Шымкентте бал жәрмеңкесі өтіп жатыр

817
Балдың ондаған түрлері сатылуда

Шымкентте тәтті және хош иісті бал ұсынатын жәрмеңке өтіп жатыр. Енді жерлестеріміз балдың классикалық сұрпын ғана тұтынбай, жөке, қарақұмық сынды жаңа дәмдерімен де танысуға мүмкіндігі бар. Бұл үшін «Әл Фараби» сауда кешеніне бас сұқсаңыз болғаны.

Жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың

Алдымен дәм татып алып, көңілге қонған балды содан кейін сатып алуға болады. Жәрмеңке ұйымдастырушылары жерлестерімізге осындай мүмкіндік сыйлап отыр. Ресейлік әселдің ондаған сұрпын ұсынған «Әл Фараби» сауда кешеніне ағылған ағайынның қарасы қалың. Омарта шаруашылығымен өз өлкесіне танымал Ивановтар әулеті өздерінің өнімін алғаш рет шымкенттіктерге ұсынды.

Балдың ондаған түрлері сатылуда

Мария Швецова, қала тұрғыны: «Мен таңертең жәрмеңкеге келіп, қою әсел сатып алдым. Бұл өнім көптеген дерттерге шипа, біздің елде мұндай әсел жоқтың қасы. Денсаулыққа пайдалы әселдің түр-түрінің дәмін көріп, тәнті болдым. Қазір құрбымды ертіп келдім, тағы да бал сатып алмақпыз».

Сатушы-кеңесші Екатеринаның 1 минут бос уақыты жоқ, жұмысы қарбалас. Себебі пайдалы тәттілерді алатын тұтынушылардың қарасы қалың. Олар аз сатып алса да, кеңесші әселдің әр сұрпын келушіге түсіндіруі тиіс.

Екатерина Кузьминских

Екатерина Кузьминских, сатушы-кеңесші: «Жөке ағашының әселі – тәтті ғана емес, ауру-сырқаудың алдын алады. Ал патшалық мақпал деген бал – жүйке жүйесіне ем. Түйебұршақ жұпар иісімен ғана қызықтырмайды, ол жүрек ауруларына жақсы. Қарақұмық әселі иммунитетті жоғарылатып, денедегі суықты алады. Біз барша қала тұрғындарын бал жәрмеңкесіне шақырамыз. Шымкенттіктер үшін арнайы акцияны да қолға алып отырмыз. Яғни, өзіңіз қалаған 1 келі әселді сатып алсаңыз, біз тұтынушыға хош иісті тағы бір келі балды сыйға тартамыз».

Жәрмеңке ұйымдастырушылары балға қосымша ивановтық тоқыма өнімдерін де әкеліпті. Танымал фирманың сапалы төсек-орын жапқыштары мен көрпе-жастықтары өндіруші бағасымен сатылып жатыр. Сондықтан мұнда да ұзын-сонар кезек сейілер емес.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MzN0INoZLVk[/youtube]

Жәрмеңкенің сәні бұл ғана емес, башқұрт шеберлерінің ағаштан жасаған қолөнер бұйымдары. Айта өтейік, жәрмеңке 5-ақпанға дейін жалғасады. Ендеше денсаулыққа пайдасы мол балды сатып алудан қапы қалмаңыздар.