Бірнеше көпқабатты үй сусыз қалып, жертөлесін су басты

313
Жертөлені су алған

Шымкентте коммуналдық қызметшілердің кесірінен көпқабатты үй сусыз қалды. Электр желісін жөндеуге келген мамандар ауызсу құбырына зақым келтірген. Соның салдарынан атқылаған су сол маңдағы көпқабатты үйдің жертөлесіне құйылды.

Көшенің тас жол көтерілді
Көшенің тас жол көтерілді

Айдың күннің аманында 18-шағынаудандағы бірнеше көпқабатты үйді су басып қалды. Аулада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар ауызсу құбырын зақымдап алған.

Дулатбекова Ажар, №22 үйдің тұрғыны: «Бұл ескі үй, судың бәрі ішке кіріп кетті. Қазір – күз, алдымызда қыс келеді, не боламыз енді? Бала-шағаның бәрі ауру табады, бәрінен бұрын мына үй отырып қалады ма деп қорқамыз. Ал мынау аудандық су арнасы мамандары дегенің кеш келді, 3 сағат дегенде жетті ғой».

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=xxherZKaNEw[/youtube]

Тұрғындар осылайша онсыз да ескі үйдің іргетасына жертөлеге толған судың кесірі тиеді деп қауіптенеді. Ал тазалықты қадағалайтын мамандар бұл келеңсізідктің соңы жаппай ауруға ұласуы мүмкін дейді.

Айгүл Тұрымбетова, Еңбекші аудандық МСЭҚ басқармасының бас маманы: «Осындай апатты жағдайдың соңы халық арасында ішек ауруларына және одан да басқа жұқпалы аурулардың белең алуына себеп болады. Сонымен қатар, осы тасыған ауызсу қазір 5-6 үйдің жертөлесін толтырып тастады. Соның кесірінен қыс қарсаңында ұйқыға кеткен маса, шіркейлерді оянып, адамдарға басқа да жұқпалы ауруларды таратуы мүмкін. Яғни, жалпы айтқан кезде, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға үлкен қауіп төніп тұр».

Электрші маман кінәсін мойындап отыр
Электрші маман кінәсін мойындап отыр

«Артық қыламын деп, тыртық қылғандар» электршілер екен. Олар осы маңдағы үйлерге тартылған тоқ жүйесін жөндеуге келген.

Электрші маман: «Үйдің жарығы сөніп, мынау тоқтар үзілген екен. Соны жөндеуге келгенбіз негізі. Оны қазып жатып, су жүйесіне тиіп кеттік. Бұл жағдайға су құбырына тиіп кеткен біз кінәліміз».

Жарылған құбырды жөндеуге «Су арнасының» жұмыс тобы келді. Олар бірнеше сағатта тұрғындарға ауызсу беріледі деп сендірді. Ал осы аулаға жақында ғана төселген жолды тосын жағдайдан соң тағы да жөндеуге тура келеді.