Тоқ ұрып, мерт болған жігіттің ата-анасы әділдік іздейді

348
Жасы отызға да толмаған жігіттің артында екі ұлы қалды

 

Жасы отызға да толмаған жігіттің артында екі ұлы қалды
Жасы отызға да толмаған жігіттің артында екі ұлы қалды

Былтыр Сайрам ауданында 29 жасар жігітті тоқ ұрып қайтыс болған болатын. Жергілікті кәсіпкердің суға салып қойған сорғыш кесірінен кісі құрбан болған жағдайды құқық қорғау органдары жіті тексермей отыр, деп ашулы ата-анасы.

Шералы Ибрагимов осыдан бір жыл бұрын Ақсу өзенінің бойында қаза болған. Ол түс ауа атын суғару үшін өзенге келген. Алайда бейғам жігіт суға су сорғыш мотордың қосулы тұрғандығын байқамаған. Оны жекеменшік дәмхана өз қажеттілігіне қосқан. Осылайша, апталдай жігіт тізеден сәл-ақ асатын судан тоқ ұрып, оқиға орнында атымен бірге жан тапсырған.

Бүгінде еңсесі езіліп, жыларман күйге жеткен марқұмның ата-анасы баласының өліміне кінәлілер заң жүзінде жазаланғанын ғана қалайды. Олар перзентінің қазасын жекеменшік дәмхананың иесінен көреді. Қайғыдан қан жұтқан отбасы арызданып талай жерге барған. Айтуларынша, құқық қорғау органдары істі жауып тастай береді екен.

Сейдазим Ибрагимов, марқұм Шералы Ибрагимовтың әкесі: «Мен арызданып наурыз айында аудандық прокуратураға да бардым. Аудандық құқық қорғау органдарында да болдым. Облыстық прокуратураға да бардым, генералдың атына да арыз тастадым. Осы уақытқа дейін еш нәтиже жоқ. Осымен 5 ай өтті ғой. Қайта барсам іс жабылып қалған».

Арызданушының айтуына қарағанда марқұм қайтыс болған уақытта сот медициналық сараптама тексеру жүргізген. Олар «марқұмның өзі суға тұншығып өлді» деген шешім шығарған. Ал бұл шешіммен ата-ана келіспейді. Себебі, 29 жасар жігіттің тізеге де жетпейтін суға тұншығуы мүмкін емес,-дейді. Айтылғанды күәгерлер де қоштап отыр.

Шамхат Әбдіразақов, куәгер: «Мына жерге болған су сорғыш мотор. Ал мына жерде, атымен бірге Шерәлі жатқан. Мен келген кезде. Екеуінің арасы 5-ақ сантиметр-ау деймін шамасы. Ол өзі тұншығып өлетін жігіт емес қой».

Бүгінде марқұмның артында екі ұлы мен жесірі қалды. Болған іске олар мойынсұңғысы келмейді. Кешірім сұрап келудің орнына, дөрекілік танытқан дәмхана қожайына қапалы. Өйткені ол айыбын жасырмақ болып, Шералының туыстарынан перзентінің өліміне ешкімді кінәламайтыны туралы тілхат та алмақ болыпты. Дәмхана қожайынының өзі қандай да бір жауап беруден бас тартты.

Аудандық прокуратурада байқағанымыз, бұл жағдай күн тәртібінен түсіп қалған секілді. Себебі, наурыз айында тапсырылған іс осы күнге дейін шешімін таппаған. Аудан прокурорының аға көмекшісі жалпылама жауаппен шығарып салды.

Бағлан Мырзақұлов, аудан прокурорының аға көмекшіс: «Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот сараптамаларынан кейін тексереміз».

Қайғылы оқиғаның болғанына бес айдан асса да бір қорытындыға келе алмаған сот-медициналық сараптама қызметінің жайбасарлығы да қаралы ата-анаға түсініксіз. Арыстай азаматынан айрылған отбасының осылайша әр мекемеге барғанда меселі жығылады. Бірақ, шындыққа жетуге бекінген әке ізденуін тоқтатпауға бел буған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=nnSuoQJHHDM[/youtube]