Анар Аспанды еске алсақ…

Анар Аспан (Бәкірова)
Анар Аспан (Бәкірова)
Анар Аспан (Бәкірова)

Белгілі журналист, «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік Қазақстан, «Жаңа Қазақстан» газеттерін басқарған білікті басшы Анар Аспанның (Бәкірова) жылдық асы қазанның 25-і күні сағат 13.00-де Шымкент қаласындағы «Томирис» тойханасында беріледі.

 

Нәзира ТӘШІМБЕТОВА, Сарыағаш ауданының құрметті азаматыНәзира ТӘШІМБЕТОВА, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы:

«Мен оны 17 жасынан білемін»

Ол кезде екеуміз де комсомолдың жалындаған жауынгерлері едік. 1977 жылы 23 жаста Келес аудандық комсомол комитетіне хатшы болып келдім. Аудандағы «Комсомол прожекторын» басқарамын. Комсомол ұйымдарының жұмысын тексеріп, науқандық жұмыстар кезінде шаруашылықтарды аралап, атқарылып жатқан тірліктерге рейд жүргіземіз. Анармен сондай сапардың бірінде таныстым. Ол Жүзімдік совхозында комсомол жастар жүзім звеносының жетекшісі екен.

– Мен сіздердің осы совхоздағы қоғамдық негіздегі хатшыларыңыз боламын, – деді Анар қолын ұсынып. «Батыл қыз» екен деп ойладым.

– О-о, онда бірлесе жұмыс істейтін адамымызды тауыппыз ғой, – дедім мен де оның алғырлығын аңғарып.

– Біз мұнда 12 қызбыз. Шұбартаулық жастардың бастамасын қолдап құрылған қызыл көйлекті қыздар звеносымыз, – деді Анар. – Сіздің біздің ауданға комсомолдардың хатшысы болып келгеніңізді естігенбіз, газеттен оқып, суретіңізді көріп, «қандай сұлу хатшы» деп тамсанып едік, енді өзіңізді жүзбе-жүз көріп, қуанып қалдық.

«Өзі тіпті еркін, ашық -жарқын екен. Жоғарыдан келген басшыларды көрсе, тілдеспек түгілі қасына жақындауға қаймығып, қысылып тұратын ынжық, тұйық кейбіреулер секілді емес, кім-кіммен де тосылмай танысып, араласып кететін ақкөңілдің нақ өзі-ау мына қыз» деп түйгенмін іштей сонда. Сол ойым дұрыс шықты. Анар біздің прожектордың жұмысына белсене атсалысып тұрды. Жастардың жұмысы жайлы, проблемалары туралы аудандық газетке мақала жазып тұруға да үлгеретін белсенді комсомолдың бірі болды. Кейіннен ойлап қарасам ол алдағы журналистік үлкен жолының соқпағын сол бір ауылда трактор айдап, қызыл көйлегі желмен желбіреп жүрген балаң күндерінен бастаған екен.

Анардың соңынан ерген жалғыз інісін жетектеп кішкентайынан нағашысының үйінде қалғанын да оның өмір тарихымен таныса жүріп білдім. Намысшыл қыз «жетімдігінен жетілмей қалды» деген сөзді естімес үшін тасбауыр тағдырында жолыққан қиындықтарға мойымай, өз жігерін жанумен келе жатқан қайсарлығымен ерекшеленіп тұратын. Сол дәуірде жетім-жесір, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың жақсы оқыған балаларына Москвадағы Патрис Лумумба атындағы халықаралық университетіне түсуге комсомолдық жолдама берілетін еді. Жігерлі де , алғыр Анарды біз комсомолдық сондай жолдамамен оқуға жібергенбіз. Бірақ сол кезде кесе-көлденең келген бір тосын жағдай оның жолын бөгеді де, оңынан туып тұрған бұл мүмкіндікті пайдалана алмады.

Кеңестік кезеңдегі тағы бір жастарға жасалған жағдай – республика бойынша озат комсомолдардан арнайы құрылған «Достық» поезымен батыр қалаларды тегін аралатып қайтатын. Біздің ауданнан бұл бақыт Анарға бұйырып, Шымкенттен Алматыға жетуі керек болды. Бұл Анардың жолы шынымен ауырлау ма қайдам, осы сапардан да ол қалып қала жаздады. Айтылған уақыттан кешігіп келген оны Абайдан Шымкенттің темір жолына жеткізуге санаулы уақыттар ғана қалды.

– Ойбай-ау, поезға жете алмай қалсақ, ауылға қайтып келеміз бе? Неғып кешігіп жүрсің? – деп ашуға булыққан мен, дереу бір таксиді алып, Шымкентке зауладық. Таксист жігітті «бол, бол, жылдам айда» деп төбесінен төніп, асықтырып отырып, түу әйтеуір вокзалға жеттік қой. Анардың шабаданын сүйрелеп, вагонға жақындай бергенде поезд орнынан қозғала бастаған еді. Жанұшыра айқайлап жүріп, вагонның табалдырығына зорға аяғы ілікті-ау. «Уһ!» деп жерге отыра кеткенмін сонда. Айға жуық уақыттан кейін жайраң қағып Анарымыз келді. Онымен бірге біз де қуанып, көрген қызықтарын сұрап, мәре-сәре болғанымыз да күні кешегідей көз алдымда.

Қызмет бабымен мен ауданнан басқа жаққа ауысып кеткен соң араға біраз жыл салып Сарыағаш аудандық партия комитетіне хатшы болып келдім. Осында қызмет істеп жүрген 88-ші жылдың күзінде бір күні кабинетіме Анар кіріп келді.

– Нәзира Бердібековна, таныдыңыз ба, мен баяғы «тракторшы қарындаспын» ғой, – дейді жымиып. Есейгені болмаса, сол баяғы жайдары қалпы.

Өмірінің соңына дейін сыйласып, сырласып жүретін әрі сіңлі, әрі замандас, әрі біздің үйдің «қызы» еді. «Қызы» дейтінім, менің күйеуім Бәкірді «папа» дейтін. Фамилиясы Бәкірова болғандықтан біздің Бәкең де оны «қызым» деп еркелетіп қоятын. Мен Анарға әзілдеп, «сен Бәкеңнің артынан келген қызысың» дейтінмін.

Ол өте бауырмал, өзгенің жақсылығына өзінің шаттығындай шаттанып, шын жүрегімен қуанатын еді. Мен үш қыздан кейін Бақытсейіт есімді ұлымды дүниеге әкелгенімде:

– Ой, Нәзеке, менің інім туылды. Енді Бақытсейіт деген бауырым бар! Қалидан кейін бір інім жоқ деп жүруші едім, – деп мәз-болып, қуана құттықтаған Анар еді ол.

Ол өте мейірімді, кішіпейіл, өзі әлденеге кінәлі болып қалса, кішірейіп, кешірім сұрауға арланбайтын жаны жұмсақ қыз болатын. Мені әпке тұтынып жүретіндіктен бе, көңіліндегі сырын да, мұңын да жасырмайтын. Осы Асхан – Асхан Майлыбаева екеуі әлденеге өкпелесіп, біраз уақыт араларына салқындық түсіп жүрді. Қателік өзінен кеткенін мойындаған Анар Асханмен татуластыруымды өтініп сұрады. «Оңтүстік Қазақстанға» редактор болғанында құттықтап келген маған «Тәте, мені бүгін Асханмен қалайда татуластырып кетші! Екеуміз бір жерде қалай тоң-теріс болып жұмыс істейміз?» деп жылап жіберді. Олардың сонау Сарыағаштан бір-біріне жақын жандар екенін, бір шаңырақта тұрып, бірге қызметтес, әрі туыс адамдардай болып кеткенін білетін мен екеуін бітістіріп, сол күні үшеуміз күліп отырып шәй іштік. Сонда Анар, «Асек, айналайын, алтын жеңешем менің, тентек қайынсіңліңнің бір жынды мінезін кешірші! Сенімен арада өткен бес жыл сегіз ай үнсіздік білесің бе, менің жанымның қандай жарасы болғанын», – деп Асханның мойнына асылып, солқылдап жылағанын көргенде Анардың жанының соншалықты нәзіктігі мен жүрегінің мөлтілдеген мейірімін сезіп, менің де жанарым суланды. Расында олар жеңгелі-қайынсіңлілі жандардай қатты сыйласатын. Шойбекті туған ағасындай жақсы көретін. Ол бірге туған бауырынан ерте айырылғанымен жан-жағына үнемі адам жинап, бірін әпке, бірін аға, бірін сіңлі, бірін іні етіп, төрт құбыласы тең адамдай жүретін.

Сарығашқа келсе, менің қызмет орныма соқпай кетпейтін, «менің әкем қалай?» деп жайраңдап алдымен біздің Бәкеңнің жағдайын сұрайтын. Енді олай деп аңқылдап кіретін Анар көрінбейді… Анар «Әкем» дейтін менің Бәкірім де сол «қызының» соңынан кетті… Өмір деген осылай бір күні тұйықталатын өткінші дүние екен ғой, шіркін…Қайтерсің!?

 

Гүлсара Қуанышбаева, журналистГүлсара Қуанышбаева, журналист:

Апам менің…

Анарды жетік біліп, жете қадірлеуім сексен жетінің тамызынан басталды. Кабинетке еркін кірген қыз жаныма келіп, «Танысып қояйық! Атым – Анар. Мен саған әпке болатын шығармын!» деп, төтесінен айта жөнелгенде таң қалғанмын. Сол таң қалған күйі әлі күнге дейін таң қалумен келемін.

Аудандық «Келес таңы» газетінде жұмыс істейтін кезіміз. Ол – тілші. Мен – түзетуші. Екеуміз де әпкелеріміздің үйінде тұрамыз. Демалыс күндері біздікіне бару дағдыға айналған. Алғашқы келуінде редакциядағы хатшы қыз Ләззат екеуін қонаққа шақырдым. Келгенше қыздар қымсынды. Келген соң үйдегілер ұялып барады. Дастархан шетінен жайылып жатыр. Үлкендердің әдеті ғой. Әжем Айнагүл «қарап отырғанша» деп, жөн сұрасып, тегін білісуге көшті. Сүт пісірім уақыттың өткені сол, әжем Анар қызымен құшақтаса қалыпты. Иісі әбден өзіме ғана сіңген о кісінің басқаға өтіп бара жатқаны бой жетсе де Гүлсараның іш-қазанын қайнатқалы тұр. Ызаға булығып үлгергенім жоқ… Анар: «Е, қыз, өткенде мен саған «Мен сенің әпкең боламын» деген едім ғой. Әпке болғанның басы осы» деп, тағыда қойып қалды. Әжем де іліп алып: «Бұл үйде екі түйір немере қызым бар еді. Енді сенімен үшеу болды» деп, Анармен бірге мәз-мәйрам. Сол көнекөз әжем жарықтық оған ерекше қарайтын болды. Мейір салғаны, Анардың ең алдымен анадан ерте жетім қалуымен байланысты болды. Мені қарны тоқ, қайғысы жоққа теңеп, қашан көрсем де Анарды әлпештеп, өбектеп отыратын. Бар жақсысын, бар жылысын, бар тәттісін де сол «Анар қызыма!» деп, сақтайтын. Ол таң қалғаным аздай, анам Дариха да енесінен көргенді істейтін болды. Бар айтқанына көніп, айдауына жүріп, тірлігін тындырып жүретін Сарасына қимаса да..,/мені Сара дейтін/ анам Анарға деп әкем берген 5-10 сомынан бөлек, өзі атағанын да қыстырмалап беріп жататын. Анар апам ол құрметке дән риза болатын. «Сендердікіне келгенде бір жасап, бір еркінсіп қаламын. Шіркін, бір тал бауырыма қатысты жағдайым да сондай болса ше?! Ауру азабынан құтқарсам, анамнан қалған аманат – інімді» дейтін. Інісі бардың тынысы барын шындап сезінгісі келетін. «Медет тұтқаным – нағашыларым» деп білгенімен, өскен-өнген қазақы отбасын аңсайтын.

Сынаптай сырғып өтіп жатқан сүреңсіз өмірге Жүзімдік совхозының сол кездегі директоры Беркін Қалмахановтың үлкен азаматтық танытып жүріп, Анарға совхоз үйінен уақытша пәтер беруі әжептеуір өң берді. Інісін сол үйге жайғастырып қана байыз тапқандай. «Таршылықта сыйыспаған, кеңшілікте қиыспайды» деуші еді апам. Бекеңді осы жақсылығы үшін туған ағасындай көрді. Ол үйдегі жеңгені де сыйласқанға, жеңгелі-қайынсіңлілі болып сырласқанға құп көретін. «Өткені бар» деп, ағамыздың бар жақсылығынан қалмайтын. Аспанның қызы Анардың тілі өткір еді. Шұрайлы, кесек-кесек ойы бар-тын. Тесіліп ізденетін. Қаймықпайтын. «Қайғы-қасіреттің қара бұлты басыма үйіріледі» деп жүрегі шайлықпайтын. Ауыр да тауқыметті жылдары газетін ашты. Ашығын жазды. Батырып айтты. «Жүрексінбейсің бе? Осы саған таң қаламын» деп, талай айтқанда, бас кеспектің барын, тіл кеспектің жоғын меңзейтін. Салт өмірге әбден бейімделгенімен, Анар апам қазақы салтқа, әдет-ғұрып, жол-жосыққа келгенде мұқалмайтын. Тұрмыс құрғанда осынысын дәлелдеп бақты. Қоңыраттардың еңбектегенінен еңкейгеніне дейін құрмет көрсететін. Келін жөніндегі инабат-ибасын ұмытқан емес. Өмірзақ Айтбаевтай бар қазақтың бағына біткен қайынағасын көргенде иіліп тұрып сәлемін салатын. Мұқаңдай сыңарына бар жағдайын жасап, бабын табатын. Үйде бір сәт те екеуара қалғысы келмей, төңірегін түгендеп, ақ дастарханын жаятын. Не көрсе де, көпшілікпен көргісі, бөліскісі келіп тұратын. Шат-шадыман шаттықты хош көретін. Қайғы бөліссең, жеңілдейтініне, ал, қуаныш еселене түсетініне бек сенетін. Мәскеу барып, Қызыл алаң тамашалап жүргенде таксиге отыра салып ән салған Анарға таңырқай қарап, туған еліне сағынышын білдірген таксист жігіт тегін жеткізіп салған болатын. Шәмші ағасы секілді сығандардың тобырына кіріп кеткеніміз де сол себептен. Болгарияда жүріп, қызыққа батқанымыз сығандардың қазақ қыздары – мынау бізді көргенде құдды бір туысын көргендей жағдай сұрасып, туып өскен, кіндік кескен жер – Қазақстанды емірене еске алып, сол элегиядан тойға шақыруында еді. Анар да жаратылысында жатырқауды білмейтін. Ұлтқа, дінге бөлмейтін. Шақырған жерден қалмады. Өзі ыңылдай жөнелетін «Мәриям Жагорқызын» отандастарына шырқап бермей қоймады.

Болгария асып, такси мінгендегі қызық та күнделікке сызып қоятын жағдаят. Жүргізуші азамат Анардың өзі сүйіп шырқайтын «Мәриям Жагорқызы» үшін бірнеше күн ел астанасында тегін тасыған. Пай-пай, шіркін, әу дегені көмекейінен ән боп тамылжи ағатын. Ал жазғаны сөз маржанындай тізбектеле түсуші еді.

Аңғалдығы баладай еді. Алданып, сеніп қалып жүретін. Өзі қандай болса, жұртты сондай деп танитын. Дархандығында шек жоқ, даладай-тын. Жадау иін, жұтаң төр жарлы-жақыбайлардың, жетім-жесірлердің ахуалын өз басынан өткендіктен бе, ішкі «менін», жан-дүниесін жақсы білетін. Терең түсінетін. Бірде есімде… шаңырақ құрып, түтін түтете қоймаған кезім… тұрмысы тықыр бір жігітті бастан-аяқ киіндіріп алып, мені айттыра келіпті. Онысы Апамның арқасында суыққа тоңған балапандай боп, бұйығып отыр. Ат тонымды алып қашайын. «Қай-қайдағы біреуді жарылқап, теліп жүресің» деп. Шамданып, өре түрегелдім. Сол оқиғадан соң, апамның ренжігені бар. «Қай-қайдағы біреу дегеннің ішінде тас жетім менің де кеткенім. Ол да мен сияқты жетім. Сосын есіркедім. Жетім жетілмей ме… Бірге оңаласыңдар деп пайымдағаным ғой!» деді, жанарын жас шая. Біраз уақыт ренішінің тоңын жібіте алмай жүрдім. Ал, татуласқан уақытта сол жігіттің бірлі жарым тісі түсіп қалғандықтан, ақкөңіл Апамның оған «қайыр қылсам, бүтін қылайын» деп, тіс салып бергенін де білдім.

АПАМ МЕНІҢ осындай жан еді. Көзден таймай тұрып, «Сен бірінші кетпе, бабалар тартқан сапарға. Мен кетейін. Жоқтаушым сенсің. Сен кетсең, мені кім жоқтайды?!» деп қоятын. «Қане, жоқтауыңды жұпташы, не дейсің?!» дегені де болашағын болжағаны, алдын, ақырын сезгені екен-ау!

Жер астында нұрың, жер үстінде үнің шалқысын, АПАМ МЕНІҢ! Ерекше болмыстың, ерекше киіністің, ерекше жүрістің, …. бәрінен де ерекше жазудың адамы едің. Сөзге сараңдығың жоқ еді. «Жаңа Қазақстаныңның» бір санында қайынағаң Серікжанның азаматтығын айтыпсың. Шын көңілмен олай жазатындар ілуде біреу. Қуаныш десе ортақтасатын… қайғы десе бөлісетін… біреудің жылт еткеніне періштедей шаттана білетін…уайым-ауыртпалығына арқасын тосатын ӨЗІҢ сияқтыларға ТАҢ ҚАЛАМЫН!

Қадіріңді білер жұртың, еңбегіңді елер елің аман болсын! Тәңірім саған Жұмақтың төрін бергей, АПАМ МЕНІҢ!

 

Перизат Алшабаева, ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қаласы Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директорыПеризат Алшабаева, ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қаласы Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры:

«Оңтүстіктің еркетай қызы еді…»

Анар Аспан десе елең етпейтін жан жоқ шығар деймін.Өзі қандай кең болса, пейілі де сондай кең еді. Мені әпке тұтып, ал мен сіңілімдей жақсы көріп, араласып жүрген жайымыз бар еді.

Таныстығымыз да қызық басталды. Аптаның жаңа газеттерін ақтарып, қолыма «Оңтүстік Қазақстан» газетін алып, соңғы бетін қарасам, мені туылған күніммен құттықтап, суретіммен шығарып, «құттықтаушы сіңліңіз Анар Аспан» деп қолтаңбасын қойыпты. Қайран қалдым. Дереу телефонын тауып, хабарласып, кейін жұмысына барып көзбе – көз көрісіп, ыстық құшақты айқастыра таныстық.

Міне, содан бері 4 – 5 жылдың жүзі өтіп кетіпті. Жағдайы нашарлап ауырып жүргенде үйіне барып халін сұрағанымда аңқылдаған ақ жүрегімен бауырым деп жақын тартқанда, жүрегім езілгендей болып еді. Сөздері салмақты, жүзі келісті, тіпті еш ауырмаған адамдай маңғазданып, менің келгеніме қуанып, астыма қалыңдап көрпеше төсеп, әп – сәтте құрт майын қойып, ыстық шайды рахаттана сораптап ішіп отырып, менің сіңілім әлі жүз жасайды деп қуанған едім. Әңгімелесіп, шүйіркелесіп отырып, дастарханға қойған майын, құртын өз қолымен жасайтынын, арнайы май пісетін күбі жасатып, сол күбіде пісетінін айтып, ауылдағы тіршілікті сағынышпен елестетіп еді көз алдыма. Қызарып, алабұртқан жүзіне қарап отырып, өмірі ұзақ болғай деп едім.

Әттең, ажалға араша тұра аласың ба? Бауырымдай болған Анар Аспан 3 қарашада қара аспанды қақ жарғызып, найзағайын сартылдатып, ақ нөсерін аямай төккізіп, бұл өмірден бақилыққа кете барды.

Өткір де, жаныңды шуаққа бөлер ұтқыр мақалаларымен талай тағдырға араша түсіп, талай қорғансыз жандарға қамқор болып, талай үйсіз – күйсіз жандарға баспана әперуге ұйытқы болып, талай қыздарға, жас аналарға отбасын берік ұстауға аналық ақ жүрегімен ақылын айтып, жұбатып, жарастырғанын халқы ұмыта қоймас. Сіңілімдей әрі бауырымдай болып кеткен Анардың мен үшін орны ерекше. Рухы биік, Оңтүстіктің еркетай қызы Анарды мәңгілік жүрегімізде сақтап, әр кезде еске алып отырамыз. Амал нешік…