Оңтүстікте көктемгі егіс басталды

362
Қазығұрттық шаруалар солярканы күтуде

Оңтүстік өңірінде көктемгі дала жұмыстары жүргізілуде. Межеленген 497 мың гектар жердің бүгінде 68 пайызы егін науқанына дайын. Биылдыққа ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 805 мың гектарды құрайды.Үкімет тарапынан облысқа бөлінген 32 мың тонна дизельді отын тауар өндірушілерге енді үлестірілмек. Көктемнің жаңбырлы болуына байланысты Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарында жаздық астық, жоңышқа, мақсары сияқты дақылдардың 3-4 пайызы ғана егілді. Ерте пісетін көкөніс — сәбіз, қырыққабат, пияз 2 жарым мың гектарға, картоп 500 гектар жер алқабына отырғызылды. Оңтүстікке жеңілдетілген бағамен берілетін 66 мың тонна тыңайтқыштың он сегіз мың тоннасы алынды.

Қазығұрттық шаруалар солярканы күтуде

Мірсейіт Ералы, Қазығұрт ауданының шаруасы: «50 гектар жеріміз бар. Бау егумен айналысамыз. Үкімет тарапынан жағармай аламыз деп үміттеніп отырмыз. Тыңайтқыш алдық. Шаруашылықтарға қазіргі қолдау жақсы. Наурыз жаңбырлы болды, биыл өнім мол болады деген сенімдеміз.»

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы мамандардың айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына техника да сақадай сай: 17 мыңнан астам трактор, 3 мыңға жуық соқа мен 2 мыңға тарта дәнсепкіш пайдаланылмақ. Шаруаларды жанармаймен қамтуды үкімет өз міндетіне алған.

Нұрбек Бадырақов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Бізге 32 мың тонна дизельді отын бөлінді. Оны тарататын оператор болып «Петросан» ЖШС бекітілді. Таяуда дизельді отын кестеге сәйкес шаруаларға  үлестіріледі.»

Ал мақталық танап 7 гектарға қысқаратын болады. Биыл ақ алтын 133 мың гектар алқапқа егіледі деп көзделіп отыр. Егістікті әртараптандыру бойынша ағымдағы жылы мал азықтық дақылдардың көлемі артық егілмек.