Қазығұртта судың жаңа бағасы бекітілді

570

Қазығұрт ауданының әкімі тоғыз айда атқарған жұмысын қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Журналистердің сұрақтарына жауап беріп, ауданда кенже қалған мәселерді де шет қалдырмады. Әсіресе, ауызсу қымбаттамайтын болды деп сүйінші сұрады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9j7U8hUSAl0[/youtube]

Осыдан бір ай бұрын қазығұрттықтар ауызсу бағасы қымбаттайтын болды деп шулаған болатын. Бұған дейін судың әр текшеметріне 43 теңгеден төлеп келген олар қыркүйектен бастап екі есе артық төлейтін болдық деп ашынды.

Пәти Құралбаева, Ашбұлақ ауылының тұрғыны: «80 теңге деген өте қымбат қой! Біз зейнеткер адамбыз, зейнетақыны алсақ, суға төлесек, басқаға төлесек, өзіміз не ішіп-жейміз?! Балалардың бәрінің жұмысы жоқ.»

 Бүгін аудан басшысы бұл мәселенің түйіні шешілгенін жеткізді. Баға өскенімен, жергілікті су арнасы мен әкімдіктің қайта есептеу шараларын қолға алуымен тұрғындар өтемақыны бұрынғы бағамен төлейді. Сонда да болса Қазығұрт ауданы облыста ең қымбат ауызсу тұтынып отырған аймақтың бірі болып саналады.

Болатбек Қыстауов, Қазығұрт ауданының әкімі: «27-шілде күні табиғи бәсекелестікті реттеу агенттігінен өз тарифымызды анықтап алдық. Ол баға қолданысқа қыркүйек айынан бастап еніп отыр. Яғни, 66 теңге. Бүгінгі таңда салалық басқармадан қорғаудан өтіп, монополия агенттігінен қорытынды алып, 2014 жылдың 1-қыркүйегінен бастап тұрғындар судың 1 текше метрін 30 теңгеден ішетін болады. Қалған қаржысы субсидия ретінде мемлекет тарапынан төленетін болады.»

Қымбат судың өзін Қазығұрттағы 64 елдімекеннің 42-сі ғана ішіп отыр. Онда да белгіленген уақытта ғана беріледі. Қалған 22 ауыл тіршілік нәрін түрлі су көздерінен ішуге мәжбүр.

Бұдан өзге ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Әсіресе, ауданнан индустрияландыру аймақ ашылып, 1400-дей адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 4 жоба индустрияландыру картасына ұсынылып үлгерген.