Өмірзақ Мелдеханов: «Облыс қазынасынан 70 миллиард теңге жымқырылған»

1157
Өмірзақ Мелдеханов

Оңтүстік Қазақстан облысының қазынасынан соңғы үш жылда 70 миллиард теңгеге жуық қаражат жымқырылған. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Мелдеханов мәлімдеп отыр.

баспасөз мәслихаты

Ал облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлері мен оның басшысы генерал Серікбай Ерімбетов мемлекеттің талан-таражға түскен қаржыларын тиісті деңгейде тексермеген. Ең сорақысы — шенеуніктерге шара көрілмепті. «Салдарынан облыс қазынасындағы 70 миллиард теңге мақсатты жұмсалмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті» дейді облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов.

Өмірзақ Мелдеханов
Өмірзақ Мелдеханов

Халық қалаулысының айтуынша, құрылыс, білім беру және жол салу және басқа да салаларға қаралған қаражат мақсатсыз жұмсалуда. Мемлекетке миллиондаған шығын келтірген шенеуніктер жазаланбай қалып, іс бұрмаланып кетіп жатыр. Кей жағдайларда созбалаңға салынған. Ал жауапты департамент мамандары бұл айыптаулармен келіспейді.

Серікжан Мырзалы, ОҚО ЭҚСЖКД бастығының орынбасары: «Тексеру актілері жөнінде айтылғандай, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде шешім қабылданған. Себебі бұл актілерде нақты талан-таражға ақша кеткен деп көрсетілмеген. Бұл жерде қаржылық және бухгалтерлік кателіктер кеткен. Есептер дұрыс түзілмеген. Бюджетті жабу кезінде акша толығымен игерілмей, толығымен қайтарылған. Тағы да басқа осындай фактілерден құралған. Сол себепті іс қозғаудан бас тартылған. Бұл шешіммен прокуратура органдары келіскен.»