Асарлықтар Наурыз мерекесін тойлады

Ұлыстың ұлы күнін «Асар» шағынауданындағы ағайын да тойлады. Аталмыш елдімекен құрылғалы алты жыл ішінде Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар әз-Наурызды биыл төртінші рет өткерді.

Асар наурыз

Асарлықтар үшін бүгін — ақ түйенің қарны жарылған күн, ұлттың ұлан-асыр тойы. Сондықтан шағынаудан тұрғындары әз-Наурызда бар салт-дәстүр мен жоралғыны қайта еске түсіріп, шын ықыласпен тойлап жатты. Өйткені, олар бұл күнді өзге елде жүріп сағына-сарғая күтті. Сондықтан атақоныстағы бүгінгі күннің қадірі орасан.

асар наурыз

Сәрсенгүл Елжанова, шағынаудан тұрғыны: «Бұрын Өзбекстанда да Наурызды тойлайтынбыз. Бірақ әз-мерекені өз елімізде тойлауды іштей армандап жүретінбіз. Құдайға шүкір, ол арманға да жеттік. Міне, көшіп келгенімізге 2 жылдан асты. Арқа-жарқа болып, Атақоныста Наурызды бала-шаға, немере-шөберемізбен бірге тойлап жатырмыз. Жағдаймыз жақсы. Бізге бұдан артық енді не керек?!»

«Асар» шағынауданында бүгінде 15 мыңнан астам ағайын өмір сүріп жатыр. Елдімекен құрылғалы 6 жыл ішінде ауылға 2 мектеп пен 3 балабақша салынып, бала біткен оң тәрбие алуға мүмкін алған. Сондықтан туыстардың болашаққа деген уайымы жоқ, көңілі тоқ.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=liUN72akAYk[/youtube]

Әз-Наурызда ән де айтылды. Би де биленді. Бастысы, Асардағы ағайынның қуанышында шек жоқ. Ал шағынауданның тұрғындарына мұндай қуанышты 4 жыл қатарынан сыйлап келе жатқан — осы елдімекендегі үйлерді салып берген «Ақ ордасы» корпорациясы.

асар наурыз