Елордаға — 15 жыл. Шымкентте айтулы мерейтойға дайындық басталып кетті. Ару қала — Астананың құрметіне шымшаһар да шырайлана бастады. Мерекеге орай бүгіннен бастап қала көшелерін безендіру қолға алынды. Қала тұрғындары көз алдында гүлденіп, сәнді жасақтанып жатқан қаланы көріп мәз-мейрам.
Көше бойындағы құттықтауға толы жарнама-тақтайшалар мен әр даңғыл басындағы Астананың мерейін асыратын суреттермен қатар, мадақ сөздер орталық көшелердің сәнін кіргізіп тұр.
Мейрамкүл Шымырбаева, қала тұрғыны: «Біздің Шымкент үшінші қала ғой. Сондықтан гүлденіп, осылай мерекеге лайықты жасалуы дұрыс деп ойлаймын. Қазір қаламыз жайнап тұр. Күні кеше сіңілім қыдырып келді Алматыдан. Шымкенттің өзгерігенін айтып, қуанып жатыр. Астана күні деген мейрамның бары қандай қуаныш! Біз үшін бұл мейрамды тойлаудың өзі мәртебе деп білемін! Отбасымызбен қуана қарсы алатын боламыз! Бәрінен бұрын, тәуелсіз ел ретінде Астана күнін тойлағанға не жетсін?!»
Бақыт Қуанышбек, қала тұрғыны: «Байқап жатырмыз, кешелі бері тынбай қалаға мынадай жарнама тақташаларын ілуде. Бұл сәндеу жұмыстары қаламыздың көркіне көрік қосып жатыр. Енді мерекеге дейін санаулы күндер қалды ғой. 6-шіле күні Шымқаланың да сәні арта түсетінін біліп отырмыз. Біз де тойлаймыз әрине, көптен бері осы 15 жылдықты күттік қой. Енді міне, асыға жеткен тойымызды барша ел болып атап өткелі отырмыз. Бақытты ұрпақпыз біз».
Астананың мерейлі тойына арналған безендіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. 4-шілдеге дейін дайындық жұмыстары 100 пайызға аяқталуы керек. Уақыт тығыз, бірақ айтулы шараға қаралған қаржы қомақты — 59 млн. теңге.
Данияр Датқаев, мердігер мекеменің өкілі: «Күн сайын күн-түн демей жұмыс істеп жатырмыз. Бейсенбіге дейін бітіру керек. Астана құрметіне арналған 30 жарнама тақтайшаларын ілу жоспарда. Ал безендірудің ерекшелігі — көше бойындағы жалаушалар алынып, орнына рәміздермен бірге, бәйтерек сынды суреттер салынған орамалар жапсырылады».
Мерекелік безендіру үшін жаңа жобалар аясында мердігер мекеме бірнеше ай уақыт жұмсаған. Тек оны жүзеге асыру ғана қалды. Айта кетейік, елордамыздың құрметіне арналған ауқымы кең шаралар қаламыздағы Астана даңғылы бойында өтеді деп жоспарланып отыр.