Шымкентте мүгедектерді жұмыспен қамту межеден артығымен орындалған

Шымкентте мүгедектерді жұмыспен қамту межеден артығымен орындалған. Бұл туралы қаланың құзырлы қызметі мәлім етті. Жылқы жылында мүмкіндігі шектеулі 110 адамды жұмысқа орналастыруы тиіс мекеме бас-аяғы екі жарым айдың ішінде 500-дей азаматтың «екі қолына бір күрек ұстатқан». Орталық мамандарының сөзінше, шаһар бойынша жұмыс істеуге қабілетті әлі де мүмкіндігі шектеулі 4 500 мың азамат бар екен.

Оксана Фокина

«ЛТД Тұрмыс» мекемесіне табель толтырушы болып жұмысқа орналасқан Оксана Фокина өз жұмысын асқан сүйіспеншілікпен атқарып жүр. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі бойжеткен бұл жерде қызмет етемін деп әсте ойламаған. Балалар үйінің түлегі пәтер кезегіне тұру үшін құжат дайындап жүргенде жұмыспен қамту орталығының мамандары оған жұмыс ұсынып, таң қалдырыпты.

Оксана Фокина

Оксана Фокина, І топтағы мүгедек: «Маған жұмыспен қамту орталығының мамандары «Сені жұмысқа қабылдаймыз» деді. Мен таңқалып, «Мен ба?» дедім. «Иә» деді. «Дипломың бар ма, мамандығың қандай?» деді. Мен «Бухгалтермін» дедім. Олар «Болды, әзірге көмекші болып, жұмыс істей тұр. Содан соң ары қарай көреміз» деді. Мен қуанып, достарыма хабарластым. Өйткені, мұндай тосынсыйды күтпеген едім.»

Оксана Фокина

Жалпы, облыс бойынша 86 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүрсе, соның 22 мыңы Шымкентте тұрады. Ал оның 5 мыңға жуығы жұмыс істеуге қабілетті. Осындай жандар үшін жақында ғана өткен жәрмеңке де оң нәтижесін берді дейді мамандар. Бес жүзге жуық мүгедек осы іс-шара барысында ыңғайы келген іс бойынша жұмысқа орналасыпты.

Жадыра Дәуренбеков, жұмыспен қамту орталығы әкімшілік бөлімінің басшысы: «Сол жәрмеңкеге жалпы 1500 мүгедек қатысса, соның 437-сін біз бүгінгі таңда жұмыспен қамтып үлгердік. Соның ішінде тұрақты жұмысқа 168 азаматты жібердік. 48 азаматты әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіп отырмыз. 32 жас түлек «Жастар практикасына» қабылданды. Кәсіби оқытуға, біліктілікті арттыруға, қайта даярлауға 36 мүмкіндігі шектеулі азамат ниет білдіріп отыр.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=mFsOTt8BhMs[/youtube]

Айта өткен жөн, мүгедектерді жұмыспен қамтуда жұмыс берушіге ешқандай да жеңілдік жасалмайды. Ол кәсіпкердің азаматтық борышы болып есептеледі. Тек жарымжан азамат жұмыс істеген бір жыл ішінде оған төленетін жалақының 35 пайызын жұмыспен қамту орталығы төлейді. Мамандардың айтуынша, әзірге мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа тарту ісі жақсы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін осындай азаматтардың тағы да 1,5 мыңы жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ.