Қылмыс жасайтын полицейлер көбейген

Қылмыс жасайтын полицейлер көбейген
Қылмыс жасайтын полицейлер көбейген
Қылмыс жасайтын полицейлер көбейген

Құқық қорғаушылардың өзі қылмыс жасайтын деректерге күн сайын кезігіп жүріміз. Бұл бүкіл еліміз бойынша қауіпті тенденцияға айналып бара жатыр десек қателеспейміз. Себебі «мемлекет қаржысын жеп қойыпты», «қызметін асыра пайдаланыпты» дейтін деректер еліміздің әр түпкірінен естіледі. Азаматтардың тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс қорғаушылардың мұнысы қалай? Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-не қарасты Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Шырынбек Оңғаровтың айтуынша өз басшылығындағы басқарма өткен жылы қылмысты ашу көрсеткіші бойынша республикада бірінші орынға шығыпты. 

Былтыр полицейлердің үстінен 2206 арыз түскен. Арыздар бойынша тексеру жүргізіліп, соның 18-не қатысты қылмыстық іс қозғалған. 448 арыз басқа құқық қорғау органдарына жолданыпты. Себебі сол арыздарда көрсетілген жағдай бойынша қылмыстық іс ашу басқа органдардың құзіретіне кіреді екен. Келген арыздардың 600-і қызметін теріс пайдаланған полицейлерге қатысты оқиғаларға негізделсе, учаскелік полицейлерге қатысты 475 арыз түскен. Жол полициясының жұмысына көңілі толмағандар мен зәбір көргендердің де қатары қалың. Бұл жағдайға қатысты 567 адам арызданыпты.

Полицейлер жасаған 95 қылмыстық істің 62-сін Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушілері қозғаған. Қалған 33 іс бойынша қаржы полициясы мен прокуратура қылмыстық іс ашыпты. Шырынбек Оңғаров алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр полицейлер тарапынан жасалған қылмыстардың арта түскенін айтады. Жалпы, жыл сайын өспесе, кемігені байқалмайды.

Полицейлердің жасаған қылмыстары әртүрлі екенін байқауға болады. Көліктің нөмірін ұрлап, хаттама толтыру, шет мемлекеттерден әкелінген көліктердің құжатына теріс мәліметтер енгізіп, тіркеуге қою, ішімдік ішіп алған азаматтардың мастығын пайдаланып, ақшасын, бағалы заттарын тартып алған жайттар да кездескен. 

Басшылық құрам арасында да қылмысқа бой ұрғандар кезігіпті. Мысал келтірер болсақ, Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары 30 мың теңге пара алу барысында ұсталып қалған. Ақырында жасаған қылмысы үшін 3 жылға абақтыға жөнелтіліпті. Шырынбек Оңғаров полиция қызметкерлерінің қылмыс жасау фактілері әсіресе Мақтарал ауданы мен Шымкенттің Абай ауданында көп тіркелгенін айтады. Абай ауданына қарасты полицейлердің үстінен 10 қылмыстық іс қозғалса, оның тең жартысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты өрбіген. Мақтаралда да полицейлер 10 қылмыс жасапты. Сондағысы есеп-тіркеу тәртібін бұзған. 

Басқарма басшысы жол-көлік оқиғаларының алдын-алу бойынша 73 рейдтік іс-шара ұйымдастырған. Рейд барысында 208 қызметкерге әкімшілік хаттама толтырылып, 52 автокөлік айып тұрағына қойылған. Оған қоса жол полицейлерінің көшелерде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуде төмен нәтиже көрсеткенін байқапты. 

Қарапайым көлік жүргізушісі былай тұрсын, полицейлердің өздері де жиі ереже бұзатын көрінеді. Сөзіміздің дәлелі ретінде өткен жылы полицейлердің қатысуымен ондаған жол-көлік оқиғаларының орын алғанын айтуға болады. Соның кесірінен қаза болғандар да бар. Жол ережесін әсіресе сарыағаштық полицейлер жиі бұзатын көрінеді. Оларға қатысты 14 хаттама толтырылып, үш бірдей көлік айып тұрағына жөнелтілген. Мақтаралдықтар да қалысар емес. Бұл ауданның 11 құқық қорғаушысы жол ережесін бұзып, көлік апатына себепші болыпты. Айта берсең тіпті көп.

Шырынбек мырзаның берген мәліметтеріне көз жүгірте отырып, Өзіндік полиция басқармасына артылған шаруаның оңай емес екеніне көзіміз әбден жетті. Басқармада қызмет ететін 17 маман – 11 152 полиция қызметкерінің жұмысын қадағалауға тура келеді. Яғни, бір маманға 657 адамнан шақ келеді. Жұмыстың қаншалықты ауыр екенін осыдан-ақ шамалай беріңіз. Соған қарамастан таңдаған жұмыстары болған соң, аянбай қызмет етуде.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ