Шағын және орта бизнесті дамытуда көп кездесетін қиындықтың бірі — рұқсатнама алу мен келісім мәселесінде. Осы жүйені оңтайландыру үшін ашылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құжат алудың мәселесін саралай келіп, оған 1 айдан 1,5 жылға дейін уақыт кететінін анықтады. Республика бойынша Оңтүстікте ашылған өзгеше форматтағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Нұржан Әлтаев орталықтың жұмысы жайлы Елбасының Оңтүстікке жасаған іс-сапары кезінде есеп берді.
Нұржан Әлтаев, ОҚО кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры: «Барлық құжат түрін дайындауға көмек береміз. Мемлекеттік органдармен байланысып, бір терезе қағидасы бойынша кәсіпкерге дайын құжаттарын жасап береміз. Осының нәтижесінде біз рәсімдеу жұмыстарының қиындығын бірнеше есе қысқарта алдық. Ең бастысы, кәсіпкер шенеуніктердің есігін тоздырып, уақытын сарп етпейді.»
Орталықтың мамандары кәсіпкерлерді қаржылық жағынан да қолдай алады. Соңғы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау бойынша 30 мемлекеттік және салалық бағдарлама жүзеге асқан. Алайда мұндағы мәселенің бірі — халықтың осы бағдарламалардан хабары аз.
Қалай болғанда да осы күнге дейін орталыққа жүгінген 16 мың кәсіпкердің 15 мыңнан астамына қолдау көрсетілген. Атқарылған жұмыс мемлекет басшысының да көңілінен шықты. Бүгінгі таңда орталық қызметінің арқасында 1,5 мыңнан аса жоба мақұлданып, оған 21 миллиард теңге жұмсалған. 4,5 мың азамат жаңа жұмыспен қамтылыпты.