Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтында Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат мектебі ашылды. Осы ретте 14 жасар шахмат ханшайымы Шымкентке арнайы келіп, мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтының базасында ашылған шахмат мектебі болашақ гроссмейстерлерді дайындайды деген үміт те жоқ емес. Мектепте шахматқа қабілеті бар кез келген азамат дәріс ала алады. Зайырлы ойынның қыр-сырын меңгергісі келгендерге қазақстандық, шетелдік бапкерлермен қатар Жансая Әбдімәліктің өзі дәріс бермек.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=t93GUqSdZxc[/youtube]
Айта кетейік, Жансая қыздар арасында Қазақстанның абсолютті чемпионы, Азия және әртүрлі жарыстарда бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып үлгерді. 2013 жылы шахматтан жастар арасындағы чемпионатта екінші орынға ие болған. Сондай-ақ, Жансая өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік 100 шахматшы қыздың қатарына қосылды.
Айта кетейік, мектепте бір мезетте 24 жұп, яғни, 48 адам шахмат ойнай алады. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ұйымдастырушылар шахмат дәрісі ақылы болатынын да жасырмайды. Ал дәрістен түскен қаржы қайырымдылық шараларына жұмсалмақ.