Босанған әйелге күтім керек

Бала емізетін ана дұрыс тамақтануы керек

Босану әйелдің ағазасына үлкен күш түсіреді. Атап айтқанда жамбас сүйектері ажырайды. Босанғаннан кейін әйел ағзасының тыңайып, күш-қуатының қалпына келуіне 6 айдан 2-3 жылға дейін уақыт керек.

Бала емізетін ана дұрыс тамақтануы керек
Бала емізетін ана дұрыс тамақтануы керек

Мамандардың айтуынша, ана ағзасындағы белсенді түрде жүретін өзгерістер босанғаннан кейінгі алғашқы 6-8 аптаны қамтиды. Дәрігерлер оны босанғаннан кейінгі кезең деп атап, ерекше көңіл бөледі. Осы уақыт аралығында жатыр көлемі біртіндеп кішірейіп, шап аралық сіңірлер мен бұлшық еттер қатайып, қынап та тарыла бастайды. Әсіресе, тұңғыш баласын өмірге әкелген аналар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Босанған әйелдің дұрыс күтімі сәбидің де ананың да денсаулығының басты кепілі. Сондықтан да босанған әйел:

– омырауын суық тиюден сақтауы керек 

– 40 күн бойы қалжаның етін жеп, сорпасын ішуі қажет

– ауыр көтермегені абзал

– 8 сағат ұйықтап, күн сайын нәрестесімен таза ауада серуендеуі керек. 

Омырау күтімі

Емізулі әйел үшін омырау тазалығын сақтау өте маңызды. Сондықтан да мамандар сәбидің қолайлы тамақтануы, емізген кезде ауырсыну сезімдерін болдырмау, омыраудың жақсы кейпін сақтау үшін төмендегідей кеңес береді. 

– Омырауды жөкемен (мочалка) ысқыламау керек, 

– Косметикалық заттарды қолда-нуға болмайды (яғни омырауды кір сабынмен, иіс сабынмен немесе косметикалық сабынмен жуып, соңынан түрлі крем жақпаңыз). 

– Қолтық астындағы термен күресу үшін тек салқын суды қолданыңыз 

– Қолтық астындағы түктерден арылу үшін депилятор-кремдерді пайдалануға болмайды

– Күндіз де, түнде де үнемі мақталы матадан тігілген қонымды (облегающий) кеудеше (бюстгальтер) киіп жүріңіз 

– Омырау үрпілеріне ерекше күтім жасаған жөн, олардың жарылып кетпеуін қадағалаңыз

– Омырауыңызды салқындатып алмаңыз.

– Күн сәулесіне жалаңаштанған омырауды тосуға болмайды.

Тамақтану тәртібі

Бала емізетін ана дұрыс тамақтануы керек. Мамандар май, ақуыз, көмірсу, минералды заттарға бай тамақтар мен дәрумендерді ішуге кеңес береді. Ал, қорытылуы қиын тағамды жеңіл қорытылатын тағамдармен алмастырғаныңыз жөн. Мысалы, қуырылған картоптың орнына көкөністен жасалған сорпа ішіңіз, ал тортты жемістерден жасалған салаттармен ауыстыруға болады. Әрбір әйел орта есеппен тәулігіне 1800-2000 ккалорий тұтынуы қажет. 

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ