Әйел омырауы – нәзік жандардың сұлулығы мен тартымдылығын, әдемі сымбатын ерекше етіп көрсететін мүше. Басты қызметі — бала емізу. Дегенмен бала емізу үшін де омыраудың ешқандай ауруы болмауы керек. Қазір төрт әйелдің біреуіне дәрігер-маммологтар «мастопатия» диагнозын қоятын болды. Бұл алаңдарлық жағдай. Аталған диагноз сүт безінің созылмалы ауруы. Оны дер кезінде емдеп жазбаса, соңы қатерлі ісікпен аяқталуы мүмкін.
ОМЫРАУДЫҢ ӨСУІ ҰЯТ ЕМЕС
Сүт безі аты айтып тұрғандай көп бездерден тұрады. Қыз бала 14 жасқа келгенде ағзадағы гормондар белсенді түрде бөлініп, бойжеткеннің омырауы пайда болады. Мұндай кезде қыз баланың күтіміне анасы жіті көңіл бөлуі керек. Себебі өзін әлі бала сезінетін қыз үшін омыраудың өсуі психо-эмоционалдық тұрғыдан ауыр тиеді. Біріншіден, кеудесі қол тигізбей ауырады, үрпісі қышиды, ашып тұрады. Мұндай кезеңде қыз бала кеуде тұсына ауыр соққы алмауы керек. Енді жетіліп, белсенді түрде өсіп жатқан сүт безінің жарақаты бір емес, бірнеше ауруға әкелуі мүмкін. Сондықтан қыз балаға анасы мен әжесі немесе жақын әпкелері ақыл-кеңестер беру керек. Спорттық үйірмелерге баратын қыздардың да жаттықтырушылары мұндай кезеңде оған аса ауыр жүктеме бермегені дұрыс. Екіншіден, омырауы пайда болған қыз өзін ортада дұрыс ұстай алмайды. Сүт безі біліне бастағаннан көп қыз бала ұялып, қысылып, бүкірейіп жүретін болады. Мұның барлығы да әкесінен, атасы мен ағасынан ұялғандықтан жасалатын әрекет. Осындайда тағы да анасының көмегі қажет. Кеудесін жасырам деп қыз баланың сымбаты бұзылады. Үнемі бүкірейіп жүргендіктен жас ағзаның омыртқасы да соған әдеттеніп кетеді. Егер қызға барлығын да байыппен түсіндірсе, бұл өтпелі кезеңнен оңай шығуға болады. Әдетте біз қыз балаға мұндайды түсіндіре бермейміз. «Менталитет» деген сылтаумен көп нәрседен жалтарамыз. Ал қыз баласы өз ағзасындағы өзгерісті, онымен қалай өмір сүруді үйренуі керек. Омыраудың пайда болуы ұят нәрсе емес. Бұл табиғи құбылыс. Егер қыз баланың кеудесі өсіп жатса, мамоллогтан кеңес алуды ұмытпаңыз.
Лариса Тұрғынова, ОКА дәрігер-маммологы:
— Ұзақ уақыт бойы мастопатия ауруына тек 35 пен 40 жас аралығындағы ересек әйелдер шалдығады деп есептелініп келген. Дегенмен, індет қарқынды түрде «жасарып», бүгінгі таңда, өкінішке қарай, әрбір әйелге қауіпті болып тұр. Қазір ең кең таралып отырған ауру-мастопатия. Мастопатия басталғанда белгілері бірден байқалмайды. Бұл аурудың қауіптілігі де осы. Басында әйелді ештеңе мазаламайды, сондықтан ол дәрігерге қаралмайды да. Көп жағдайда сырқаттанғандар маман көмегіне ауруы асқынып, күрделі және ұзақ ем қажет болған кезде ғана жүгінеді. Сондықтан жас қыздар да сүт бездеріндегі білінер-білінбес бөгде белгілерге мұқият болуы қажет. Әдетте омыраудың ауырлауы, етеккір алдында сыздап ауруы мастопатия белгілерінен болып саналады. Кейде қолтық астындағы лимфалық түйіндер де ұлғаюы мүмкін. Сонымен қатар, мастопатияға шалдыққанда, омырау ісіп, формасы өзгереді. Кей жағдайларда, емшекті сәл қысса, сары су бөлінуі ықтимал. Асқынған түрінде емшекті баспай-ақ, сұйықтық бөлініп тұруы мүмкін. 90 пайыз жағдайда әйел мастопатияны өзі анықтай алады. Бірақ өздігінен емделмеуі керек. Тез арада дәрігер-маммологтың кеңесін алғаны жөн.
ӘЙЕЛ АҒЗАСЫНЫҢ ПАДИШАСЫ
Әйел адамның ағзасы ерлерге қарағанда ерте дамиды, ерте өзгеріске ұшырайды. Оған нәзікжандылардың психологиясы да себепші. Сүт безі әйел психикасының қызметіне тәуелді. Егер тым ашуланшақ, уайымшыл, күйгелек болсаңыз, омырауыңыздың да дерті көбейеді. Сүт безі бала емізу мүшесі ғана емес. Ол көп нәрсеге жауапты. Ең алдымен ол гормон. Әйел ағзасының падишасы. Гормондық ауытқушылық болса тек омырауыңыз емес, ағзаның көп мүшесі зардап шегеді. Мәселен, бүйрек үсті безі, бауыр, асқазан-ішек жолдары, қалқанша безі, буындар мен орталық жүйке жүйесі қалыпты жұмысынан жаңылады. Сондықтан облыстың білікті дәрігер-маммологы Лариса Тұрғынова ең алдымен әр әйел сабырлықты үйренуі керек дейді. Жаны тыныш таппаған әйелдің емшегі сыздайды. Түйін пайда болады. Үрпісінен түрлі сұйық бөлінеді. Ал бұл белгілер сүт безіндегі белгілі бір өзгерістің орын алғандығы. Мұндайда көп уақыт созбай дәрігерге көріну керек. Кез келген күйзеліс, уайым — сүт безінің қызметіне әсер ететіндігін ұмытпау керек. Әр әйел өзін күйбең тіршіліктің шыж-быжына құрбан ете берсе, ауруға ауру қосып алады. Айта кету керек, егер сабырлылық танытып, ішкі ағзаларыңызды емдеп, жақсы көңіл күйде жүрсеңіз гормоныңыз да орнында, сүт безіңіздің аурулары да сап тиылады. Ол үшін арнайы дәрі-дәрмек те қабылдау керек. Дұрыс нұсқауды дәрігер-маммолог біледі. Өздігіңізден ем қабылдамай, маммологтан кеңес алыңыз.
(жалғасы бар)
Ақмарал АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ