау балы теңіз деңгейінен 2200 м биіктіктегі қараған (акация), долана (боярышник), талшын (каштан), шомырт (терновник), мойыл (черемуха), итмұрын (шиповник), ырғай (жимолость), қызылтал (верба) және алғашқы көктем гүлдерінен жиналады. Ағзаны нығайтуға, сонымен бірге жүрек-қан тамырлары жүйесін қалыпқа келтіруге пайдалы. Өзіне тән ерекше иісі бар қарақұмық балы (гречишный мед) қоңыр түсті болып келеді және құрамында темір көп. Қараған балы – асқазан жұмысын жақсартуға, көздің көру қасиетін арттыруға және дене қызуын түсіруге таптырмайтын ем. Балдың құрамына 60-қа жуық зат жинақталған. Олар балдың қай мезгілде, қандай өсімдік гүлдерінен жиналғанына, ауа райы мен жер жағдайына байланысты өзгеріп тұрады. Бұлардың құрамында ең көп кездесетін көміртегі, глюкоза мен фруктоза. Олар балдың 70-75 %-ын құрайды. Балдың құрамындағы көміртегі адам бойына жақсы сіңеді. Көміртегі әсіресе, жүйке клеткалары мен бұлшық ет үшін ерекше қажет. Егер қан құрамында көміртегі азайса, адамның ойлау қабілеті мен дене еңбегіне деген қабілеті күрт төмендейді. 100 грамм балдың өзі 355 калория береді. Сонымен қатар балдың құрамында минералды заттар, микроэлементтер де, ферменттер де, дәрумендер де жеткілікті. Осы қасиетімен бал ас қорытуды, ішек қарынның қызметін жақсартады. Бұл организмнің жалпы жағдайын нығайтып, асқазан қышқылының бір қалыпты болуына жағдай жасайды.
Асқазанында жарасы барлар мен асқазан қышқылы шамадан тыс көп адамдар балды таңертең және түскі тамақтан бір жарым, екі сағаттай бұрын, ал кешкі тамақтан соң үш сағаттан кейін пайдаланғаны жөн. Сонда бал асқазан сөлінің бөліну процесін тежеп, қышқылын төмендетеді, жүректің қыжылын басады. Сөйтіп ол ойық жараның жазылуына жақсы жағдай туғызады. Оны тамақ алдында пайдаланса керісінше асқазан сөлін едәуір көбейтеді. Сондықтан тамақтан кейін жеген дұрыс. Есте ұстайтын нәрсе – балды дәрігер белгілеген дәрі-дәрмекпен пайдаланса, балдың емдік қасиеті арта түседі.
Жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы да балды қолданады. Құрамындағы глюкоза жүректің қызметін күшейтіп, көңіл-күйді жақсартады. Жүрек аурулары кезінде күніне бір шай қасықтан 2-3 рет жеңіз. Өйткені, шамадан тыс жеген бал денеден терді көп бөліп жүрекке салмақ түсіреді. Өкпе туберкулезіне, анемия (қанның азаюы) ауруларына шалдыққанда, шаршап қажығанда балды сүтпен араластырып ішкен пайдалы. Бал жас балалардың өсіп жетілуіне жақсы жағдай жасап, әртүрлі ауруларға ағзаның қарсылық күшін жоғарылатады. Балалар күніне 1-2 шай қасық бал жесе жетіп жатыр. Ұйқысы қашқан, жүйке ауруларына шалдыққандарға да бал таптырмас ем. Мысалы, ұйқысы қашқан адам бір қасық балды бір стақан жылы суға ерітіп, жатар алдында ішсе, ұйқысы тынышталып, жақсы тынығады. Балдан артық ұйқы шақыратын әрі ағзаға залалсыз дәрі жоқ екенін еске сала кетейік. Балды пайдалы екен деп оны бей-берекет қолдана беруге де болмайды. Орынсыз жеген бал да аллергияға шалдық-тырады. Ал панкреатит, қант диабеті аурулары бар адамдардың балды тек дәрігердің кеңесінен кейін ғана пайдалануы керек.
Ақмарал Мырзахмет