М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер және педагогика институтында тағы бір атаулы кабинет ашылды. Ол отбасы құндылықтарын ұрпақ бойына сіңіруде, қазақ этнопедагогикасының дамуына сүбелі үлес қосқан педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекованың есімімен аталады.
Бұл дәрісханада 43 жыл бойғы ізденіс пен ғылыми еңбектер туралы мәліметтер жинақталған. 1945 жылы Павладар облысы, Шанды ауылында дүниеге келген Асма Ахметқызы жастайынан білім-өнерге құштар жан болды. 1969 жылы Анатолий Некрасов атындағы мемлекеттік педагогика институтын тарих пәні мұғалімі және тәрбие жұмыстарының әдіскері мамандығы бойынша бітірді. Сол жылдан бастап М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да жарты ғасырға жуық уақыт ұстаздық етіп келеді. Ғалым Асма Қалыбекованың 300-дей ғылыми-әдістемелік құралдары педагогика саласының барлық тұстарын қамтиды.
Сәуле Назарбекова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, химия ғылымының докторы. Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры: «М.Әуезов атындағы университеттің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өздерінің біліктілігімен еліміз ғана емес, шетелдерде де белгілі ғалымдарымыздың есіміне арналған білім дәрісханаларын ашып отырмыз. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асма Қалыбекованың білім саласындағы еңбегі өте зор. Білімді әрі дара тұлға екенін бәріміз білеміз. Талай оқулықтың авторы, орта арнаулы оқу және шалғайдағы білім ұяларындағы оқыту проблемаларын шешуде оның еңбегі зор».
Университеттің құрметті ұстаздарының бірі осы жемісті еңбектерінің арқасында мемлекеттік наградаларға да ие болған. Ол тек ағарту саласымен шектеліп қана қоймай, өңіріміздегі әлеуметтік салаларға етене араласқан жан. 1996-1998 жылдары ОҚО әкімдігі жанынан құрылған отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңесін де басқарды. Оның білім саласындағы еңбектері шетелдерге де тарап үлгерді. Бүгінде Асма Азхметқызының шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда қызмет етеді. Оның жетекшілігімен 35 ғылым кандидаттары, 5 докторлық диссертация қорғалды. Бүгінгі көрсетілген құрметке ғалым дән риза.
Асма Қалыбекова: «Мен өзімді өте бақытты адам деп санаймын. Өйткені осы табалдырықтан аттап жұмыс жасап жатқаныма 43 жыл болды. Қаншама студент, магистрант, кандидат және докторанттарды дайындадым. Аллаға шүкір, маған денсаулық, күш-қуат бергеніне. Екіншіден, Оңтүстіктің жұртшылығына, мәдениетіне, салт-дәстүріне мың да бір рахмет дегім келеді. Таңғысын, түсте, қай мезгілде болмасын, келсем мұғалім, студенттер, тіпті, проректордың өзі де жағдайымды сұрап тұрады.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Академик Асма Қалыбекова оқу орнында қазір де шәкірт тәрбиелеп жатқан жандардың бірі. Енді оның еңбектерін педагогика саласында әдістемелік ретінде пайдаланушылар қатары молая түседі.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0irOcIZmOEA[/youtube]