Дендросаябақта көктемгі күту жұмыстары басталып кетті

971
саябақтың іші

Шымкенттегі дендросаябақтың ағаштарын күтіп ұстау жұмыстары қарқын алған. Бүгінгі таңда саябақтың тұқым бағында сырттан әкелінген ағашты егу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек бұрын егілген ағаштардың бұтақтары ретке келтіріліп жатыр.

саябақтың іші

Мемлекеттік дендрологиялық саябақтың жалпы алаңы 117 гектардан асады. Ол төрт аймаққа бөлінген. Саябақта ағаш-бұтан өсімдіктерінің 560 түрі өсірілуде. Сол себепті болар, дендрологиялық бақтың қызметкерлері мұндағы ағаштардың санын білмейді. Өйткені қандай да бір санақ жүргізілмейді екен. Есесіне жыл сайын көктемде олардың қатарын көбейтіп, жаңа көшеттер отырғызып отырады.

Әлімжан Арыстанов, Дендрологиялық саябақтың ғылым бөлімінің басшысы: «Биыл ауа-райы сәл қолайсыз болды. Себу, егу жұмыстары жүргізілетін тұқым бақта жұмыстар кеш басталды. Бұл жерде көбінесе сырттан әкелген тұқымдар егіледі,»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-3slvBmPRhI[/youtube]

Саябақтағы «Құрмет аллеясында» тек шырын ағаштары отырғызылады. Себебі шырын ағаш өзгелерге қарағанда ұзақ өседі. Орта есеппен 300 жыл дейді мамандар. Сол себепті де құрметті азаматтар шырын көшетін отырғызады. Бірінші болып саябақтың негізін қалаған Асанбай Асқаров отырғызса, соңғы жас көшетті еккен — облыс әкімі екен.

Лесбай Көмекбаев, саябақтың демалушысы: «Таза аймақ,қаланы қорғап тұрған аймақ. Ағаштарды күтіп ұстауымыз керек. Кейде жастар қиратуға, ағаштарды сындыруға дайын тұрады. Қадағалайтын қызметкерлердің қатарын көбейту керек.»

Ақ қайың ағаштары

Айтпақшы, Шығыс Қазақстанның көркін ашатын ақ қайыңдар Шымкентті жерсінбеген көрінеді. Ғалымдар 70 жыл өседі деген ақ қайың біздің өңірде 20 жылдан кейін қурап кетіп жатыр екен. Сондықтан ақ қайыңды күнгейге жерсіндіру былтырдан бастап қолға алыныпты.