Úı ANONS «Қызымды қорлады» деген әке әділдік іздеп жүр

«Қызымды қорлады» деген әке әділдік іздеп жүр

Түркістандық азамат үш жылдан бері әділдік іздеп келеді. Айтуынша, 16 жастағы қызын әлеуметтік желіде танысқан жігіт алып қашып, зорлық көрсеткен. Жәбірленушілер бірнеше рет құзырлы органдарға шағымданғанымен, күдікті әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған. 

Сталкинг пен алып қашу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста, тағы бір сорақы оқиғаның беті ашылды. Қылмыс үш жыл бұрын болған. Сол уақыттан бері әділдікке жете алмай жүрген жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, әлеуметтік желіде танысқан жігіт кездесеміз деген желеумен көлікке отырғызып, телефонын тартып алған. Кейін жалдамалы пәтерге апарып, зорлық көрсеткен.

ЖӘБІРЛЕНУШІ: «Сол қолымен көкірегімді басып, шешіндіре бастады, сөйтіп маған айтты, “қазір видео түсірем, өз еркіммен келдім деп айтасың” деді. Әйтпесе бұл жерден шықпаймыз деді».

Оқиғадан кейін жігіт қызды Түркістан облысындағы үйіне алып кеткен. Ал қызын іздеп барған 70 жастағы қарт әкесін де соққыға жығып, күш қолданған көрінеді. Осыдан соң отбасы полицияға арыз түсірген.

ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ ӘКЕСІ: «Қызыңыз өзі қалам деп жатыр деді. Не қыласыз жігітті қаматқанда, қызды үйге апарғанда не істейсіз? Ол бүлініп қойған. Үйге барған соң отырып қалады. Ешкім алмайды деп әңгіме айта бастады. Әлгі баланы сотталатын болса 20 жыл беріп, кастрация істесе аянышты емес па деп»

Арада көп ұзамай қылмыстық іс жабылған. Ал қыз күдіктінің үйінде үш ай тұрған. Жәбірленуші осы уақыт ішінде жігіт оның шәкіртақысын тартып алып, бірнеше рет ұрып-соққанын айтады. Отбасы қайта шағымданғанымен, күдікті жазаға тартылмаған.

ГҮЛАЙХАН ТҰРСУМАНОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАПТЫҢ АДВОКАТЫ: «Сот сараптамасының қорытындысы бойынша қыздың пердесі бұзылғаны өз дәлелін тапқан. Тағы да арыз жаздық. Қазіргі таңда әлі жауап жоқ. Қазір де өздеріңіз естіп отырсыздар ғой, қыздың өлімі болды, кәмелет жасқа толмаған қызды алып қашты, осы іс те оның барлығы полицияның немқұрайдылығы деп санаймыз»

Жәбірленуші тарап Бас прокуратураға дейін шағымданған. Алайда іс қайтадан жергілікті органдарға жолданған. Ал Шымкент қаласының прокуратурасы қылмыстық істің тоқтатылғанын ғана хабарлады.

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ:
«2023 жылдың қыркүйек айында Әл-Фараби АПБ-на Түркістан қаласының тұрғыны арызданды. Шағымда оның кәмелетке толмаған қызын ер адам зорлағанын айтқан. АПБ ҚК-тің 120-бабының 3-1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Күдік келтірген тұлғаның іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмауына байланысты 2025 жылдың мамыр айында аталған қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған шешіммен аудан прокуратурасы келіскен».

Қазір жәбірленуші кәмелет жасына толған, ал жігіт 23 жаста. Арада бірнеше жыл өтсе де, түркістандық ата-ана қыздарына қатысты әділдікке қол жеткізе алмай, тығырыққа тіреліп отыр.

Лаура Бабас