Науқастар ауруханада ем алып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданының Қарабау ауылында бір отбасы көмірқышқыл газына уланып қалды. Соның салдарынан жанұяның төрт бірдей мүшесі көз жұмды. Ең өкініштісі сол- бақилық болғандардың ішінде бір жарым жасар сәби де бар.

Науқастар ауруханада ем алып жатыр
Науқастар ауруханада ем алып жатыр

Қайғылы оқиға сенбіден жексенбіге қараған түні орын алды. Бүтін бір жанұяның иіс газына уланып, ес-түссіз жатқанын көршілері тек келесі күні түсте білген. Сөйтіп, бірден құтқарушыларға хабар береді. Суыт жеткен құтқарушылар оқиға орнына келгенде әйел мен оның екі ұлы, бір қызының ажал құшқанын анықтайды.

 Арман Әсібеков, ОҚО ТЖД бас маманы: «Бұл төтенше жағдай туралы суыт хабар біздің департаменттің кезекші бөліміне сегізінші желтоқсан күні түсті. Қарабау елдімекенінде бір үйдің ішінен төрт адам мәйіт табылды. Және үш адам аудандық ауруханаға жеткізілген.»

Облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығына жеткізілген — отағасы мен оның қос перзенті. Бүлдіршіндердің халі мүшкіл. Дәрігерлер олардың өмірі үшін әлі күресіп жатыр.

 Икрам Төлеев, облыстық жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығының бас дәрігері: «Кеше түнімен науқастардың өмірі үшін арпалыстық. Барокамерада жоғарғы қысымды оттегімен емдеп, әкесі өзінің есін жиды. Балалары әлі ауыр халде. Біреуінің өкпесіне жасанды жолмен ауа үрлеп жатырмыз.»

Жыл басынан бері улы газға тұншығып, ауруханаға келіп түскен азаматтардың саны үш жүзден асқан. Ал жылу маусымы басталғалы жетпіс адам зардап шеккен. Солардың бірі — Шымкенттік Күлбибі апай. Ол, тіпті, пропан газының құрығына қалай түскенін түсінбей дал.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=m_NbmxhpVhA[/youtube]

 Күлбибі Әленова: «Осы жаққа әкелген соң есімді уколдан кейін жинадым. Рахмет дәрігерлерге. Өлім деген бір сәтте екен ғой. Таң қалып жатырмын қалай аман-есен қалғаныма.»

Өңірімізде соңғы үш жылда өңірде иістеніп қалатындардың саны артқан. 2011 жылы облысымызда улы газға тұншыққандардың саны 300-ден асса, былтыр олардың қатары 434-ке жеткен. Осындай қайғылы жағдайды болдырмас үшін тұрғындар жылу маусымына тыңғылықты дайындалуы тиіс. Атап айтқанда, үй ошақтарын жөндеп, құбырларды тазалап тұрған абзал. Болмаған жағдайда көптеген жерлестерімізден көз жазып қалуымыз мүмкін деп дабыл қағады мамандар.