Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызын қабылдады. Аймақ басшысы еліміздің тәуелсіздік пен Елбасы саясатының арқасында саяси-экономикалық тұрғыда әлемге танылуы өз алдына, мәдениетіміз бен спортымыз арқылы да Қазақстанды барша жұрт жақсы біледі деп атап өтті.
«Әлемдік деңгейде опера жанрында ән шырқап, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген сіз сияқты өнерпаздармыз барына қуаныштымыз» деген облыс әкімі әншіні Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен құттықтап, алғыс хат пен автокөліктің кілтін ұстатты.
Өз кезегінде Мара Мұхамедқызы да алғысын білдіріп, Қазақстан сахнасында жүргеніне 20 жыл толуына орай республика бойынша концерт беруді қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан облысынан бастағанды жөн көргенін айтты. Қытай елінен 1994 жылы Қазақстанға келген Майра Мұхамедқызы 20 жылда талай әлемдік деңгейдегі опера сахналарында өнер көрсетіп, еліміздің атын шығарып келеді. Осы орайда айта кететін мәселе, Майра Мұхамедқызының Наурыз мерекесіне орайластырған шығармашылық концерті наурыздың 22-і күні Шымкент қаласында Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрда өтеді.
Дереккөз: ОҚО әкімдігі аппаратының баспасөз қызметі