Көшенің шаңын шығарғандарға айыппұл салынды

274
Шаңы шыққан көже

Қалалық техникалық инспекция өкілдері көшелердегі жөндеу жұмыстарын созбалаңға салған мердігерге айыппұл салды. Оған «Оңтүстік» шағынауданындағы Берут көшесі тұрғындарының арызы себеп болып отыр. Табиғи газ құбырларын жердің астымен жүргізіп жатқан «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесі осы жұмыстардың бір парасын «НС-люкс» компаниясына тапсырыпты. Ал соңғысы жүктелген жұмыстарды дер кезінде аяқтамай, тұрғындарға қолайсыздық туындатып отыр.

Берут көшесінің тұрғындары
Ашынған Берут көшесінің тұрғындары бас қосты

Берут көшесінің тұрғындары үш айдан бері шаң-тозаңнан көз ашпай келеді. Жазымен су сеуіп күн кешкен олар күздің батпағына малынамыз ба деп қорқады. Жұрт ала жаздай көгілдір отынды тарату жүйесін жаңарту жұмыстарымен айналысқан мердігер компанияның жайбасарлығына налиды.

Үрзия Дүйсенбиева, Берут көшесінің тұрғыны: «Тобығыңызбен шаңғы малынасыз. Ал машинамен қалаға барғанда тіптен ұят. Шаң деген үйдің ішіне дейін кіріп, жолдан бетпердемен әрең өтеміз.»

Шаңы шыққан көже
Шаңы шыққан көже

Бұл көшеде асфальт мүлдем болмаған. Жыл сайын шағал төсеп, алдап қояды деген жұрт «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылыптының» кебін кигендерін лажсыз мойындайды. Тасжолдан да айырды деп бармаған жері қалмаған.

Әбдіқадыр Махамбетов, Берут көшесінің төрағасы: «Осы уақытқа дейін көше қандай болса, сондай қылып қайтарып берсін. Асфальтты күтеміз дегенше, сан жылдар керек. Баяғы күнімізге жете алмай қалдық қой?!»

Техникалық инспекция жаңғырту жұмыстарын жүргізген «НС-люкс» мердігер компаниясына талабын төтесінен қойды. Яғни, көшені қайта қалпына келтіруге бір апта уақыт берді. Айта өтейік, олар бұл жұмысты 1-қазанда аяқтаулары керек екен. Созбалаңдыққа салынғандықтары үшін айыппұл да салған.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=1Huj4w5BIQk[/youtube]

Гүлзина Бердібекова, техникалық инспекция басшысының орынбасары: «Егер қалпына келтіру жұмыстары аяқталмаса, тағы да айыппұл салынады. Директордың атына 30 айлық есептік көрсеткіш айыппұл тағы жазылады.»

Мердігер компанияның өкілдері өздерінен кеткен кемшілікті мойындайды. Аптаның аяғына дейін Берут көшесіне шағал төсеп, қалпына келтіруге уәде берді.