Қарақұрттан төнген қауіп күшейе түсті

2000
сурет интернеттен алынды

Өңірде соңғы бір жарым айдың ішінде қауіпті жәндік шаққан 19 адам ауруханаға түскен. Былтыр 2012 жылдың қорытындысы бойынша 26 жағдай орын алған болса, биылғы екі айдың көлемінде 19 адам зардап шегіп үлгірген. Зардап шеккендердің арасында балалар да бар.Он тоғыз науқастың 10-ы ер адамдар, 5-еуі әйел, 2-еуі жасөспірім, 1-еуі 2 жасар сәби.  

сурет интернеттен алынды
сурет интернеттен алынды

Көпшілігі Отырар ауданының азаматтары. Ауруханаға түскендердің дені жәндіктен далада, қала маңындағы саяжайларда, құрылыс алаңдарында жапа шеккен. Мамандардың айтуынша, қосымша сырқаты бар адамдар қарақұрт уынан қайтыс болып кетуі мүмкін. Сондықтан өз-өзіңізге алғашқы дәрігерлерік көмек көрсетумен әлек болмай, бірден медициалық мекемеге барған абзал.

«Қарақұрт шағып алды деп қауіптенсеңіз, дереу ауруханаға келу қажет. Науқас мазасыздана бастайды. Бел тұсы аурып, көкірек тұсы қысады. Дене қызуы көтеріледі. Ауру түн ортасында қозады. Науқасқа арақ беруге тыйым салынады. Ауруды басатын кетоноф, анальгин сынды дәрілерді беріп, уақытша болса да ауырсынуды басуға болады. Бірақ бұл да ем емес. Сондықтан да дереу дәрігерге көріну керек,»- дейді облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.

Қарақұрттың шағуына немқұрайлы қарауға болмайды. Егер де дер кезінде ем жасалынбаса, немесе сырқат толығымен айықпаған болса, алдағы уақытта буын аурулары мазаңызды алуы мүмкін. Буындарыңыз қақсап,  сүйегіңізді сырқыратуы ғажап емес. Жаз уақытында қарақұрттың шағуы қиындау өтеді. Әсіресе, жаңа туған сәбилерге  де қарақұрт шағып алуы өкінішті жағдайға апарып соқтыруы мүмкін. Сондай- ақ қан қысымы жоғары адамдар қарақұрттың шағып алуынан кейде көз жұмып кеткен жәйттер де аз емес. Сондықтан да жаз маусымында көп кездесетін қарақұрттың шағуынан сақ болыңыздар!