Хамзалықтар ақ шаңнан көз ашпай отыр (фоторепортаж)

892

Көшелеріне газ құбыры жүргізіле бастағанда хамзалықтар қуанған болатын. Алайда, ол қуаныштары көпке созылған жоқ. Жұмыстарын аяқтаған газ таратушылар жолды толық тегістемей кетіпті.

Бұл – «Хамза» шағынауданындағы Нығметжан Қашымханов көшесінің (бұрынғы Пионерский) тұрғындары. Халық соңғы бір айдан бері шаң жұтып, көкжөтел болғандарына ашынады.

IMG_7744

80-ге жуық отбасының мүшелері көшеден өткен-кеткен көліктердің шаңынан көз аша алмай қалған. Көгілдір отынның құбырын жердің астынан қайта өткізген жұмысшыларға өкпелері қара қазандай.

IMG_7750

Үп еткен желге, кілт еткен адамның жүрісіне көтерілетін шаң көпке дейін басылмай, ауада тұрып алады. «Соның салдарынан үйден сыртқа шығу мүмкін емес» дейді тұрғындар.

IMG_7763

Осы көшенің тұрғыны Мария Құлжанова сексенді алқымдаған. Немере-шөберелерін көшеге алып шығып, ойната алмайтынын айтып отыр.

 – Көшеміз 60 жылдан бері асфальтсыз тұрған. Бірақ, тас төселгендіктен, шаң көтерілмейтін. Өткен айда газ жұмысшылары қазды да быт-шытын шығарып кетті. Балалардың аяғы қара шаң. Бастаған ісін аяғына дейін бітіріп, үлкендердің батасын алудың орнына қарғысын алуға қорықпайтынын болғаны ма?

IMG_7768

Ал Айсара Сыдықалиева арызданып, бармаған жері қалмағанын айтады.

 -Хамзаның барлық көшелеріне әп-әдемі болып асфальт төселді. Біз тоқалдан туылғандай тағы қалып кеттік. Абай аудандық әкімдігі ақша жоқ дейді. Сонда не, жоба жасалғанда ұйықтап отырған ба? Мына газдың адамдары келді де, онсыз да оңбай отырған көшеміздің топырағын төңкеріп, бұрқыратып кеттті. Жаздай терезе аша алмай отырдық.

IMG_7774

Көшеден бір көлік өтсе, бүкіл тұрғын шаң жұтады. Ол басыламын дегенше келесі көлік жетіп келеді.

IMG_7780

Көшенің кішкентай тұрғындары далада ойнаудан қалған. Аналары сәбилерін шаң басылды-ау дегенде, кешке қарай ғана далаға алып шығады. Онда да тазарып жатқан ауа жоқ.

IMG_7792

Айтуыларынша, бұған дейін бірде-бір құзырлы орган өкілдерін хамзалықтарға мардымды жауап бермепті. Ашынған ағайын енді шаңнан арашалап алуды тілшілерден сұранады.

Ал бұған «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің өкілдері не дейді?

"ҚазТрансГаз Аймақ" ААҚ техникалық бақылаушысы - Валерий Пак
«ҚазТрансГаз Аймақ» ААҚ техникалық бақылаушысы – Валерий Пак

 «Бұл көшеде көгілдір отын тарату желісін жаңғырту бағдарламасы жүргізілді. Мердігер қазған жерін көміп, тасын төсеп кету керек еді. Бірақ, олай істемеген екен. Алдағы аптада бұл көше бұрынғы қалпына келтірілетін болады» дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» ААҚ-ның техникалық бақылаушысы Валерий Пак.

Берілген уәде дер кезінде орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Десе де мұндай жағдай Шымкентте алғаш рет орын алып отырған жоқ. Жаңарту жұмыстарын жүргізген мердігерлердің істі соңына дейін аяқтамай, шұңқырларын қазып, бетіп жаппай кетіп жатқан фактілер жетерлік. Соның зардабын қарапайым халық тартып отыр.