Шаһарда қант пен ұн қат. Сатушылар аталған өнімді тұтынушыларға белгілі мөлшермен ғана сатып жатыр. Ал өткен сенбіде ұйымдастырылған жәрмеңкеде, тіпті, сатылмады да. Оған қоса арзан ұн аламын деген шаһар тұрғындарының да үміті ақталмады.
Шымкенттегі азық-түлік жәрмеңкесінде әдеттегідей дүрбелең. Қант сатып алу үшін қала тұрғындары тfңсәріден кезекте тұр. Тұрақтандыру қоры арқылы саудаға қойылған құмшекердің келісін халық 138 теңгеден сатып алды. Бірақ бір қолға 10 келіден артық берілмеді.
Орынбасар Әмірбеков, сатушы: «Бұрын бір қап қантты үш сатып алушыға бөліп сататын едік. Бірақ алыпсатарлар көбейіп кетті. Сондықтан құмшекердің мөлшерін шектеуге мәжбүр болып отырмыз. Әр адамға 5-10 келіден аспайтын салмақта қант сатып жатырмыз.»
Қаладағы қант тапшылығы күннен күнге сезіліп жатқаны рас. Екі апта бұрын сатушылар бір қап шекерді екі тұтынушыға бөліп сатып жатқан еді. Ал 8-Наурыз кезінде тәтті өнім мүлдем сатылымға шықпай қойды. Енді, міне, қант шектеулі мөлшерде сатылып жатыр. Бұл шектеу шымкенттіктерді қуанта қойған жоқ.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=6zLSlCTGjpg[/youtube]
Айгүл Сағатова, қала тұрғыны: «Менің отбасымда 9 адам бар. Екі қап шекер сатып алғым келген. Ал мұнда қантты әр адамға мөлшерлеп беріп жатыр. Сонда қалай, бұл жерден көп көлемде құмшекер алу үшін үйдегі барлық адамдарды алып келуім керек пе?!»
Қала жұртының шамына тиген тағы бір нәрсе — І сұрыптағы ұнның да жәрмеңкеден жоғалып бара жатқаны. Сатушылар мұны Атамекен корпорациясының өнімді бермей қоюымен түсіндіреді. Ал көк қағаздың құны көкке ұшқан кезде биліктегілер ең қажетті деген өнім түрлері бір жылға дейін жетеді деп еді.
Ұн тапшылығын корпорация басшылығы телефон арқылы қазір барлық ұнның наубайханаларға жеткізіліп жатқанымен түсіндірді. Содан соң ғана әлеуметтік сауда орындары қажетті өніммен қамтылмақ.