Табиғатты реттеу басқармасы көмек сұрайды

416
көліктер ауаны ластап жатыр

Алты ауданда тұрмыстық қалдықтарды шығару полигондары күрделі жөндеуден өтіп, Кентаудағы Байылдыр өндіріс комбинаты қалдықтар аймағын зарарсыздандыру жұмыстары жанданды. Өңірлік табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы осылай дейді. Облыс әкімінің алдында есеп берген басқарма басшысы Шымкентте автокөліктердің саны күрт артқанын да айтты. Сондықтан да ауаны реттеп отыратын тиісті өлшем қондырғыларының санын көбейтуді сұранады.

Бір ғана Шымкентте төрт жүз мыңға жуық көлік бар. Бұл ауаның мөлшерден тыс ластануына әкеп соғуда. Ал оны реттеп отыратын газ анализаторлар мен өлшем қондырғыларының аздығы адам денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр.

Мұхит Отаршиев
Мұхит Отаршиев

Мұхит Отаршиев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Бұл құралдар үлкен қалаға аздық етеді. Автокөліктер көп шоғырланған жерге жеткіліксіз.»

Қала бойынша түтін мөлшерін өлшеп отыратын 12 қондырғы бар. Ал газ анализаторларының саны – небәрі жеті. Ауаның сапасын бақылап отыру үшін тағы да бірнешеуі керек екен.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Біз қаншауы керек деп сұрадық. Сол кезде осы жетеді деген. Мұны қалай түсінеміз? Енді келіп тағы да жеткіліксіз дейді. Жарайды, жетпегенін қарастырамыз. Ал осылардың өзі қаншалықты тиімді жұмыс жасап тұр?»

Облыс басшысының бұл сұрағына басқарма басшысы жауап бере алмады. Тек жол-патрульдік полициямен бірге рейд жұмыстарын жүргіземіз дегеннен әрі аса алмады. Ал құзырлы орган 7 миллион теңге айыппұл салып, мемлекеттік қазынаға құйғандарын айтады.

Айта өтейік, жеті газ анализаторы қосылғаннан бастап, 2013 жылы 2049 әкімшілік хаттама толтырылып, 7 миллион 93 мың теңге айыппұл салыныпты. Жылдың басынан бері, яғни, 25-қаңтарға дейін 79 факті анықталып, 92 мың теңге айыппұл салынған.

Осылайша ауаның күрт ластанып бара жатқанын ескерткен басқарма басшысының сұранысы алдағы уақытта шешімін таба ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.