Біздің қоғамда экстремизмге қарсы күрес қай кезде де маңызын жойған емес. Дегенмен, соңғы кездері Шымкенттегі базарлардан бейнебақылау камераларының саны артқанын байқау қиын емес. Әсіресе, «Бекжан», «Алаш» базарларындағы бейнекамераларды тек ішкі күзет қызметінің бақылауындағы нысан деуге келмейді.
Мәселенің мәнісін анықтай келе білгеніміз, облыстық прокуратураның тамыздың 19-ы күнгі алқа мәжілісінде «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңын мемлекеттік органдар мен басқа да заңды тұлғалардың орындалуын қадағалау бағытында бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру ұйғарылыпты.
Осыған орай, әсіресе қала базарларында және тойханаларда бейне камералар орнату қолға алынған.
Прокурорлық қадағалау мен ықпал етудің нәтижесінде бүгінгі таңда бір ғана Абай ауданы бойынша «Алаш» базарында – 16, «Тұлпар-2030» базарында – 20, «Бекжан» базарында – 37, «Самал» базарында – 7, «Т.Жұманов» базарында – 4, «1000 ұсақ түйек» базарында – 8, «Авто-Нұр» базарында – 12, «Баян-Сұлу» сауда үйінде – 35, «әл-Фараби» сауда үйінде – 48 бейне камерасы орнатылған.
Енді базарға барғанда бейнекамераны жиі кездестірсеңіз үрке қарамағайсыз, бұл сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалған іс-әрекет.