Қанша жаста үйлену керек?

Некені қию үшін төленетін баж салығы - 1731 теңге

Жыл басынан бері Шымкентте 5909 отау тігілген. Қалалық Әділет басқармасы АХАТ бөлімінің басшысы Майра Есполованың берген мәліметіне сүйенсек, өмірлік серігін тауып, отбасын құрғандардың 90%-ын жастар құрайды екен. Дегенмен арамызда бесіктен белі шықпай жатып-ақ отау құрып жатқандар да жоқ емес. Мәселен, биыл шаңырақ көтергендердің ішінде кәмелет жасына толмай некесін қидырған 44 ерлі-зайыпты бар. Сонымен қатар, жасы келсе де отбасылы болуды екінші орынға ысырып, салт басымен сауық құрып жүргендердің де қатары көбейіп барады. Осы ретте «қанша жаста үйленіп, отбасын құрған дұрыс?», «Ерте ме әлде, асығудың қажеті жоқ па?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Некені қию үшін төленетін баж салығы - 1731 теңге
Некені қию үшін төленетін баж салығы – 1731 теңге
Майра Есполова
Майра Есполова

Майра ЕСПОЛОВА, Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің басшысы:

– «Отбасы шағын мемлекет» деп жатамыз. Ендеше осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді.

Алайда қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойында жоғарыда айтылған қасиеттерді кездестіре алмайсың. Нәтижесінде, отбасылық жауапкершілікті түсінбей үйленіп жатқандар көп. Мәселен, 2011 жылы – 1344, 2012 жылы – 1526, 2013 жылы – 1450 ажырасу фактісі тіркелсе, соның 80%-ы жастардың үлесінде. Ажырасуға ниет білдірген ерлі-зайыптылардың айтатын себептері де көп. Бірі мінез-құлқының сәйкессіздігін тілге тиек етсе, енді бірі материалдық жағдайдың төмендігін алға тартады. Осы ретте айта кетейін, шаңырақ көтеріп жатқандардың арасында кәмелет жасына толмағандар да бар. Бірі аяғын шалыс басып, еріксіз неке қиса, енді бірі жастықтың жалындаған ыстық отымен отау құрып жатады. ҚР «Неке және отбасы» туралы заңында неке жасы 18 деп көрсетілген. Алайда, бұл жас белгілі бір себептерге байланысты (егер қыз жүкті болып қалса немесе жастардың ортақ балалары болса) ата-анасының өтініші негізінде 2 жасқа дейін төмендетіледі. Көп жылдық тәжірибеме сүйенсем, мұндай жастардан үлгілі, әрі іргетасы берік отбасы шығуы екіталай. Сондай-ақ, арамызда отбасылық өмірді екінші орынға ысырып тастап, жасы 30-ды алқымдап, 40-қа жақындаған қыз-жігіттер де бар. Олардың бірі мансап қуып жүрсе, екіншісі «дұрыс адам жолықпай жүр» деген уәж айтады. Ал, енді бірі әлеуметтік мәселелерді алға тартып, бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке орай, «байып, дүйім жұрттан озам» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай, бармағын тістеп қалатындар да кездеседі. Маман ретінде пікірім, 30 жасқа толғанша кез-келген қыз-жігіт отбасылы болу керек.

2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы үйленгендер саны 2,1%-ға артқан

Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ
Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ

Зүлипа ӘЗІРЕТӘЛІҚЫЗЫ, психолог:

– Ежелгі грек ойшылы Платон «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмір­­­дегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-бабаларын жақсы білуі қажет» деген екен. Ал Аристотель болса «Отбасы – адам­дардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деген. Классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адам­дардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл бөлген.

Қазіргі қазақ баласының мінез-құлқының қалып­­­тасуында отбасылық тәрбие басым болуы керек деп ойлаймын. Ал, ол шаңырақтан бастау алады. Отбасынан бас­талған тәрбие бертін келе баланың санасына әсер етіп, одан болашақта елін сүйетін ұлтжанды тұлға, адал жар, сыйлы келін өседі. Жалпы, кеңес­тік дәуірде «Келін түсіру», «Қыз ұзату», «Жаңа отау құру», үлкен ұлағатты әдеттердің барлығы өткеннің қалдығы деп түсіндірілді. Алайда қазіргі таңда отбасын құруға ұлттық немесе қандай да бір басқалай әлеуметтік тосқауыл жоқ. Сондықтан, жастар жолдас таңдағанда, оның бойында өзіне ұнайтын мінез қырларын табуға тырысады. Болашақ отбасын құруда ерлі-зайыптылардың жас ерекшелік дайындығы ғана емес, олардың психологиялық даярлығы да маңызды. Болашақ шаңырақ иелерінің бір-бірін толық танып, жақсы түсіністік қарым-қатынаста болуы өте маңызды. Отбасының берік болуы болашақ ерлі-зайыптылардың өзіне байланысты. Олар болатын қиыншылықтарды алдын-ала сезіп, саналы түрде соны жеңіп шығуға бел бууы қажет. Әрине, отбасында түрлі экономикалық, әлеуметтік және жеке тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты мәселелер туындамай тұрмайды. Ондайдың соңы отбасының ыдырауына әкеп соғатыны да белгілі. Осы ретте, жастардың 26-30 жаста үйленгені дұрыс деп ойлаймын.

Елімізде 125 100 жұп некеге тұрса, 8 400 жұптың ажырасу туралы өтініші қанағаттандырылған.
Елімізде 125 100 жұп некеге тұрса, 8 400 жұптың ажырасу туралы өтініші қанағаттандырылған.
Тәңірберген ЕРГЕШОВ
Тәңірберген ЕРГЕШОВ

Тәңірберген ЕРГЕШОВ, Шымкент қалалық Әл-Муслим мешітінің бас имамы:

– Әрбір адамның өмірінде алдымен өзі туып-өскен, сонан соң өзі құрған отбасының алар орны ерекше. Ертеректе «Он үште отау иесі» деген атам қазақ, «өлімнен басқаның ерте болғаны дұрыс» деп ұлын ұяға, қызын қияға ертерек қондыратын еді. Айта кетейін, ол кезде қазіргідей сүйдім-күйдім деп қосылатындар аз болған. Жастардың ата-анасы өзара келісіп, балаларын үйлендірген. Нәтижесінде, керегесі кең, шаңырағы биік отбасы құрылған. Ажырасу деген болмаған. Бұл туралы «Әш’иа-тул-ләмәат» кітабындағы бір хадис шәрифте: «Ей Әли, үш нәрсені кешіктірме! Намазды уақыты кіре сала оқы, жаназа намазын да кешіктірмей оқы! Жесірді немесе қызды теңіне беруге асық» деп бұйырылды. Олай болса, намазын оқитын, күнәдан қашатын және нәпақасын халалдан табатын ер жігіт шықса, қызды тез арада соған ұзату керек. Ұзатылмаса фитнаға (бүлікке) себеп болуы мүмкін» делінген. Ал қазір «үйім жоқ, күйім жоқ, жағдайым жоқ» деп сансыз жоқты сылтауратып, үй болып, үйленуден қашқақтайтын жастар көбейді. Бұрындары 27-28 жасар ер-азаматты сүр бойдақтар қатарына қосатын болса, қазір дәл сол жастағы жігіттер «жаспыз, отбасын құруға әлі ерте» деп шалқаяды. Кезінде ата-бабамыз балаларын ертерек үйлендіруге тырысса, Кеңес Одағының тұсында 20-45 жас аралығындағы қыздар мен 20-50 жас аралығындағы жігіттер бойдақ жүргені үшін өкіметке салық төлейтін. Мұның өзі қоғамның жастарды үйленуге насихаттауы болса керек.

Некелескендердің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 9,82-ні құраған

Қызық дерек

Қазақ жастарына қарағанда шет елдің жастары үйленуге асыға бермейтін көрінеді. Мәселен, бейресми деректерге сүйенсек,  малайзиялықтар қажылыққа бармай үйленбейді деген қызықты мәлімет бар. Ал қытайлықтар көбіне барыс жылы отбасын құрудан бас тартады екен. Олардың наным-сенімдеріне байланысты барыс жылы қиылған некенің бақыты баянсыз болады деп есептеледі. Бұл орыстардың мамыр айында үйленбейтін ырымдарына өте ұқсас. Өкінішке орай, орыстың осы нанымы бүгінде қазақ халқына да сіңісіп бара жатыр. Оған мамыр айында қиылатын некелердің саны өзге айларға қарағанда айтарлықтай аз болатыны дәлел. Сондай-ақ, швед жастары да үйленуге көп асыға бермейтін көрінеді. Әсіресе, жігіттер қауымы. Өйткені бұл елде жігіт қызды емес, керісінше, қыз жігітті таңдайды екен. Сондықтан қашан бір сұлу келіп өзін таңдамайынша швед жігіттері жалғыз жүруге мәжбүр.

Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің тел.:  56-68-03
Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің тел.:
56-68-03

Артық болмас білгенің…

Шымкент қалалық АХАТ бөлімінің халыққа көрсететін қызмет түрлері:

– тууды тіркеу;

– неке қию;

– неке бұзу;

– қайтыс болуды тіркеу;

– әке болуды анықтау;

– бала асырап алу;

– тегін, атын, әкесінің есімін өзгерту;

– акт жазбаларындағы қатені жөндеу.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ