«Президент телефонмен арақ «патшасын» ұрған-ұрмағанымды сұрады»

Амалбек Тшанов
Амалбек Тшанов
Амалбек Тшанов

– Амалбек Қозыбақұлы, сіздің өмірбаяныңызға көз жүгіртсек, «Жамбыл облысының әкімі» лауазымы қызметінен кеткен соң, «Фирма кеңесшісі» болғаныңызды көреміз. Шымкент қаласының тізгінін ұстап, ҚР құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрі қызметін атқарып, білдей бір облысқа әкім болып, кенеттен фирма кеңесшісі болуыңыз қалай? Бұл тағдыр тәлкегі ме? Мәжбүрлік пе? Әлде басқа нәрсе ме?

– Барлығы да сіз ойлағаннан гөрі әлдеқайда қарапайым. Облыс әкімінің қызметінен кеткен соң, жұмыссыз қалдым. Сондықтан да фирмаға жұмысқа орналас-тым. Өйткені, отбасымды асырауым керек болды. 

– Сонда сізге бірде-бір ұсыныс түспеді ме?

– Ұсыныстар болды, бірақ жаратпадым. Сондықтан да, күткен дұрыс деп шештім. Парламент депутаттығының екінші шақырылымына депутаттарды сайлау науқаны кезінде Шымкентке бардым. Кеңес Одағы тарағаннан кейін мұнда қалалық әкімшілікті басқарғанмын. Оңтүстік Қазақстан облысының № 58 сайлау округінен таласқа түстім. Тоғыз үміткер болатынбыз. Бірінші турда 57,8 пайыз дауыс жинап, Мәжіліске өттім. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік Комитетінің мүшесі болдым. Кейіннен Парламенттің үшінші шақырылымына да өттім. 

– Сізге біреу-міреу жәрдем беріп, қолдап-қорғаштады ма?

– Ешкім. Керісінше, кедергі жасаумен болды. Бәріне де өзгенің көмегінсіз, өз күшіммен жеттім. Мені депутаттыққа өткізбеу үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасарын қарсы қойды. Ол өзінің Парламентте әлден орын алып қойғанын айтып, қаладағы барлық мекемелердің жетекшілеріне өзіне дауыс беруді бұйырды. Әйтпесе, ертеңнен бастап еңбек биржасына тоғытылатындарын айтты. Десе де, халық мені таңдады.

– Халықтың осыншалықты сеніміне ие боларлықтай не еңбек сіңірдіңіз?

– Мен Шымкентте, 90-шы жылдардың басында, яғни ең қиын уақытта жұмыс істедім. КСРО құлаған, шаруашылық, әлеуметтік, экономикалық байланыстардың барлығы да үзілген шақта. Электр қуатымен, жылумен, азық-түлікпен қамтамасыз ету және жұмыс беруде үлкен-үлкен, күрделі мәселелер болды. Халық үрейлі жағдайда қалды. Тамаққа тоймаған балалар мектеп тақтасының алдында тұрып, әлсіздіктен талып қалып жатқан жағдайлар да кездесті. Біз қаражат тауып, барлық мектептерде бір мезгіл тамақ беруді қолға алдық, зейнеткерлерге жәрдем бердік. Бір ауыз сөзбен айтқанда, шешімін таппаған күрмеулі мәселелер, жауабы қиын сұрақтар көп болды. Бұл туралы өз кітабымда жазып шықтым. Мен барынша беріліп, адал еңбектенуге тырыстым. Бұл өз нәтижесін берді. Үміт артар ешкім болмады. Қол қусырып қарап отырмай, жанымды салып жұмыс істегенімді шымкенттіктер де, жамбылдықтар да әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Өндірістің адамы ретінде барлығын да өзім жеке қадағаладым. Өзбекстаннан газ жеткізу бойынша алға қойған міндеттерді орындадым. 

– Жұмыссыз қалған кезді қалай өткердіңіз?

– Тыныш қана. Тәрбием әсер еткен сыңайлы. Менің қандай да бір ықпалды «көке-жәкем» болған емес. Әрдайым Жаратқанға және тек өзіме ғана үміт арттым. 

– Сізді ең қатал әкімдердің бірі болған дейді. Бұлай айтуға не себеп? 

– Иә, мен өте қаталмын. Бірақ, бәрінен бұрын өзіме келгенде қаталмын. Әкім болып жүргенімде таңғы сағат 6-да ерекше маңызға ие нысандарды аралап, сағат 7-де жоспарлау жиналысын өткізетінмін. Менің орынбасарларым да осындай тәртіппен жұмыс істеді. Өзіңнен және жаныңдағылардан көп нәрсені талап етсең, әр алуан аңыздар пайда бола бас-тайды. Сондықтан да, мен жайлы өсектер көп таралатын. Ондай адам сенгісіз аңыздарды қолынан түк келмейтіндер мен билікке кездейсоқ келіп қалғандар шығара ма екен деп ойлаймын. Олардың бойында өзіне деген ішкі үрей пайда болады. Өзінен мықтыларды айналсоқтап жүреді. Ойдан-қырдан жиналған өсек-аяңдарын боратады. 

– Сіз ағайынды Махмадовтардың бірін соққыға жығыпты деп естідім. Бұл да аңыз ба?

– Ал, сіз қалай ойлайсыз? (Күлді). Оқиға былай болған. Сұлтан Махмадов – Президенттің досы деген сөз желдей ескендіктен, барлығы да олардан аулақ жүруге тырысатын. Олар өздеріне ешкімді де кіргізбейді дейтін. Бұл ағайындылар табысты бизнеспен айналысты. Мені Жамбыл облысының әкімі етіп тағайындағаннан кейін, олардың ісін көріп қайтпақ болдым. Бірақ, маған олар өз зауыттарына ешкімді де кіргізбейді деп айтты. Бұл мені ашуландырды. Осы облыстың ең жоғары шенді тұлғасы – мен, олар қалай кіргізбейді? Негізінде мен олардың жұмысын қолдадым. Бірақ, мен олардың тағы да басқа көлеңкелі, жасырын бизнестері бар екенін білмейтін едім. Барлық істерін заңды түрде жүргізуді, қаржылық алаяқтықтың болмауын талап еттім. Кейіннен осы оқиғаның төңірегінде әр түрлі өсектер шықты. Тіпті, мен сол спирт зауытының директорын ұрыпты деген сөздер де айтылды. Бірде маған Президенттің көмекшісі телефон соғып, Президенттің менімен сөйлесетінін айтты. Президент телефонмен арақ «патшасын» ұрған-ұрмағанымды сұрады. Мен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, сізге тексеру түкке де тұрмайды, өзім, мысалы, кім туралы әңгіме айтылып, кімді ұрғаным жайлы білмеймін» дедім. Президент мені түсінді. Елбасының жанында жүрген менің «достарымның», «тілеулестерімнің» Елбасыға не жеткізгенін кім білген. Жеткізушінің кім екенін білемін, тіпті оның «өсекші» деген лақап аты да бар. 

– Өкінішіңіз бар ма?

– Кейде тыным таппай жұмыс істегенім дұрыс болды ма екен деп ойлаймын. Мүмкін, бұлай жұмыс істеудің қажеті де жоқ па еді, жай ғана жоғарыда отырған адамдардың «кілтін» тауып, иықтарынан қағып, қолпаштауым керек пе еді… Себебі, барлық мәселе жоғарыдан шешіледі. Ал, мен өзіммен-өзім жүрдім. Жұмысымды адал атқарсам жетеді деп. Бұл қате екен. Шымылдықтың артында қандай ойынның жүріп жатқанын білмедім. Себебі, мен өндірістің адамымын, тура жолмен жүретін. Не көрсем, не сезсем соны бүкпесіз айтамын. Ешкіммен ешқашан да кеңеспедім. Барлық мәселені өзім шештім. 

– Егер де сізге қазір әкімдік қызмет ұсынса, барасыз ба?

– Бар ықыласыммен. Күш-қуатым мол, денім сау, шешім шығара білемін. Әлі де халыққа көп пайда әкеле аламын. Бойымда күш-қуатым тасып тұрған кезімді Парламентте өткіздім. Сол 10 жылды зая кетірдім. Депутаттар ренжімей-ақ қойсын, бірақ расымен де солай. Біреулер үшін бұл жоғары лауазым, ол жаққа ұмтылады….

– Сіз де ұмтылдыңыз ғой?!

– Иә, ұмтылдым. Бірақ мен қолымда не билік, не таңдау жасау мүмкіндігі, не жұмысым жоқ кезде ұмтылдым. 

– Жақсы. Егер сіз әкім болсаңыз, жұмысты неден бастар едіңіз?

– Әлеуметтік және экономикалық күрмеулердің шешуін табудан бастаймын. Әр адаммен ортақ тіл тауып, барлық мәселенің бүге-шігесіне дейін шұқшиятын едім. Қазір тәжірибем мол, ол кезде өмірлік тәжірибе жетіспеді. Қазір айлакермін деп айтпаймын. Тек жасың ұлғайған сайын, ақылдырақ бола бастайды екенсің. 

– Ешқашан пара алмадыңыз ба?

– Алмадым, бірақ сыйлықтарды алатынмын. Егер сен біреуді, айталық әкім етіп тағайындау үшін оны ақша беруге мәжбүрлеп, талап етсең, бұл – пара боп есептеледі. Ал, егер сен оған шын ниетіңмен қолдау көрсетіп, оның ісі өрге жүзсе және ол осы үшін де адами тұрғыдан алғыс ретінде иығыңа шапан жапса, бұл – параға жатпайды. Мұндай жағдай бәрінде бар. Тіпті, шетелдік тәжірибеде де қандай да бір бизнестің алға жылжуына көмек еткен адамға қосымша бонус қаралады. Ал, біреулер ешкімнен ешқашан да бір тиын алмағанын айтып кеудесін соғып, Құдайды аузына алып, ант су ішіп жатады. Осылайша жәдігөйлік танытады. 

– Иығыңызға жабылған шапанның қалтасында ештеңе де болмай ма?

– Болуы да мүмкін, бұл – өмір ғой (күлді). Өзіңді әулиемін деп айтқаннан келіп-кетер пайда не? Әулие адам жоқ. Бұл – өмір. Сыйлық алуға болады деп ойлаймын, бірақ мәжбүрлеуге мүлдем болмайды. 

– Бірдеңе бола қалса, шенеунік үшін қонақтайтындай «қосымша аэродромы» болуы міндетті ме?

– Меніңше, «қосымша аэродром» барлық шенеунікте бар. Ол – шенеуніктің бизнесі. Әдетте құжаты туыстарының атына рәсімделген үлкен, жасырын бизнес. Менің бизнесім де, «қосымша аэродромым» да болмады. Спортқа кетейін деп шештім. Жалпы спорт саласына кетуді бұрыннан қалайтынмын. Мәжілісте жүрген кезімде де спортқа кетуді жөн көрдім. Себебі, Мәжілісте жүрудің түк те пайдасыз екенін түсіндім. Біздер үшінші шақырылымда тіпті ұсақталып кеттік. Мұның алдын айтқанымдай, дамбал тоздырып қана жүрдік. Содан Президенттің тапсырмасымен спорт және туризм министрі Темірхан Досмұхамедов маған Республикалық спорт колледжін басқаруды ұсынды. Келістім. 2009 жылы колледжді қабылдап алған сәтте оқу орнының жағдайы өте мүшкіл болатын. Қазір тану мүмкін емес. Айырмашылық жер мен көктей. Көптеген спорт залдарын тұрғыздық. Әлі де атқарар іс көп. 

– Сізді кім қаржыландырады?

– Республикалық бокс федерациясының президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев. Ол бізге колледжді қалпына келтіру үшін көп көмек берді. Қазір бұл колледж – Алматы қаласының боксты дамытудағы орталығына айналды. Мен келгенге дейін мұндағы 46 гектар жер сатылып кетіпті. Сот арқылы ол жерді қайтардым. Қайтарылған жерде қазір керемет футбол алаңы бар. Балалар футболмен айналысады. Біздің тәрбиеленушілер екі дүркін әлем чемпионы атанды. Келесі жылы Италияда өтетін әлем чемпионатына барады. 

Көп адамдар «министр, әкім болсаңыз да, қазір колледж басқарасыз. Бұл қалай болғаны?» деп сұрап жатады. Маған осы орным ұнайды. Мұнда демаламын. Балалармен жұмыс істеймін. 450 балам бар. Биыл колледж ішінен мектеп ашылды. Бұрын жоқ болатын. Мұнда докторлық диссертациямды қорғадым. Енді педагогика ғылымдарының докторымын. Сондай-ақ, техника ғылымдарының кандидаты деген атағым бар. Біреу-міреу «министр, не әкім боп тұрғанында қорғап алды» деп айтып жүрмес үшін, кандидаттықты 90 жылдары, яғни жұмыссыз жүрген кезімде қорғадым. Келешекте тағы да жетіле түскім келеді. Ойға алған жоспарлар мен идеялар көп. 

– Қателеспесем, сіздің бастамаңызбен Алматыда Бокс академиясын құру жоспарланып отыр. Құрылады ма?

– Расында да мұндай ой бар. Тимур Құлыбаевтың біздің колледжге келген сәттерінің бірінде, бокс академиясын ашуды ұсындым. Қазақстан бүгінде бокс державасына айналды. Әлем чемпионатында 10 алтын медальдың 4-уін біз алдық. Содан. Тимур Асқарұлы келісімін берді. Соның арқасында біздің федерация қажетінше қаржыландырылады. Толыққанды жаттығу үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Сондықтан да, біздің балалар мықты. Боксты үйде отырып дамыту мүмкін емес. Балаларды шетелдерге апарып, жетілдіру қажет. Олар осылайша күш жинайды. 

– Тұрмысыңыз қалай?

– Тұрмысым жақсы. Әрбір қазақстандық менің деңгейімде өмір сүру керек деп ойлаймын. Иелігімде не бар екені қызықтырса, айтайын: «Горный гигантта» (Алматыда) жеке үйім, 4 бөлмелі пәтерім, 2006 жылы шығарылған Lexus маркалы автокөлігім бар.

– Адамның міндетті түрде қымбат дүниелері болуы керек пе? Мысалы, сіздің осы дүниелерсіз-ақ өмір сүруіңізге болады. Бүгінде көптеген «ағалардың» қолындағы мүлкін алып қойса, олар ешкім болмай қалады. Ойыңыз қалай?

– Көлік – өмірлік қажеттілік. Менің мерейтойымда ең жақын туыстарым, дос-тарым автокөліктер сыйлады. Достарым баршылық еді. Бірақ, көбі жұмыссыз қалған кезімде менен теріс айналды. Жұмыссыз жүрген уақытта иелігімде ешнәрсе де болмады, көлігім де жоқ еді. Бірде үйіме жас жігіт келіп: «Амалбек аға, мен сізге «Волга» алып келдім. Жүргізушісі де бар. Қанша қаласаңыз, соншалық мініп жүріңіз», – деді. Белгілі отбасыдан шыққан, өзі бизнесмен болатын. Аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Сол «Волганы» төрт ай мініп жүрдім. Міне, мұндай адамдар бар.

Тағы да бір адамдардың тобы бар. Жұмысым жүріп, қолыма билік берілген кезде айналамда топырлап, тіпті бәтеңкемнің бауын да байлауға әзір жандар бар еді. Маған шын берілгендерін, жақсылығымды еш ұмытпайтындарын айтып, ант су ішкендер де болды. Жұмыссыз қалған сәтімде, олар менен теріс айналды. Тек бірнеше жігіт ғана қалды. Мені ұмытпайтын тағы бір жан бар, ол – сенатор Александр Савченко. Оған айтарлықтай жәрдем берген емеспін. Шымкентте жүргенімде қала әкімінің орынбасары етіп, қызметке алдым. Өндірістің адамы, сабырлы жігіт. Содан кейін Жамбылда, облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындадым. Кейін ол Парламентке кетті. Ақша мен байлық бақыт әкелмейді. Ақша – жайлы өмір сүру үшін қажет. Миллиондарың, миллиардтарың көп болса, ұйқы жақсы болмайды. Ақша көп болса, мәселе де көп. 

– Өзіңізді лақтырып кеткендерге ренішіңіз бар ма?

– Жоқ. Қазақша айтқанда олар бейшаралар. Солай туылады, солай өмір сүреді. Басқа ештеңеге де жарамайды. 

– Қазақстандағы қазіргі саясаткерлердің кәсіби құрылымына, жалпы еліміздегі саяси реформаға қандай баға бересіз? Президенттің командасы 90-шы жылдармен салыстырғанда қаншалықты жаңарды? Билік халықтан алшақтап кетпеді ма?

– Баға беруден аулақпын. Айтарым біреу ғана, кадр саясатында кеңестік жүйені қолдаймын. Кадрларды әзірлеуде сондай жүйенің пайдаланылғанын дұрыс деп санаймын. Жауапкершілігі ауыр жетекшілік лауазымға келмес бұрын, мансаптың барлық баспалдақтарынан өту қажет. Бұл дұрыс кадрлық саясат. Биікке жету үшін, көп нәрсені біліп, көріп, жақсы мектептен өту керек. Шетелде оқып, диплом алған екенсің, бірден ғұлама боп кетпейсің. Мен жастарды қолдаймын. Себебі, жастар бұл біздің келешегіміз. Олар басқаша ойлайды. Білім алудан өзге, өмір мектебін де керек. Өмір мектебі деген не? Бұл біріншіден, адамгершілік. Кім болсаң да, адами болмысың сақталсын. Қазір жап-жас басшылар бар, телефон соғып, сөйлесу мүмкін емес. Олар тек таңдаулылармен ғана сөйлеседі. 

– Қазақтың бойындағы ең жеккөрінішті нәрсе не?

– Күншілдік, қызғаныш. Мен өмір бойына осыдан жапа шектім. Әлі де зардабын тартып келемін. Әр адам өзінің тек бірегей екенін, әркімнің өз өмір жолы бар екенін түсінбейді. Өзгеге бұйырған нәрсе пешенеңе жазылмаса, өзіңе ешқашан да берілмейді. Өмір – қысқа. Оны текке жұмсауға болмайды. Кешкісін ұйқыға жатқан сәтте, таңертең оянатын, не оянбайтыныңды Аллах Тағала шешеді. 

– Амалбек Қозыбақұлы, бұл өмірдегі басты нәрсе не?

– Бастысы, адамдарға пайда әкелу. Адал жұмыс істеу. Әдепті болу. Ешқашан да сатқындық жасамау. 

«Zakon.kz» сайтынан аударған – Жәнібек НҰРЫШ

(Қысқартылып алынды)