Оңтүстікте Наурыз мерекесін тойлау жалғасып жатыр. Сайрам ауданына қарасты Оймауыт ауылының тұрғындары да жыл басын үлкен құрмет-ықыласпен қарсы алды.
Дариға Өмірәліқызы, Оймауыт ауылының тұрғыны: «Наурыз мерекесін ауыл болып ұйымдастырып, өткізіп жатырмыз. Ата-баба жоралғыларын жаңғыртып, бесікке салу, тұсаукесерді де қолға алдық. Наурыз біздің елдімекеннің ырыс-ынтымағын асырып, бірлігімізді нығайтуда. Себебі, араздасқан адамдар болса, осы күні татуласып, кеуде қағыстырып, өткенді ұмытады ғой. Наурыздың өз ырыс-несібесін арқалап келетіні бар ғой, ендеше барша жерлестерімізге тек жақсылық тілеймін! Ел аман, жұрт тыныш болсын!»
Мектептің оқушылары ән айтып, би билеп, әз-Наурыздың ажарын аша түсті. Ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертер қойылымдар да ұсынылды көпшілік назарына. Ал ауылдың апа-әжелері бұл кезде нәрестені бесікке бөлеп, салт-дәстүрді насихаттады. Тұсаукесер той да айтулы мерекеден шет қалмады. Алтыбақан тепкен жастар қауымы халық әндерін шырқап, мерекенің мерейін асырды. Ақ түйенің қарны жарылған осынау мерекеде ауыл тұрғындары қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, топ жарар толағайларын анықтап жатты. Арқан тарту мен асық ойыны да қызу жүрді. Қазақша күреске қатысқандар арасында 7 жасар жеңімпаздар да табылды.
Пернебек Ернұр, жеңімпаз: «Қазір өз қарсыластарымды жықтым, мен бұған дейінгі додаларда да көптеген қарсыластарамды жығып, бірінші орын алғанмын. Кейін ержеткенде байрақты жарыстарда Қазақстанның туын желбіреткім келеді!»