Ат үстінде дамыған тіл

Жылқыға деген ынтызарлық пен сүйсінушілік - бауыр еті баласын «құлыным, құлыншағым» деп еркелеткен ұлттың генінде өшпес ақпарат іспетті жазылып қалған

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі басталып, Жылқы жылы келіп жетті. Тілдің дамуы ұлттың тұрмысымен тығыз байланыста екенін негізге алар болса, қазақтың тіл байлығы Жылқымен байланысты. Сөзіміз дәлелді болу үшін, тіліміздегі жылқы жануарына қатысты пайда болған сөздердің бірқатарын назарға алдық. 

Жылқыға деген ынтызарлық пен сүйсінушілік - бауыр еті баласын «құлыным, құлыншағым» деп еркелеткен ұлттың генінде өшпес ақпарат іспетті жазылып қалған
Жылқыға деген ынтызарлық пен сүйсінушілік — бауыр еті баласын «құлыным, құлыншағым» деп еркелеткен ұлттың генінде өшпес ақпарат іспетті жазылып қалған

Қазақ пен жыл-қы егіз. Кей ғалымдар айтқан: қазақтың өткені отырықшылыққа негізделген деген пікірлерді кеңістіктің сыртына ысырып тастап, қазақ — көшпенді болған десек, сол көшпенділер өмірінің ең киелі, әрі қасиетті түліктің бірі – жылқы. Маусым алмасқан сайын бірге мекен ауыстырған көшпенділердің тұрмысын жылқыдан бөліп алып қарастыру — бүкіл бір өркениетті бұра тарту болар еді.

Байлығын – үйір жылқының санымен, атақ-даңқын – қолында бар жүйрігімен, мықтылығын – ат ұстап мінер ерлерінің қарасымен өлшеген елдің әдет-ғұрып, мәдениеті тұрмақ, тіпті тіл байлығы да жылқымен ұштасып, біте қайнасып жатыр. Ат үстінде өскен халықтың тілі де жүйрік, су жорғаның жүрісіндей төгіліп тұр. Бірлігі жарасып, шашау шықпай, ұйысып отырған әулетті «торы айғырдың үйіріндей» деп сипаттайтын қазақ дүниеге сәби келіп, шаңырақ шаттыққа толғанда, «ат ұстар ма», ат байлар ма?» деп әспеттеп сұрайды. Ат құлағы көрінбес боран деп ауа-райының жай-күйін бейнелеп жеткізетін қазекем ара-жігі ажыраған ағайындардың әрекетін «ат құйрығын кесті» деп жеткізеді. Қайта татуласып, емен-жарқын бола қалса, «ат тізесін қосты» дейді. Елінен жырақтап, қайта оралса, не шалт қадам басып, сол ағаттығын түсініп, тәубесіне келсе – «ат айналып қазығын табар» деп қателігіне кешіріммен қарайды. 

Жан-жағына жас ұланды жинап, көпке жол көрсете білген жанның болмысын – «жақсы атты тай жағалайды» деп сипаттайды. Алдыңғы буын кетіп, кейінгі буын келгенде «ат тұяғын тай басар» деген сөзбен-ақ өмірдің заңдылығын, адам ғұмырының өлшеулі екенін айшықтайды.

«Баласы атпен шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» дейтін халық өз перзентіне алдымен әріпті емес, атқа мінуді үйреткен. Ат жалын тартып мінген азаматтың қолына билік тұрақтап, бір қаралы қауымға бас болса елдің атқамінері дейді. Жасы келіп, шау тартса да иелегіндегі билігін өзгеге ұстатпай, ақылымен мыңды жеңе білсе, ат үстінен түспеген деп бедерлейді. Бұл лауазымды ат үстімен байланыстырудың дәлелі. Адамның пендешілігіне байланысты «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегенді айтады.

«Жылқы тұсар кез» деп мезгілді бағамдап, «тайлы тұяғы қалмай келіпті», деп мөлшеріне көз жүгіртетін, ат тұяғы жетер, не жетпес деп қашықтықты шамалайтын, «қулығына құрық бойламас», деп мінезін дөп басатын қазақтың жылқы малына қатысты ұғымдардың негізінде пайда болған тіркесті сөздерінің саны мол. Қазіргі қолданыстан шығып қалғаны қаншама. Қазақта «киеңкі болғыр» деген қарғысы ауыр сөз болған. Киеңкі дегеніміз жылқы малында кездесетін құрт ауруы. Шатақ, жүрген жерін ойрандап, қызба адамның тірлігін «ала-тайдай бүлдіріп» кетті деп сипаттайды. Тұрақты мінезі жоқ, бие сауымдай уақыт ішінде мың құбылатын жанды «тарпаң тайдай қылтылдап» деген сөзбен сойып салады. Жылқыға деген ынтызарлық пен сүйсінушілік — бауыр еті баласын «құлыным, құлыншағым» деп еркелеткен ұлттың генінде өшпес ақпарат іспетті жазылып қалған. Тұтас бір сөз жиыны жылқы түлігінің әсерінде пайда болды. Тереңіне бойлап, үңілген сайын, тынысы кеңейіп, көзі ашыла түседі. Көңіл қарақұлақ болып, құр атқа мінгендей күйге бөлейді.

Жәнібек НҰРЫШ