Облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыс тұрғындарын қабылдады. Өңір басшысының жеке қабылдауында болған сайрамдық азаматтар шаруа қожалықтарындағы үлестік жер телімі мен мүліктік, пайлық үлесті алуға көмек сұрап келді.
Шымкент қаласының тұрғыны Бақытжан Әшірбаев көпқабатты тұрғын үй аулаларын көріктендіру жөніндегі жобалық ұсыныс әзірлегенін айтып, оны іске асыруға қолғабыс көрсетуді сұрады.
Сондай-ақ, шымкенттік Ержан Қалдыбаев «Тұлпар» көлі маңында салынатын этносаябақтың құрылысын жүргізуге ресейлік инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын мәлімдесе, Сарыағаш қаласының тұрғыны Райымбек Құдайбергенов өзі әзірлеген шағын және орта бизнесті ауылдар аясында дамыту жөніндегі жобасымен таныстырды.
Облыс әкімі тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелердің орындалуын өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Бұған қоса әкімдіктің тиісті басқарма, бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.