«Мен бақытты әйелмін!»

Гүлнар Сапарымбет, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің директоры

«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің директоры Гүлнар Сапарымбетті көпшілік іскер басшы, мықты ұйымдастырушы ретінде жақсы таниды.. Ал ол отбасында қандай жан? Биліктегі бикештің отбасылық өмірінен сыр тартып көрсек…

Гүлнар Сапарымбет,  «ЛТД-Тұрмыс»  ЖШС-нің директоры
Гүлнар Сапарымбет, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің директоры

Өз қызметіне үлкен жауап-кершілікпен қарайтын биліктегі бикеш отбасы құндылығын да сақтай біледі. 26 жылдан бері отандасқан жұбайы Сағын Қаратаев екеуі 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, құтты орындарына қондырған.

Қиын мамандықты меңгеріп, білдей бір мекемеге басшылық жасап отырған Гүлнар Бертайқызы уақытының көп бөлігін қызмет орнында өткізуіне тура келеді. Өйткені, қарбалас қызу жұмыстың талабы осы. Көбіне ер азаматтарға тән төзімділікті қажет ететін жұмыстың қойнауында шынығып жүрген Гүлнар Сапарымбет еңбек жолын 2007 жылы «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-інде қарапайым агроном қызметінен бастаған. 2009 жылдан директордың орынбасары, ал 2012 жылы басшы болып тағайындалды. Мекеме тізгінін қолына алса да, ол отбасындағы өзінің басты рөлін шетке ысырып тастаған емес. Керісінше, жұмыстан кейінгі шаршауды өз жанұясындағы жылылықпен басып, жұбайы мен балаларына мейірімін төге біледі.

– Межелі міндетті дер кезінде аяқтау үшін түнгі 10-11-ге дейін жұмыста қалатын кездер де аз емес. Жауаптылықтың басында өзің тұрған соң барлық нәрсені жіті бақылауда ұстау қажет. Жұбайым мен балаларым қызметіме түсіністікпен қарайды, маған тіпті қолдау танытып отырады. Мен үшін жанұямның орны ерекше. Билік пен мансаптан отбасы құндылығы мен үшін әрдайым жоғары, – дейді Гүлнар Бертайқызы.

«ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і
«ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і

Иә, әрбір әйел отбасы мен қоғамның айнасы. Әйел аялы алақанымен әлемді тербетеді. Бүгінде билік басында жүрген азаматшалардың саны күннен-күнге артып келеді. Бұл дегеніміз гендерлік саясат дұрыс бағытта өріс алып жатыр деген сөз. Қаншалықты басшылықта жүргенімен әйелдердің жаны нәзік келеді, кез келген нәрсенің ішкі астарына терең үңіле біледі. Міне, осындай асыл қасиеттерді арқалап, билік тізгінін ұстаған Гүлнар Сапарымбет әйелдердің ел басқару ісіне араласуын жан-тәнімен қолдайды.

Ер-азаматтарымыздың атқарған ісін әйелдер де атқара алады. Әйел үйдегі шаруаға қандай пысық болса, өзі басқарған мекемені де гүлдендіріп жібереді. Өз балаларына қалай қамқор болса, қызметкерлеріне де сондай жанашырлық таныта біледі. Мысалы, мен өз қызметкерлерімнің 80 пайызының әлеуметтік тұрмыс жағдайымен таныспын. Оларға әрдайым қолдау көрсетуге тырысамын, – дейді ол. Сондай-ақ, жұбайлық өмірінен де сыр шерткен Гүлнар Бертайқызы: «Мен өзімді бақытты әйелмін деп айта аламын. Жұбайым өте сабырлы жан. Осындай жанмен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз тәрбиелеп отырғаныма Аллаға шүкіршілік етемін» – деп ой бөлісті.

Ер мінезді Гүлнар Сапарымбетті көпшілігі үй шаруашылығына епсіз деп ойлайды екен. Алайда ол кісі үйде нағыз аспазшы, нағыз үй бикесі. Тамақтың кез келген түрін дәм үйіре пісіретін аяулы жанның аспаздық қабілетіне жұбайы да, балалары да дән риза. «Расында менің үй шаруасына көп көңіл бөлуге уақытым бола бермейді. Көбіне жұмыста боламын. Алайда аспаздыққа өте жақынмын. Әрбір асты мейірлене дәмді етіп жасаймын. Жұбайым да, балаларым да мақтап отырады үнемі. Біз үшін жексенбі ең бақытты күн. Өйткені, бұл күні төрт көзіміз түгел үйде боламыз. Шынын айту керек, тіпті соңғы кезде тоңазытқышты не бар, не жоғын қарауға шамам келмейді. Үйге азық-түлік алу, тамақ жасау қызым мен жұбайымның мойнында» – деп бір күліп алды.

Гүлнар Сапарымбет еңбек жолын 2007 жылы «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-інде қарапайым агроном қызметінен бастаған. 2009 жылдан директордың орынбасары, ал 2012 жылы басшы болып тағайындалды
Гүлнар Сапарымбет еңбек жолын 2007 жылы «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-інде қарапайым агроном қызметінен бастаған. 2009 жылдан директордың орынбасары, ал 2012 жылы басшы болып тағайындалды

«Отбасы мен қызметті қатар алып жүру сіз үшін қаншалықты қиын?» деген сұрағымызға Гүлнар Бертайқызы ойланбастан «Оның аса қиындығы жоқ, дегенмен кейде қарбалас тірліктің арқасында отбасыңдағы маңызды жәйттарды да ұмытып кететін кездер болады. Оны жоққа шығармаймын. Тіпті балаларымның туған күндерін де ұмытып кетемін. Мысалы, өткенде үйдегі ағаңның туған күні болды. Мен жұмыстармен шыға алмадым. Келген қонақтарды өздері күтіп, шығарып салды. Міне, осыдан өзіңіз ойлай беріңіз… Бірақ маған жұмысым ұнайды. Жұмыс істесем демалатын жанмын. Тіпті, үйде болған кездері де тыныш ұйықтай алмай, тындырылмаған тірліктерді уайымдап жататыным бар».

Балаларын саналы тәрбиемен сусындатып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп отыратын ол: «осы уақытқа дейін тфай, бетің құрсын…кімнің баласы едің?..деп балаларымды шұқып көрсеткен адам болған емес. Құдайға шүкір, оларға жақсы, дұрыс тәрбие бере алдым деп ойлаймын», – дейді.

Менің анам 18 жасында жесір қалған. Тағдырдың тәлкегі болар, әкем анамды тастап басқаның жетегінде кеткен. Қазір анамның көзі тірі, ал әкем 3-4 жыл алдын дүниеден өтті. Мен әке мейірімін көрген емеспін. Мені әкем келіп маңдайымнан сипаған емес, бауырына басқан емес. Дегенмен, қарым -қатынасымыз өмірінің соңғы күндеріне дейін үзілген жоқ. Бірақ, бізді бұл өмірде оқытып-шоқытып, қатарымызға қосқан тек анамыз ғой. Менің өмірдегі барлық жетістіктерім аяулы анамның арқасы, – деп өткен өмірін еске алған Гүлнар Бертайқызы аздап көңілі босап қалғандай болды. Жанұя құндылығына, шаңырағының шайқалмауына аса мән беретін биліктегі азаматша осылайша ішкі сырымен бөлісті. Адалдығымен, шыншылдығымен өмірде осындай биік межелерге жеткен Гүлнар Сапарымбеттің жанұясына бақыт, ал қызметіне үлкен табыс тіледік..

Гүлнұр СӘТБАЕВА