Таяуда бір топ жерлестеріміз аштық жариялады. Бірнеше жыл бұрын жекеменшік банктерден баспаналы болу үшін несиеге қаржы алғандар енді барымыздан айрылып отырмыз дейді. Айтуларынша, қарыздың жартысын өтеп, қалғанына шамалары жетпей қалған. Тұрғындар сотқа шағымданғанымен, дау банктердің пайдасына шешіліпті. Осылайша берешегін өтемегендер үйлерінен қуылған. Енді барар жері, басар тауы қалмаған топ Президентке арызданбақ.
Светкүл Қадырходжаева, қала тұрғыны: «Банктерге барып, жағдайымызды түсіндіріп жатырмыз. Тіпті, Астанаға да барып, тиісті мекемелерге де өтініш жасап жатырмыз. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бізді ол жақта полиций қызметкерлері ұстап, айыппұл салды. Ал қазіргі нақты талаптарымыз — Үкімет тарапынан бізге көмектессін дейміз! Жұмыс тауып берсін бізге! Несиеден босатсын! Жұмысымыз, базардағы орнымыздан да айырылдық қой. Қайда жұмысқа тұрсақ та шығарып жібереді. Былайша айтқанда, біздің жолымыздың бәрі жабық. Қазақстанның басты байлығы — халқы ғой. Соны ұғып, біздің жағдайымызды жасасын! Мына соттан да қайыр жоқ. Бәрі банкке жақтасып жатыр. Жеті миллион теңге қарыз болса, 30 миллион теңге деп мойындарына іліп жатыр.»
Аштық жариялағандардың арасында кішкентай бүлдіршіндерімен отырғандар да бар. Ең сұмдығы, бейкүнә сәбилер де тамақтан қағылған.
Дина Ізенова, қала тұрғыны: «Мені үйден шығарып, несиеге алған үйімді басқа біреуге сатып жіберді. Мені екі баламмен қазір күйеуім тастап кетті. Сонда мен балаларыммен көшеде қалып отырмын деген сөз! Балам қазір ұйықтап жатыр, оянса оған да тамақ бермеймін. Қайдан аламын тамақты?! Бұл жерде беретін еш нәрсе де жоқ!»
[youtube]http://youtu.be/prNR7FeJcCw[/youtube]